Бақытжан Кененұлы

Әзірбаев Бақытжан Кененұлы

(қысқаша мағлұмат)

Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер, аудармашы, сазгер Бақытжан Кененұлы Әзірбаев 1945 жылы 4 шілдеде Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Иірсу мекен-жайында туған. 1963 жылы Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебін бітірген соң өзінің еңбек жолын туған ауылында қарапайым колхозшы ретінде бастады.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (1965-1969 ж.) бітірген. Бақытжан Кененұлының бұдан кейінгі өмір жолы баспа-полиграфиялық, аудармашылық саламен тығыз байланысты болды. Арнайы мамандар әзірлейтін оқу орындарына (техникум, училищелерге) арналған оқу құралдарын қазақ тіліне аударды. Тәжірибесі мол редактор ретінде көптеген ғылыми, саяси, әлеуметтік мәні бар туындылардың басылып шығуына ат салысты.

Халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың өлең-жырларын, әндерін насихаттап, жұртшылыққа кең тарауына талмай қызмет етіп жүрген қарымды қаламгер. М.Әуезов, С.Мұқанов, О.Жандосов жайлы, Ләтипа, Әлмен, Бопина секілді қазақтың ақын қыздары туралы жазған туындылары көптің көңілінен шыққан дүниелер.

Бақытжан Кененұлының «Әке рухымен сырласу» (2005 ж.), «Кенен» (2011 ж.) атты роман-естеліктерін оқырмандар жылы қабылдады. Бақытжан Кененұлы 30-ға жуық әннің авторы. 2004 жылы «Көңіл кептері» атты әндер жинағы шықты. 2011 жылы оның авторлық етуімен Кенен атамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған «Алатаудың ақиығы» деректі фильмі жарық көрді. Фильмнің тұсау кесері Астана, Алматы, Павлодар, Көкшетау, Қызылжар қалаларында және ақынның туған жері Қордайда өткізілді. Ал 2017 жылы Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында шығарған «Ел бесігі – Есілім!» әні жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятатын туынды. Осы жылы Елбасы-Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына арналған «Асыл аға» әнінің тұсауы кесілді. Бұл әнге бейнебаян түсіріліп, үлкен сахналарда орындалып жүр.

Бақытжан Кененұлы баспа-полиграфия саласының үздік маманы. Ол көп жылдар «Қазақстан», «Қайнар», «Жалын» баспаларында редактор, аға редакторлық қызметін атқарды.

Қазақстан театр қайраткерлері одағында «Сахна» басылымының редакторы, Әділет министрлігінде аударма бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. 1998 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін (2008 ж.) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының редакциялық баспа бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарды.

Бақытжан Кененұлы «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Парламентіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен және басқа да құрмет грамоталарымен марапатталған.

 

Бақытжан Кененұлының Авторлық әндері

Бақытжан Кененұлының жазған кітаптары