Ұлықтар у жыландай елді шақты,

Талайды дарға асып, көзімше атты.

«Өлер бала молаға қашады» деп,

Ақырында ел соның өзін шапты.

Қызыл ер талқандады алтын тақты,

Езілген еңбекші елге нұр таң атты.

Ленин бастап, большевик батыр шығып,

Жалпақ елге жалынды жыр таратты.

Жақсылық бірте-бірте жақындады,

Шақырып Алматыға ақындарды,

Жандосов, Бәрібаев – жас жігіттер

Қарсы алып, сөзімізді мақұлдады.

Еркіндік енді жырға тұлға деді,

Қызыл Ту, Орақ-Балға – туған елім.

«Ауыз аққа, ау атқа» еркін жетіп,

Көңілі кедейлердің тынған еді.

Жамбыл бар, баяғы ақын бәрі келді,

Көктем бейне көгертті сары белді;

Бұрынғы ұлықтар жоқ, Жаңа басшы,

Жайдары жас жігіттер бәрі де енді.

Біз жаттық үй тіктіріп бақ астында,

Ақынның сонда білдік бағасын да.

Таспенен атқылайтын бұзықтар жоқ,

Жайладық өзен, бұлақ жағасын да.

Ағайын жұрттың бәрі, кішіпейіл,

Жүзінде көрінбейді ешбір зейіл.

Ақындар құрмет көріп жата бердік,

Тамаша күні-түні құрып сейіл.

Ол кезде бір аталған қазақ, қырғыз,

Қозыдай жамырасып бірге жүрміз.

Жиналыс неше күндей болады деп,

Құлақты жақсылыққа түріп тұрмыз.

Ашылып ақырында күткен жиын,

Отырдық тамашалап бақыт үйін.

Тезірек кезегімді берсе екен деп,

Шабыты ақындардың ала-құйын.

Жас жігіт көпке қарай жүре келді,

Жымиып миығынан күле келді.

Жай бастап, бірте-бірте қыза сөйлеп,

Жүйріктей көсілді де, жүре берді.

Еріксіз еріп-балқып бар денеміз,

Лүпілдеп алып-ұшты жүрек енді.

Шекелі, өткір көзді, жауырынды,

Батпандап көтерердей ауырыңды.

Жас жігіт беделімен, сөзімен де

Барады елжіретіп бауырымды.

Әуелі түсіндірді большевикті,

Қүттықтап, қол ұрғызды барша көпті.

Баршаға жарық сәуле Ленин деді,

Ленинді күн деп білдік сол себепті.

Қысқартып айтып тұрмын жалықтырмай:

Қаша ма қараңғылық, жарық тұрмай?!

Жамбылға ондай сырды қойған емес,

Өзінің зерек, білгір жаны ұқтырмай.

Сөйледі Жәкең қырғыз, казағына,

Көп бидің көнбедім деп мазағына…

«Тойында ақ патшаның тарттым жаза,

Жазықсыз статья – «күнә», жаза».

Жамбыл және сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

«Жетіл, Жамбыл, жетіл деп,

Ет жүрегім елпілдеп,

Көмекейім бүлкілдеп,

Енді қартың сөйлейді

Ескен желдей еркіндеп.

Қырғыз, қазақ еліне

Түгел барып, төркіндеп,

Кең Ресей жеріне

Кете берем біртіндеп…

Осылай ұзақ жырды бастап еді,

Біздерге сөз аяғын тастап еді.

Сол жиын неше күндей жыр толғатып,

Алатау биігінен асқан еді.

Қайтарда қағаз алып елімізге,

Қол қойып, совет мөрін басқан еді.

Ел-жұртқа білген сөзді біз айтқанда,

Ленин деп ел сауатын ашқан еді.

Шу, Қастек, Балқаш бойлап, Іле келіп,

Халықтың жырға қостық тілегенін,

Шау тартып калған шығар деп жүр едім,

Жамбылдың сонда көрдім түлегенін.

Айтыста топтан мойны озып айтты,

Жырларын бір жетіге созып айтты,

Өтеген, Сұраншыны дастан қылып,

Халқының қаһармандық сөзін айтты.

Зар-мұңнан азат болған заманада

Кайнардың жаңа ашылған көзін айтты.

Қынаптан ақ қылыштай суырылған

Ақынның өткір сөзді өзін айтты.

Патшаның жеті атасын жерге тығып

Елдегі бай, молданы езіп айтты.

Сабалап жалғыз атты, сарша-тамыз

Кезінде жер-дүниені кезіп айтты.