ҚАДІРЛЕГЕН ХАЛҚЫМА

(терме)

Қадірлеген халқыма

Еркелеген қонақпын.

Қара сөзге олақпын;

Ән мен жырға мол-ақпын.

Ұрпақтарым үйренсін,

Елге бәрін таратты,

Көлеңкеме қорғайтын,

Жапырақты дарақпын.

Ұлытауда ұлармын,

Саялайтын шынармын,

Өлгенімше Отанды,

Жырлағанға құмармын.

Халқым тұрса қамалап

Қайтып айтпай тұрамын.

Қашан демім тоқтаса,

Қызыл тілім тынарсың.

Жетпіс жеті жасым бар,

Қар жатқандай басым бар,

Қар жатпаса мұз жатсын,

Қажымаған даусым бар.

Қартайтпаған халқым бар.

Жүрегімде алтын бар.

Исі жұпар жерім бар,

Көптің малы қаптаған,

Алатау арқа белім бар.

Пейілі кең, мейман дос,

Қазақстан елім бар.

Айтып болмас ауызбен,

Әр алуан кенім бар,

Туған жерім – тұғырым,

Шөбі дәрі, суы бал,

Арқасында халықтың

Шат-шадыман көңілім бар.

1960