Төрткен Кененқызы

Төрткен Кененқызы

(Өмірбаяны)

Төрткен Кененқызы 1936 жылы Жамбыл облысы, Красногор ауданы (қазіргі Қордай ауданы) Отар станциясында туған. Әкесі Кенен Әзірбаев халық ақыны, сазгер, әнші. Анасы Насиха жұмыс істемеген көп балалы ана. 1943-1953 жылдар аралығында алғаш Отар станциясында жеті жылдық №29 мектепте, одан соң Алматы қаласы №12 қазақ мектебінде оқып, орта білім алған. Ол кезде бұл мектепте тек қазақ қыздары оқитын. Төрткен Лузгина Зинаида Михайловна, Әлия Дүйсенова, Нуртазина Рафика Бикеновна сияқты ұстаздардан білім алған. 1955-1960 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогика институтында оқыған. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Тұрмысқа шығып, алғашқы еңбек жолын Жоламан станциясында №274 мектепте (Талдықорған облысы Гвардия ауданында) аға пионервожатыйлықтан бастаған.
1962-1964 жылдар аралығында жолдасы Байділденов Тасығанның қызметіне байланысты Текелі қаласына көшіп келіп, осы қаланың №4 мектебіне бастауыш сыныптарға қазақ тілінен сабақ берген.
1965-1974 жылдары жолдасының Алматыға қызметке ауысуына байланысты, қазіргі Ұлттық кітапханада библиограф, кейіннен аға библиограф болып еңбек еткен.
1974 жылы жолдасының жұмысына байланысты Іле ауданының сол кездегі аудан орталығы Қапшағай қаласына көшіп келген. Алғаш профтехучилищеде тәрбиеші болып 4 ай еңбек еткен. Осы жылдың аяғында Іле ауданының орталығы өзгеріп, Энергетик (қазіргі Өтеген батыр кенті) елді мекеніне көшіп келген. Осы жерде Төрткен Кененқызы зейнеткерлікке шыққанша халық ағарту бөлімінде қазақ тілі мен әдебиетінің методисі, инспекторы болып, онан соң әдістеме (методика) бөлімін басқарған.
1979-1987 жылдар аралығында Іле аудандық мұғалімдер кәсіподағының басышылығына сайланған. Зейнетке кетер алдында кадр бөліміне ауысқан. 30 жылдан астам халық ағартуда істеген еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1981 жылы «СССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», 1985 жылы «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген белгілерімен марапатталған – Еңбек ардагері.
Төрт бала – екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Бұл күнде олардан он екі немере сүйіп, он бес шөбере өсіріп жатқан аяулы әже. Өмірбаянындағы ендігі бір елеулі жәйді айта кеткен жөн сияқты. Дарынды отбасында өскен Төрткен Кененқызы өнерді мейілінше сүйді, өнерліні қатты құрметтейді. Мектеп жасына дейін әкесімен бірге ауыл еңбекшілерін аралап, малшылардың, қырықтықшылардың, шөпшілердің, егін басындағылардың алдында ән айтып, тақпақ айтып өскен Төрткен Кененқызы мектепке барған соң да көркемөнер үйірмелерінің белсенді мүшесі болған. Кейінде халық ағарту саласында еңбек ете жүріп, көркемөнерден еш уақытта қол үзбеген ұстаз. Қайда жүрсе де, нендей қызмет атқарса да еңбекшілер, әсіресе оқушылар мен оқытушылар арасынан өнерге жақындарын ұйымдастырып, ансамбль құрып ел арасына концерттермен шығып, жастан алғыс, үлкендерден бата алған кездері аз болмаған. Бұл салада да еңбегі үнемі ескеріліп, марапатталып отырған. Аудан, облыс, республика тіпті Одақ көлемінде алған мақтаулары, дипломдары, алғыстарының өзі бір төбе. Солардың ішіндегі ең негізгісі Қазақстан жастарының тұңғыш фестивалінің дипломанты – 1957 жылы, Бүкілодақтық көркемөнерпаздар шығармашылығының лауреаты – 1985 жылы, «Тұлпар» сыйлығының лауреаты – 1995 жылы атанды.
Зейнетке шыққаннан кейін де Төрткен Кененқызы еңбектен де, қоғамдық жұмыстардан да қол үзбей келеді. Егемендік алған жылдар ішінде бұл кісі араласпаған ауданымызда бірде-бір іс-шара болған жоқ десе де болғандай. Аудан орталығы «Энергетический» деп аталынушы еді, оның «Өтеген батыр кенті» аталануына да, осы орталықта ашылған «Мұқағали Мақатаев» атындағы қазақ орта мектебінің және «Қуат» қазақ балабақшасының ашылуларына да, ауданымыздағы Наурыз сияқты көптеген мерекелердің өз дәрежесінде өтуіне, тағы да толып жатқан істерге атсалысып жүргені. Сондықтан да аудан еңбеккерлері оны аудан мәслихатының депутаты етіп сайлады. Ал 2001 жылы Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай «Іле ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Міне, он бесінше жылға аяқ басты аудан орталығында үлкен құрметке ие болып жүрген зейнеткерлерден құралған «Ардагерлер» ансамблінің алғашқы ұйымдастырушысы да осы Төрткен Кененқызы. Бұл ансамбль қазір «Халық ансамблі» атағын жеңіп алды. Төрткен Кененқызы ел-жұрт, жалпы халық «Асылдың сынығы, әке өнерінің мұрагері» деп те бағалайды, құрметтейді. Десе дегендей-ақ. Біз Төрткенді өзінің ата-ана алдындағы перзенттік парызын адал атқарып жүрген, Кенен атаның маңдайына біткен жұлдызы да, құндызы деп есептейміз. Өзінің қызметімен қоса отабсы, ошақ қасы, бала-шаға, жанұя тірлігімен қоса, әке шығармашылығын бірге дамытып келе жатқан Төрткен Кененқызының тірлігі көпке үлгі болуға тиіс. Бұл туралы газет, журналдарда да жазылған материалдар аз емес. Хат танығаннан әке шығармаларын (ол кісі тек арабша жазған) орыс әріппен жазып отырған. Бүкіл әндерін автордың өз аузынан үйреніп қалған. Бірте-бірте әндерін сахна, радио, теледидар арқылы орындап халыққа жеткізген, шығармалардың баспасөз беттерінде жариялануына үнемі атсалысып келеді.
1976 жылы әкесінен үйренген 90 әнді нотаға түсіртіп, «Бозторғай» деген атпен жинақ етіп шығартқан.
1984 жылы ақын еңбектерінің екі томдық таңдамаларының шығуына редакция алқасына еніп, көп еңбек еткен.
1998 жылы «Жалын» баспасынан «Кенен» деген атпен естелік-эссе жазып жеке кітап шығартты. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан алғашқы «Кенен» деген еңбегін толықтырып «Кенен ата» деген атпен қайта шығартқан.
2000 жылы әкесі жайында жазылған естеліктер жинағын құрастырып, «Екі Кенен тумайды» деген атпен «Шартарап» баспасынан шығартқан.
2000 жылы әлі де халыққа жетпей, әрі ертеректе саясатқа сыймаған көптеген еңбектерін жинап, «Елорда» баспасынан «Аңыздар сыры» кітабын жариялатты. Әрі осы жылы әкесінің өз үнімен орындаған әндері «Алатау аясында» деген атпен және өзінің орындауында әкесінің әндерін «Ой жайлау», «Мен сүйемін халқымды» деген аттармен аудиокассеталар шығартты. Өзі тұрған Іле ауданының Боралдай елді мекеніндегі №15 мектебінің, сол мектеп тұрған көшенің Кенен Әзірбаев есімімен аталуына, мектепке ақын шығармашылығына арналған мұражайдың ашылуына да аянбай атсалысқан, ұсыныс жасап, көптеген материал беріп, басы-қасында болған да осы Төрткен. Төрткен Кененқызы 1999-2009 жылдар аралығында Алматы қаласындағы эстрада-цирк колледжінің «Халық бөлімінде» Кенен Әзірбаев әндерінен сабақ беріп, сазгердің айтылмай кеткен әндерін жарыққа шығарды. 2000 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет Министрі мен Жамбыл облысының әкімі екі жылда бір рет Кенен Әзірбаевтың музыкалық шығармашылығына арналған «Шырқа, дауысым» атты республикалық конкурс өткізіп тұруға шешім қабылдады. Содан бері 2001, 2003, 2005, 2007, 2009, 2011, 2013, 2015 жылдары Тараз қаласында бұл сайыс өткізіліп келеді. Бұл байқаудың өтуін ұсынып, жазып, барып жүрген де Төрткен. Ең маңыздысы осы байқаулардың бәріне Төрткен өзі қатысып, оның оқытқан шәкірттері Кенен әндерін орындауда ерекше көзге түсіп абыроймен оралуында. Осындай еңбектері үшін Төрткен Кененқызы 2004 жылы Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайрайткері» құрмет белгісімен марпатталды. ҚР білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезіне Алматы облысынан делегат болып қатысты. Осы жылдың 12 қазан айында «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», 20 жыл мерекелік медалімен, 2012 жылы «Егеменді Қазақстанға 20 жыл», 2015 жылы мәслихаттың 20 жылдығы және Жеңістің 70 жылдығы медальдармен марапатталды.
2009 жылы Кенен Әзірбаевтің туғанына 125 жыл толған мерейтойы Республика көлемінде аталып өтті. Осыған орай Мәдениет Министрлігінің қолдауымен 5 томдық толық жинақтар суретті альбомы жарияланды. Осы шығармаларды даярлауда да Төрткен Кененқызы аянбай еңбек етті. Бұған қоса Төрткен «Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім», «Әнім қалсын» деген аттармен сазгер әндерінің дискілерін шығарып таратты. Алматы облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетовтің қолдауымен «Бұлбұл еді, дүлдүл еді Кенекем» деген атпен, 2000 жылы жарияланған «Екі Кенен тумайды» деген Кенен жайында жазылған естеліктер жинағын толықтырып қайта жариялатты. Жасының келіп қалғанына қарамастан, Төрткен Кененқызы 2006-2013 жылдар аралығында аудандық ардагерлер Қоғамының төрайымы болып еңбек етті. Аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі. Үнемі мақала, әңгімелері жарияланып тұрады. Ұзақ жылдар аудандық ономастика комитетінің мүшесі болды. Бұл кісіге деген халықтың, аудан, облыс басшыларының алғыстары, марапаттары жеткілікті. Жалпы, Төрткен Кененқызы елге танымал, қоғам қайраткері.
Райхан Оспанова
Еңбек ардагері, ұстаз.

 

Төрткен Кененқызының орындауындағы әндер

Төрткен Кененқызының жазған кітаптары