АҚЫЛ – НАҚЫЛ

 

Ақынға қара сөзден өлең оңай,

Балыққа саяз судан терең оңай.

Шешендер сөйлегенде жанды ерітіп,

 Көңіліңнің құсын ұстап береді оңай.

Құстарға жорғалаудан ұшқан оңай,

Серіге сұлуларды құшпақ оңай.

Күш қосып бірлескен ел бел алады,

Ынтымақ кімде болса дұшпан оңай.

Күйшіге ән-жырдан да перне оңай,

Зергерге неше түрлі өрнек оңай.

Жорғаға тайпалмайтын тас жол керек,

 Жүйрікке аяңдаудан желген оңай.

Ұстаға төстеп ұрған балға да оңай,

Үйшіге талмай ұрған балта да оңай.

Әр кімге өзі үйренген кәсібі оңай,

Шаруаға егін айдау малдан оңай.

Жауызға зорлық пенен ұрлық оңай,

Өтірік, өсек-аяң, қулық оңай.

Әділет, адалдықпен жұмысы жоқ.

Шындықтан тез үйренер сұмдық оңай.

* * *

Жыланның жүрген жері у болады,

Түлкіден кейбір адам қу болады,

Тапқандар тегін олжа еңбек етпей,

Көңілі көтеріңкі бу болады.

Адамдар бір заводтан шыққан шәйнек,

 Сырты бір, ішін ашпай қайдан көрмек,

Сорғалап шүмегінен құйылғанда,

Тәтті ме, ащы ма, жұрт сонда білмек.

Адамның әділ жолы – ардақтысы,

Сабырлы, терең ойлы салмақтысы.

Қадірлеп сол адамды халық сүйед,

Зияны тимеген соң үлкен-кіші.

Кейбіреу көтереді өзін-өзі,

Көктен үлгі алғандай әр мінезі.

Ежелден сыншы халық бағалайды,

Көпшілік текке қалмас айтқан сөзі

Еңбектің ел түсінді қасиетін,

Үлгі қып Партияның өсиетін.

«Алтыннан астық қымбат» деген халық,

Дұшпандар өзі келіп бас иетін.

Кейбіреу оспадарсыз өр көкірек,

Биікке шығамын деп бос секірер.

Баз адам қара жүрек, қара ниет,

Қайдағы шаргейдікті көңілі сүйер.

Басының бадырайған мінін білмей,

Біреудің кемшілдігін қайдан білер?

Жалқаулар, жұмысқа шық арың болса,

Қоғамнан аямаңдар барың болса.

Ер-әйел, бірің қалмай жұмылыңдар,

Бетіңде ұялатын қаның болса.

Ұясы ұшқан құстың ін болмайды,

Өтірік өрге баспас, шын болмайды.

Көркі бар көз тартатын кейбір сұлу,

Ар-ұят адамдықтан дым болмайды.

Адам бол, жігерлі бол қырық бұраудай,

Мінезің жұмсақ болсын май сылаудай.

Желдетпей, дауылдатпай, жаңбырлатпай,

Қал майда мінезіңнен бір күн аумай.

Болады кейбіреулер көз қаранды,

Ұғымсыз, мағынасыз сөз қаранды.

Үйретсең жаман әдет жастайынан,

Өскенде тия алмайсың өз балаңды.

Бірден сен бола алмайсың үлкен кісі,

Жігіттің елге жағар икемдісі.

Секілді қотыр ешкі кейбір бұзық

Кеп тұрад көрінгенге сүйкенгісі.

Кей адам ақ көңілді, ала көйлек,

 Қалдырмас адам көңілін ашық сөйлеп,

Сырласып, сырын айтқан жолдасынан

Тартады бармақ тістеп өзі бейнет.

Кей адам алдап жұртты түлкі боп жүр.

 Аңдығаны қоғамның мүлкі боп жүр.

Суық қол сұғамын деп арам тамақ,

Қақпанға түсіп ақыр күлкі боп жүр.

Қарайды қара тұлпар шекесінен,

Жол табар адасқанда төтесінен.

Қас батыр дұшпанына жалынбайды,

 Болаттай шарт кетеді жетесінен.

Сөйлесе білімді адам балдай татыр,

Сөз шықпас білімсізден таңдай татыр.

Жақтаған жақсы адамды үлгі етеді

Жаманнан түсер басқа заман ақыр.

Өз елің өлсең жылар, күндеп өтер,

Қайын-жұртың қалжыңдап мінеп өтер.

Нағашың сыйлайды да, сынайды да,

Жақсы болсаң түп жұртың іздеп жетер.

Саудагер сау қалмайды, санын соқпай,

Төсекте жата алмайды пайда таппай.

Ардақты, адал еңбек абыройлы,

Арамдық текке кетпес арандатпай.

Болады мал аласы сырт жағында,

Жүреді күшіген құс жұрт жағында.

Қулар мен алаяқтың сыры мәлім,

Аласы көрінбейді, ұрт жағында.

Кей адам ешбір тоймас, құйсаң толмас,

Қақпанға ондай адам түспей қоймас.

Әділ жұрт ғасыр бойы сынап келген,

Жақсының ел сыйлаған атын жоймас.

1953-1973