АЛАТАУ

Алатау, туып өстім алабыңда,

Жетісу желі жұпар самалында,

Атанып әнші-ақын еркеледім,

Сауықшыл қырғызы мен қазағына.

Аспанмен тайталасқан Алатауым,

Баурыңда жайнап жатыр колхозды аулым.

Сәулетті астанам тұр Алматыдай,

Желпінтіп, желпілдетіп бақ пен бауын.

Жетісу жері де бай, елі де бай.

Жемісі қырық түрлі кені де бай.

Алыстан асқарыңа көз жіберсем,

Арманым басылмайды ән шырқамай.

1929—1947