БАЗАР, НАЗАР

 

Ақ ешкі, зарланасың лағыңа,

Сүт берген емшегіңнен шырағыңа,

Қосылып, кел, екеуміз бір жылалық,

«Тәңірінің» жетер ме екен құлағына.

Туғаның сорлы ақ ешкі егіз лақ,

Біреуі өлгенінің салпаң құлақ.

Бишара көп зарламай отыңды отта,

Бізге де болып қалар бірер тұяқ.

Жолымен Мәтібұлақ ел көшеді,

Ұрысса екі ағайын «сен» деседі.

Баласы ер жігіттің өле берсе,

Шырағы жанып тұрған демде өшеді.

Жолымен Мәтібұлақ ел өтеді,

Шапаннан жалаң қабат жел өтеді.

Баланың керектігін мен айтайын:

Біреудің «қу бас» десе тілі өтеді.

Адамға бала деген балдай екен,

Сөйлесе тәттілігі жалдай екен.

Даладан арып-ашып келгеніңде,

Асылып мойыныңа алдайды екен…

Базар мен, сағындым-ау, Назарым-ай,

Тарқады от басында базарым-ай!

Күйініп өкпе-бауырым елжірейді,

Болмайды баласыз үй ажарың-ай!

Байқасаң қойлар қандай, қозы қандай,

Базардың жаутаңдаған көзі қандай.

Ұл болмас ұрыспайтын ағайында,

Солардың қу бас дейтін сөзі қандай.

Байқасаң ешкі қандай, лақ қандай,

Тезекті лақ ойнап құлатқандай,

Жазықсыз еш адамға жүруші едім,

Не жаздым мен құдайға жылатқандай!

Әлеумет түйе қандай, тайлақ қандай,

Түйе де тайлақайын ойнатқандай.

Баланы беріп тұрып қайта алатын,

Не жаздым мен құдайға зарлатқандай!..

Тай қандай, құлын   қандай, дөнен қандай,

Шерленіп іште жатқан шемен қандай!

Ұл бомас ұрыспайтын ағайында,

Балаң жоқ мұңдар қу бас деген қандай!

Болмайды көштің көркі түйесі жоқ,

Сөз жаман таппай айтқан жүйесі жоқ.

Баламды бірте-бірте ала бердің,

Қала ма домбыпамның иесі жоқ.

Жолаушы ат шалдырар жол қасында,

Бұзықтың ел тұрмайды қол астында.

Әншейін талып қалып көмді ме деп,

Баламның үш барыппын моласына.

Басыңа ұстайтұғын шатыр қалды,

Бәсіре мінетұғын атың қалды.

Заң еңіреп шешелерің үйде жылап,

Төбеде әкең байғұс отырғаны.

1928