Ақын жайлы ой-түйін

АҚЫН ЖАЙЛЫ ОЙ-ТҮЙІН

(мұражай мұрағатынан)

«Жамбылым, ақын екен жаннан асқан,

Әр сөзі Сүйінбайша жатыр астам.

Інісі Мұхтар, Сәбит, Кенен ақын,

Қартына қайрат беріп, ақыл қосқан».

Байымбет Абдрахманұлы

(Тоғолоқ Молда)

(қырғыздың ұлы демократ ақыны)

«Кенен, Кенен деп жүр ғой елдің бәрі,

Жақсы көріп кетіпті жас пен кәрі.

Төрт аяғы тең жорға өлеңінің,

Құлағымнан кетпейді салған әні».

Жамбыл Жабаев

ұлы жырау

«Кенен Әзірбаев – өмірде де, өнерде де қайталана бермейтін ерекше құбылыс».

Дінмұхамед Қонаев

мемлекет қайраткері

«Кенен атаның арманы ел ырзығы, халықтың бірлігі, ұрпақтың баянды болашағы болды. Осы әруақ бізді қолдасын. Егемендігіміз, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын».

Нұрсұлтан Назарбаев

Елбасы, Тұңғыш президент

«Совет оқушылары Кенен Әзірбаевтың есімін халық әдебиетінің аса ұлы алыптары Сүлеймен Стальскиймен, Жамбыл Жабаевпен қатар атайды. Кененді бүгінгі Жамбыл, екінші Жамбыл деп біледі».

Георгий Марков

орыс жазушысы

«Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ғұлама жырау, әрі әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шет жұртқа жеткізген талантыңызға дән ризамын».

Мұхтар Әуезов

жазушы

«Кенен көнеден келе жатқан сал-серілер дәстүрін жалғастырушы, сол ұлы көштің соңғы тұяғы».

Ғабит Мүсірепов

жазушы

«Балуан ұзаған сайын ән биіктей берді. Жетісуда қалып бара жатқан Кенен, оған өз бейнесі сияқтанып кетті…елде өз көзіндей көретін мұрагері қалуы оның қуанышын теңіздей тасқындатты. Кеудесіне симаған бұл тасқын Балуан Шолақтың көзінен жас боп сорғалады…» (повестен үзінді)

Сәбит Мұқанов

жазушы

«Сіз, Кенен ата, қазақ-қырғызға тең ортақ ұлы адамсыз. Сіздің тойыңыз – біздің тойымыз. Сіздің мерекеңіз – біздің мерекеміз. Қырғыз елі Сізді өзінің ең таңдаулы ұлдары, өзіңізбен замандас, үзеңгілес, дәмдес болған, Жетісудағы қырғыз-қазақ жерін бірге араласқан, атағы жер жарған Осмонқұл, Алымқұл, Атай, Халық және басқа да бұлбұлдай сайраған ақындарындай көреді, солардай ардақ тұтып, Сізді өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есептейді».

Шыңғыс Айтматов

жазушы

«Еще юношей Кенен Азербаев в совершенстве овладел лучшими традициями народной казахской поэзии, стал соратником великого Жамбула, а затем его продолжателем. Поэзия Кенена Азербаева – своего рода поэтическая летопись казахского народа».

Олжас Сүлейменов

поэт

«Кенен қазіргі заманмен үндес, өйткені оның творчествосы біздің дәуіріміздің жемісі, біздің заманымызбен барынша тығыз байланысты, халықтың ой-сезімін білдіреді. Оның мақсаттары мен үміттері болашаққа бағдарланған».

Зәки Ахметов

ғалым

«Жамбыл – шаң ілестірмейтін дүлдүл,

Кенен – әсем әуезді бұлбұл».

Мұқаметжан Қаратаев

сыншы – ғалым

«Кененнің негізгі тақырыбы – біздің заман. Ол осы майданда үзбестен шығармалар беріп келді. Қандай жаңа оқиға болса да Кенен оны әнде, өлеңде халық арасына үгіттеуде республика композиторларының ішінде бірінші орынның бірін алады… Кененнің репертуары кең. Онда әндерден, өлеңдерден басқа қазақтың «Қобыландысы», қырғыздың «Манасы», түрікпеннің «Көрұғлы» сияқты үлкен эпикалық дастандар бар».

Ахмет Жұбанов

ғалым, музыка зерттеуші

«Кенен – ән мен жырдың генералы!»

Бауыржан Момышұлы

халық қаһарманы

«Өлеңді әркімдер-ақ айтады, әркімдер-ақ жазады, бірақ солардың ішінде үнемі санаңнан кетпейтін, сезіміңнен ажырамайтын, дауысы естіліп, дидары көз алдыңда тұратындары некен-саяқ. Солардың бірі, бірегейі Кенен».

Әбділдә Тәжібаев

ақын

«Кенен ақынның даңқы бүкіл Қазақстанға тарап кеткен. Оның өлеңі айтылмайтын, әні шырқалмайтын, Кенен даусы естілмейтін жер бүкіл республика көлемінде жоқ екені анық».

Асқар Тоқмағамбетов

ақын

«Жамбыл бастаған халық поэзиясы бір мол арна – поэзия арнасы болса, оның ішінде Кененнің ақындық өнері мен еңбегі өзгеше биік. Ол басын ақ бас Алатаудан алып жатқан Жетісу өзендері тәрізді күшті де, құдыретті».

Әнуар Дербісалин

ғалым

«Кім қойса да бұл асыл адамның есімін тауып атаған. Кенен. Кеудесі де, өнері де кенен кісі, қазір баба жасындағы Кенен ақсақал».

Қалижан Бекқожин

ақын

«Сыртқы сымбаттан да, кейіп-келбеттен де, байсалды мінез, парасатты ойдан да жұтамай жаралу қандай бақыт! Шіркін, өлең-өнер адамдарының күйкі болмай көрікті туғанына не жетсін! Кенен өзгені сыйлай да, өзін сыйлаттыра да білетін кісі.

Қадірлі Кенен аға, сіздің сымбатты көркіңізге, сыпайы мінезіңізге қызығумен, сүйсінумен келген едік. Әлі де сүйсіндіре бергейсіз. Таңыңыз жайнап, жаныңыз жасара бергей!»

Әбу Сәрсенбаев

ақын

«Ойлап тұрсақ Жамбылдан кейінгі алып, қажырлы қайраткер, ғасыр ғұмырды басынан кешіріп отырған Кенен Әзірбаев көп оқиғаның куәсі, бақыты мол, қуанышы көп жан».

Мүсілім Базарбаев

ғалым, қайраткер

«Бір бойынан толып жатқан тамаша қасиеттердің табылуы оның дарынының жан-жақтылығын танытты. Осынысымен ол біржағынан халқымыздың көне дәстүрлерін сақтап келген сал-серілерді де еске түсіреді. Бұл біздің әдебиетіміз ғана емес, жалпы мәдениетіміздегі сирек кездесетін, айрықша бағаланып, құрметке ие болатын ерен құбылыс».

Мырзабек Дүйсенов

ғалым

«Кенен Әзірбаев – сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз: жырау, әрі ақын, жыршы әрі күйші, әнші әрі композитор, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер».

Мырзатай Жолдасбеков

ғалым, қайраткер

«Кенекеңнің кей шығармалары үлкен полотнодағы музыкалық еңбектерге арқау болды. Мысалы, Е.Брусиловский оның А.Затаевич нотаға түсірген бір әнін «Қыз Жібек» операсында пайдаланған. Кенекең есімі, Кенекең бейнесі бүгінде өнерлі ізбасарлары мен өрендерінің көркем туындыларына арқау болар объектіге айналып отыр.

Нұрғиса Тілендиев

композитор

Абай, Жамбыл, Кенен аталардың мұрасы біз үшін үлкен мектеп. Қазақ өнерінің әліппесі.

Бибігүл Төлегенова

қазақтың бұлбұл әншісі

«Кенекең қай кезеңде болмасын өз өнерінің бағасын түсінген, өзін-өзі пір тұта білген, көңілі ханға бергісіз дархан өнерпаз болған. Қазақта Кенен сөзінің ұғымы шалқарлық пен дарқандықты білдіреді ғой. Ақсақалдың өнері мен көңілінің кең жазиралығы өз есімі секілді кенендікке келетін».

Еркеғали Рахмадиев

композитор

«Шілдедегі нөсердей шаңды басқан,

Сағынды елің әніңді таңға ұласқан.

Күн күлімдеп шыққанда көкжиектен,

Сені жоқтап тұрады тарғыл аспан».

Жақсылық Сәтібеков

ақын

«Кененін еске алған ел елжірейді,

Кенендей туар ма екен? енді дейді.

Ақын туған өлкеде көгілдір ту,

Халқымның бірлігі боп желбірейді».

Саттар Сейтқазин

ақын

«…Көктемнің сол бір күнінде таң атқаннан-ақ Қордай тауының аспанын бүркеп тастаған қара бұлт қабағын ашпай тұрып алып еді. Кенет күркіреген үн естілді. Маған бұл қарт Қордайдың қарс айрылған жүрегі сияқты көрінді. Сонан соң аспанды бүркеген қалың бұлт біртіндеп ыдырап, алаулап, алабұртып, аңыраған аналардың ақ жаулығына ұқсап бара жатты да, сорғалап жауа бастады. «Аспан да перзентіне егіліп кетеді-ау!» деген ой кімге де болса келгені ақиқат. Бұл Кенекеңді соңғы сапарға шығарып бара жатқан кез еді».

Алтынбек Қоразбаев

композитор, әнші

«Өзгермей тұрмайды екен өмір мүлде,

Ел болдық егеменді осы күнде.

Жалғансын өнер жолың ұрпақтармен,

Жұлдыздай жарқырайсың күннен-күнге.

Ұстазым жыр алыбы Жамбыл деп ең,

Ел үшін егіз есім Жамбыл – Кенен.

Бата алған өзіңізден Аяз ақын,

Келеміз ұстаз тұтып жолыңменен».

Аяз Бетбаев

жыршы-ақын

«Сіз күні кеше Алатау бөктерінде жеті қойын жоқтап зар еңіреген «Көк шолақты» қойшының төбесінде шырылдаған «Бозторғай» ғана болатынсыз. Бүгінде сіз «Нұрлы жазда» дәуірлеген, «Бақытты елдің» аспанынан шалқыған, «Жеңіс жырын» құйқылжыта төккен құмыр бұлбұлсыз, Қазақстан жерінде топтан озған жүйрік «Ақбоз» дүлдүлсіз».

«Қазақ әдебиеті» газетінің

ұжымы

«Ардақты Кенен ата! Сіздің керемет әсем даусыңыз, кербез, күмбір әніңіз, сыпайы – шебер тіліңіз көпшілік қауымның жүрегін тербеп келеді. Осындай сан – салалы сарқылмас талантыңыз бен өнеріңіз кейінгі ұрпақтарыңызға, біздің бәрімізге тамаша үлгі – өнеге болып қалады».

Алматы мемлекеттік

консерватория ұжымы

«Екі дәуірдің куәсіндей болған Сіздің асқақтаған әніңіз бен жан жадыратар жырыңызды біз жақсы білеміз. Оның бір тобында Асанқайғы зары мен Қорқыттың күйі сарнаса, екіншісінде Майқы мен Төле бидің, қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке бидің шешендігі шертіледі».

Жамбыл облысының

еңбекшілері

КЕНЕКЕМНІҢ МОНОЛОГЫ

(үзінді)

«Мен қанша қорлық көрдім, тоңып көрдім,

Отызға дейін мүлде тозып келдім.

Сен куә, жер мен аспан, өзің айтшы,

Менімен бірге соны көріп келдің.

Менімен бірге бәрін көріп келдің,

Ән мен жыр ермегі емес еріккеннің.

Талантты ұрпағыма тыңдасын деп,

Жанымның жапырақ гүлін бөліп бердім.

Көрдім мен еңбегімнің жемістерін,

Даламның әндетіп жүр тегіс төрін.

Айнытпай орындаған дәл өзімдей

Жаңғыртып бара жатыр өрістегі үн».

Гүлсім Сейілжанова

ақын