Аннотация

Annotation

Қазақтың бертінгі тарихында халқымыздың композиторлық, әншілік, айтыскерлік және ақындық өнерін бір өзінің рухымен әлемдік биікке көтерген ұлы тұлғалардың біреуі – халық ақыны
Кенен Әзірбаев. Бұл сайтқа ақиық ақын, әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевтың өмірбаяны, өлең-жырлары, терме-толғаулары, дастандары, айтыстары, нотаға түсірілген әндері мен күйлері толық енгізілді. Сондай-ақ әр жылдары жазып алынған әншінің өз дауысы, басқа да әншілердің орындауындағы ақынның әндері бар.Сонымен қатар  К.Әзірбаевтың  75, 90, 100 жылдық мерейтойларына орай «Қазақфильм» түсірген деректі фильмдердің көшірмесі, 2011 жылы Бақытжан Кененұлының жетекшілігімен «Түркі әлемі» студиясында шығарылған «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильмі де осы сайтқа енгізілді. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арнап түсірілген «Ғасырлар үні», «Кененнің айтыстары», «Сағындым Кенен атамды» сияқты басқа да телехабарлардың көшірмесі бар.Тараз қаласында екі жыл сайын өткізіліп тұратын «Шырқа, даусым!» республикалық байқауы жайлы мағлұматтар, конкурсқа қатысқан көптеген әншілердің дауыстарын осы сайттан таба аласыздар. Артына  өшпес мол мұра қалдырған ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы әдебиет-өнер зерттеушілерінің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың әр кезеңде жазған ой-пікірлері де осы сайттан орын алды.

Сонымен қоса ақынның мұражайынан және жеке мұрағатынан алынған деректер, радиохабарлардың көшірме жазбалары, ақынның фотосуреттері, ата-бабаларының шежіресі бар. Ал ақынға берілген наградалар туралы, басқа да марапаттаулар жайлы арнайы бөлім ашылды. Ақын жайлы жазылған зерттеу-мақалалардың толық библиографиялық тізбесі өз алдына бөлек беріліп отыр.

                                                           Бақытжан Кененұлы