КӨКШОЛАҚПЕН ТОЙҒА
БАРҒАНЫМ
Ол кезде әкем менің алпыс жаста,
Байғұстың баласы жоқ менен басқа.
Баға алмай мен жетімді шешесі өлген,
Жыласа көзі толған қанды жасқа.
Қара үйдің киізі мен керегесін,
Ішінде төсегі мен кебежесін.
Алуға енді әйел шамасы жоқ,
Жоғалттық екі-үш жылда бар нәрсесін.
Күрке қып алты уықты тігіп алдық,
Әкеме әйел жоғын біліп алдық.
Бір саулық қой, үш ешкі мал дегенде,
Бір жағына қамалып кіріп алдық.
Бір отырсақ сыймадық туысқанға,
«Қу жетім» деп қуады ұрысқанда,
Ешкі менен қойымның басын ұстап,
Әкеме сауғызушы ем мыс құманға.
Жейдем қара құрымдай кір жуылмас,
Тым болмаса екі айда бір жуылмас,
Жамылғысыз, жыртық тон қаудырлаған,
Қандай жанның үйінен біз қуылмас.
Сол қара тас жатқан жер Мәтібұлақ,
Қозы жайған жерлерім күнде жылап.
Ерте тұрып дірдектеп мен жүргенде,
Қаныпез бай ұрсады сөзбен сыбап.
Жас бала жазды күні оянбайды,
Ұйқыға жас күнде адам тоя алмайды.
Ұйықтап жатып селк етіп оянамын,
Кедейлік тұрмасыңа қоя алмайды.
Қозыны айдап жүгіріп сайға барсам;
Талқан – шекер татиды шайнай алсам.
Ішімдегі шерімді мен төгемін,
Басылғандай жүрегім әнге салсам.
Жөнді тамақ бермейді малға барсам,
Тегі күн жоқ тіл алып бармай қалсам.
Жалаң аяқ тасырқап баса алмаймын,
Құтыламын қу малдан қайда барсам?
Әкем байғұс артымнан кеп тұрады,
Шаршадың ба, қарағым, деп тұрады.
Қой, серкешке жүргізіп бір жылына,
Күн көруге жан сақтап еп қылады.
Сатып алды базардан Көкшолақты,
Құйрығы жоқ, жалы жоқ шоп-шолақты.
Өзі сәурік көктемде байтал қуып,
Бір жағынан азынап құдай атты.
Айғырлармен таласып жауыр болды,
Бағып, міну әкеме ауыр болды.
Күндіз маған мінгізіп қой жайғызып,
Аяқылау табылып тәуір болды.
Менің көңілім сондағы өлең айтпақ,
Жас күндегі жүрегім неден қайтпақ.
Қой күзеткен қыз-қатын шуылдаса,
Айтысамын солармен сандырақтап…
Сол қорлықпен он беске жасым жетті,
Мен қатарлы балалар басып өтті.
Жорға мініп бәрі де жігіт болды,
Соны көріп жүрегім жасып кетті.
Көкшолағы әкемнің дөнен шықты,
Қойға мініп қиқайып Кенен шықты.
Шілдехана, тойларда әнге салып,
Қиыстырған кеудемнен өлең шықты.
Жартасты Мәтібұлақ бір үлкен сай,
Бар еді Бибол деген бір үлкен бай.
Биболдың немересі Құрман деген –
Жар салды істеймін деп бір үлкен той.
Тойына бес болыс ел шақырады,
Үйін тігіп, қымызын сапырады.
Тұсын түрген үйлерде қыз-келіншек,
Қызғалдақтай киініп отырады.
Керегенің тұсынан бай баласы
Құдашалап айтысып бақырады.
Жеңгелері сүйресіп теңге алғалы,
Өлең айтып, ән салып ақырады.
Шықырлатып керегені күйретеді,
Сыбырласып жеңгесі үйретеді.
Кедейлердің қызы мен жігіттерін
Айтыстырмай, жағадан сүйретеді.
Қонаққа шақырған ел келіп жатыр,
Ет, қымызын мақтанып беріп жатыр.
Бұқаралар зорлықпен қонақ алып,
Қондырмаса қорлықты көріп жатыр.
Қонаққа келген мейман түсіп жатыр,
Шаң-топырақ аспанға ұшып жатыр.
Кептеп ішіп үйренген тамақсаулар
Көтере алмай қымызды құсып жатыр,
Көкшолақты мініп мен қойға кеттім,
Ақыл жетпес бір терең ойға кеттім.
Не қылсам да бұл тойға барайын деп,
Құрдасыма былай деп өлеңдеттім:
Әй, Аянбай, Аянбай!
Басыңды көтер, құрдасжан,
Қайғырып таяқ таянбай.
Жастан жетім болмасам,
Өстіп қойды жаямба- ай?
Бір жыл туған төл едің
Қасыңа келдім аяңдай.
Ішімдегі шерімді
Саған келдім баяндай.
Бар азығым берейін
Бір күн қойым жайғанға-ай,
Босатып мені қоя бер,
Той тарауға таянбай.
Осы тойға бармасам,
Көңілім кетер жайланбай,
Қорықпашы, құрдасжан,
Қожайын қайда, бай қайда-ай?
Осы тойдан құр қалсам,
Енді маған той қайда-ай?!
Тездеп жауап берсеңші,
Таяқты жонып ойланбай.
Ішім күйіп барады,
Ақылыңды айт, қиналмай.
Құрдасының жауабы:
Ай, Кенен, тойға барар сәнің бар ма?
Қызбенен айтысатын әнің бар ма?
Желігіп Көкшолақпен тепеңдейсің,
Қолыңда мұнан басқа малың бар ма?
Баратын тойға киіп киім бар ма?
Үстіңде, байғұс жетім, үйің бар ма?
Басыңда, Кенен құрдас, миың бар ма?
Кеудеңде түйірдейін түйін бар ма?
Қызбенен ерегісер күйің бар ма?
Бойыңда адам елер сыйың бар ма?
Кеудеңді өрге айдайсың, сорлы қойшы,
Басқа да кедейліктен мінің бар ма?
Той дегенде, сорлым-ай, жының бар ма?
Табатын тойға барсаң сырың бар ма?
Мазамды ала бердің, бара қойшы,
Көңіліңді көтеруге құрбың барда
* * *
Қойымды Аянбайға кеттім қосып,
Жеткендей төбем көкке көңілім өсіп.
Құрдасым тілімді алып қала берді,
Жалғыз аяқ бір жолға кеттім түсіп.
Атымды қамшылаймын бауырын осып,
Келем жалғыз, әнімді желге қосып.
Қоңыр тон, киіз етік, шоқпыт бөрік,
Қаламын өз бейнемнен өзім шошып,
Құр құйысқан, жіп тізгін, киіз етік,
Айдалада келемін «күжілдетіп».
Қыз сүйгендей күлемін ыржың етіп,
Тебінемін шолақты күржіңдетіп.
Тағы көңілім мұздайды тұрпатымнан,
Қыз ұрғандай бетімнен тыржың етіп,
Тағы көңілім тасиды келе жатып,
Қыз көрінсе қойсам деп жымың етіп.
Жапалақтай жалтақтап қойға қарап,
Желіп түстім бір өзек ойға қарап.
Кебекбайдың жолымен бір топ адам
Өлең айтып барады тойға қарап.
Қыз-келіншек аралас бозбалалар,
Қуып ұрса кім мені арашалар,
Шоқпыт тон мен астымда атты көріп,
Мен байғұсты мазақтап тамашалар.
Көкшолақпен мен келдім екпіндетіп,
Қатарына іркілмей келдім жетіп.
Мені жан деп біреуі қарамайды,
Жорға мінген үкісін желпілдетіп.
Бір қыздың астындағы байталына,
Көкшолақ оқыранды жұрт алдында,
Бір өлең келіп қалды ауызыма,
Не болса да болмады қайтаруға[1].
1900—1961
[1] Екінші томның айтыс бөліміндегі Кенен мен Шәлипаның айтысын қараңыз.