ҚАСҚЫР ҚАМАҒАНДА
Көрмеген бұл сөзіме нанасың ба,
Қопаның туып өстім даласында,
Тағы да бір ажалдан қалғанымды,
Айтайын еңбекші елдің баласына.
Сөз келсе кім айтпайды жүйесіне,
Езілген таптың әділ иесіне.
Бір күні кешке жақын жұмсаған соң
Жүгірдім Абданбайдың түйесіне,
Бір туған Абданбаймен менің атам,
Жұмсаса бармаймын деп қайтып айтам.
Ақырып, шапшаң айдап кел деп айтты,
Бар еді өзі жауыр жалғыз атан.
Жүгірдім күн батарда атанына,
Тақалды күн төмендеп батарына,
Түйені қазір жетіп айдағанда,
Төрт қасқыр келіп қапты қатарыма.
Төрт қасқыр аузын ашып жалақтайды,
Тілдері сілекей боп салақтайды.
Тығылып қорыққанымнан үнім шықпай,
Төрт болып екі көзім алақтайды.
Түйенің зорға міндім мойынына,
Тығарға жерде тас жоқ қойыныма.
Төрт жақтан жердің шаңын тарпығанда
Тығылып көзім кетті ойылуға.
Бұрқырап төңірегім шаң боп кетті,
Қалтырап екі көзім қан боп кетті.
Түйеге салды қасқыр ауыздарын,
Білмейді қай жерінен бауыздарын.
Қан шапшып сандарынан судай ақты,
Тістері өткір екен жауыздардың,
Бақырып шөкті түйе, әлі кетіп,
Қан саулап денесінен жаны кетіп.
Түйеден қарғып түсіп безе қаштым,
Бір қасқыр арт жағымнан келді жетіп.
Қопаның бас құдығы кер жол еді,
Жолаушы үзілмейтін зор жол еді.
Кірекеш күндіз-түні тынбайтұғын;
Салқында, түнде өтетін шөл жол еді.
Сол жерде қасқыр тісін салар болды,
Шапаным үстімдегі дал-дал болды.
Мен жүрмін далбасалап жанды қорғап,
Қапыда өліп кетсем арман болды…
Қасқырдың тамағынан алып қаппын,
Алғаным құрысын, өзім талып қаппын.
«Жолығар өлмегенге өлі балық»,
Үстіме көп кірекеш келіп қапты.
Көріпті жолаушылар қайран қалып,
Кер жолда жатқаннан соң біреу талып.
Су бүркіп азғантай ес жиғаннан соң,
Жүріпті бишаралар алдына алып.
Бас жағы Бозжорғаның толған ауыл,
Аспаннан жаңбыр жауды, соғып дауыл.
Ол кезде менен артық әлгі түйе,
Жанашыр іздеп келер қайда бауыр.
Керуендер қонақ болды бір ауылға,
Түйесі жүктерімен қарауылда.
Түйеші, қойшылардан мені сұрап,
Жүр екен әкем сорлы әр ауылда.
Ботыйдың[1] керуен қонған бір баласы,
Ауылдың қашық емес екі арасы.
Жүгіріп әкем сорлы әр ауылда
Сұрап жүр көзден ағып қанды жасы.
Жүгірді сүйінші деп шуылдасып,
Керуендер түрекелді дуылдасып.
Құшақтап мені көріп жылағанда,
Қамықты тұрған елдің бәрі жасып.
Ағайын келіп жатыр жаны ашып,
Қалыппын есім ауып, қаным қашып.
Керуенге алғыс айтып аттандырды,
Шай беріп, шапан жауып, қол ұстасып.
Мен жүрдім бірнеше күн есім ауып,
Болмады бұрынғыдай ойын-сауық.
Жарылып жүрек қабы қалыпты деп,
Бірталай олжа тапты молда, тәуіп.
1908 – 1954
[1] Ботый – ру аты.