ҚОШ, КЕЛІНДЕР, ІНІЛЕРІМ

 

Інілер, қош-аман бол, келіндерім,

Жарқын жүз, жарық маңдай көрімдерім,

Астанам Алматыға алты жылда

Аққудай көл аңсаған келіп едім.

Дем алдым іні, келін арасында,

Шақырып қонағына таласуда.

Қуаты көңілімнің келін, інім,

Атаңа сый-құрметің жарасуда.

Аталап, алма, өріктей мойын иіп,

Тыңдадың ықыласпен үнімді ұйып.

Бауырлас орыс, қазақ, ұйғыр, ноғай,

Кете алмай семьяңды тұрмын қиып.

Ауылға август туды қайтайын деп,

Күз болды жыл құсындай тартайын деп,

Сыйына аса разы болғанымды,

Тұрғаным қоштасарда айтайын деп.

1959