ҚҰТТЫҚТАУ ӨЛЕҢ ЖАСТАРҒА
Құттықтау өлең айтайын
Комсомолдың тойына.
Жиырма жасқа толған соң,
Аспандап өскен бойына,
Теңгермеймін жастарды
Аспанда күн мен айына.
Өткірлігін балаймын
Нажағайдың жайына.
Біздің жастар барлаушы
Көк пен жердің қойнына,
Қиындықтан қайтпаған
Қайнап жігер бойында.
Көзімнің нұры жастарым
Еркелеп мінген мойныма.
Көңіліме қуат жігерім,
Жырлайын шаттық тойында.
Елімнің өңкей қыраны
Жігерім сендер бойымда.
Балақ жүні жетіліп,
Қауырсының қатқан жас.
Жүзге жеткен адамнан
Түрлі өнерің артқан жас.
Құрыш болат, жау жүрек
Жаудан қайтып жасқанбас.
Көп жасаған көнедей,
Елдің жайын тапқан жас.
Келешекке ие боп,
Совет елін баққан жас.
Буыны қатып жиырмада,
Жетіліп ақыл тапқан жас.
Өнер-білім шыңына
Қанатын самғап қаққан жас.
Біздің жастар сабырлы
Асығып, сасып мастанбас.
Құс болып көкке ұшқаның –
Күннің нұрын құшқаның,
Торқа болды кигенің,
Тұлпар болды мінгенің.
Неше ғасыр жасаған.
Қарттан озды білгенің.
Жас тұрмысың жарасып,
Жаннан асты жүргенің.
Қарай кетсең қасқайып,
Он саусағың майысып,
Тай-құнандай жарысып,
Мектептен шыға алысып,
Гүлдей болып жайнасып,
Байшешектей бүрленіп,
Тоты құстай түрленіп,
Дұшпанды көрсең ерленіп,
Досты көрсең зерленіп,
Шал-кемпірге әл беріп.
Шаршағанға дем беріп,
Лениншіл өрім жастарым
Қосылыпты бастарың.
Құтты болсын, ерлігің!
Қуанышпен сендерді
Жырға қостым мен бүгін.
1938