ҚҰТТЫҚТАУ

Құтты болсын туларың,

Оңтүстік өлкем Жамбылым,

Озғаныңа тілектес

Ортаңдағы шал бүгін,

Қуанғанның белгісі,

Домбыраңды ал бүгін,

Шаттық әнін сал бүгін.

Тіліңнен балдай жыр ағыз,

Жаныңнан жарқын сыр ағыз.

Таңдайдан тәтті ән ағыз,

Сөйлер шағың дәл бүгін.

Домбырамды тартқанда,

Күй толғап, өлең айтқанда

Аулақ қашар шалдығым.

Оңтүстіктің даңқы дәу,

Қазықұрт пен Қаратау,

Ұштасып жатқан Алатау,

Жамбылменен түйісіп,

Бірлесіп жатқан, халқым-ау!

Қойнауы – құт, суы – сүт,

Ой мен қыры кен байлық,

Айналасы бақша-бау.

Ақ қайыңдай қой қаптап,

Шопандардың даңқы анау.

Сиыры мен жылқысы,

Қымызы дәрі, май палау.

Шошқасы мен құс-қоян,

Түрлі байлық тұр таяу.

Тоқсан түрлі жемісі,

Сай-саласы мың тарау.

Шамшырақтар тасқындап,

Жылдан-жылға асқындап,

Озаттардан үлгі алып,

Жұрттан алғыс жүлде алып,

Партияның бағасын,

Еңбек ерлер бірге алып,

Егін шықты ырғалып,

Пішен шықты жайқалып,

Төкпей дәнді жинадық.

Мал азығын, қыс қамын,

Осы бастан ойлалық.

Озып тұрсың, облысым,

Мақтаныш қып жырлалық.

Қартайдым деп қажымай,

Біз де қарап тұрмалық,

Сексенге жасым келсе де,

Ән шырқаймын туды алып,

Оңтүстік өлкем, көп сәлем,

Сөзімді тыңда қарсы алып,

Партиям саған риза,

Құттықта деді көп халық.

                  1964