ҚЫЗЫЛ ТІЛ
Қызыл тіл — көңіл түссе сайрағандай,
Бұлақтың көзін тауып қайнағандай.
Бәйгеден күнде озған жүйрік аттай,
Дүбір көрсе ойқастап ойнағандай.
Қызыл тіл – бабы түссе заулағандай,
Таңдайдан бал сүт ағып саулағандай.
Қолға алып домбырамен ән шырқасам,
Халқымның бар көңілін аулағандай.
Құмарым жастайымнан тамаша – той,
Болсам да кедей-кепшік, жайсам да қой.
Жырлаймын енді бүгін нұр заманды
Сау болса ақыл, жүрек, ми менен ой.
Үміт шіркін қашанда қашқан елік,
Кейде жазып қаламын, кейде көріп.
Тұлпардаймын көңілім қиқулаған,
Шабытыма шаршамас тілім-серік.
Қызыл тіл – бәйге атындай тағаланды.
Тағаланды дегенім жаңаланды.
Тот басқан есіл ән-күй жалт-жұлт етіп,
Тұсында әділ заман бағаланды.
Қызыл тіл — сайрайтұғын келді кезің
Көптен бері тұтығып жүр ең өзің.
Енді, міне, бақыттың таңы атты,
Сөйлеші, ақтарылып көптің сөзін.
1921