МАЙ МЕРЕКЕ

Туған елге Май келді,

Жасыл киіп, гүл ұстап.

Ақты өзендер сарқырап,

Қыстай жатқан құрыстап.

Құстар келді тізіліп,

Көз жетпейтін алыстан,

Мал да, аң да құлпырып,

Асыр салып жарысқан.

Егіз туды төлдерім,

Төрт түлік жерді жасырды,

Мереке әні шырқалып,

Шаттық – өзен тасыды.

Жасайды мәңгі Май күні

Біздің жаңа ғасырдың.

* * *

Еңбекшілер мейрамы жер жүзілік,

Май күнін қарсы аламыз күндей күліп.

Көреді жеңістерін Отанымның,

Жыл сайын гүл жамылған Майым келіп.

Май сұлу жылдан-жылға түрленеді,

Кең өлкем сол сұлудай гүлденеді.

Жер жүзі еңбекшілер тілек қосып,

 Әлемді ұрандаған үн кезеді.

  * * *

Жыл сайын бірінші май бір келеді,

 Көктемде күллі әлем түрленеді.

Тау мен тас, қала-дала, орман-тоғай,

Құлпырып тоқсан түрлі гүлденеді.

Май айының маужыраған мәуесінде,

Сандуғаш, бұлбұл сайрап ән береді.

Әр түрлі әнші құстар тамашалап,

 Құттықтап май мейрамға сәнденеді.

Ұшқан құс, жүгірген аң, жан-жануар,

Өркендеп, өніп-өсіп төлденеді,

Көктемде көк егіндер тақталанып,

Кілемнің түріндей боп әрленеді.

Күркіреп жаңбыр жауып күн ысыса,

Көркейіп күллі өсімдік дәнденеді.

Мал баққан, пішен шапқан, егін орған,

Еңбектің шын рахатын ел көреді.

1933—1975