МЕШІТБАЙҒА
Мінезі Мешітбайдың шадыр келді,
Айқайлап ақын салды сарынды әнді.
Қабағын біз келгеннен қарпи жауып,
Өлді ме әкең жаңа, нағылды енді?!
Мешітбай, бес-алты мың қой айдадың,
Тамаққа келген қонақ тоя алмады.
Ішіп-жеп рақатын көрмеген соң,
Бейшара, бейнет көріп неге айдадың?
Шай бердің алты құрт пен сеуіп талқан,
Ет бердің алты күнгі кеуіп қалған.
Әйелің үсті-басы жұлым-жұлым,
Шіркін-ай, қандай күні туып қалған?!
Жас туған балалары кішкене екен,
Мешітбай сараң жолға түскен екен.
Қымыз құймай таңертең айран берді,
Сорлыны зар илетіп піскен екен.
Бір сөз айт дегеннен соң Әли батыр
Сараң байды түйреді Кенен ақын.
Қонаққа мұнша малдан бір қой соймай,
Мешітбай қатты екен шын, таза тақыр.
Малыңды бұйырмаған айдап жүрсің,
Бейнетін тартып сорың қайнап жүрсің.
Үйіңе келген мейман аш аттанып,
Байлықтан садаға кет, қараң құрсын.
Мешітбай ыза болды тысырайып,
Әлиге ат мінгізді тартып айып.
Жалынып маған да бір шапан жапты,
Амалсыз, кетеді деп елге жайып.
1916