МҰХТАРҒА

Жігіті едің Арқаның,

Абай ақын дарқаның.

Сырласып әр кез өзіңмен,

Көп құмардан тарқадым.

Жалған емес шындығым,

Расымды айтамын:

Алыс шабар тұлпарым,

Қырымнан келер сұңқарым.

Бірге болып Мәскеуде

Осы сапар байқадым.

Абайды жазып шығардың,

Қарамай пәлен дегенге,

Қырандай қағып қанатты,

Ой жібердің тереңге.

Қазағымды таныттың,

Біле бермес әр елге.

Азығы болып халықтың,

«Абайың» жүр жер-жерде.

Әлем саған бас иед

Әуезұлы дегенде.

1960