НАСИҚА
Насиқаға теңеу жоқ,
Бұл сөзімде желеу жоқ.
Қолында бұйра таяғы,
Жүрісі қайда баяғы.
Аяғының ақсағы-ай,
Мінезінің жақсы-ақ-ай!
Қала, дала барсам да,
Ертіп жүрем тастамай,
Он алты жастан қосылдым,
Ойдағымды тапқаны-ай!
Қайда жүрем десек те,
Шаужайымнан қақпады-ай.
Ауырғанда алты жыл,
Еркелетіп баққаны-ай!
Қабағының жазығы-ай,
Бейлі елге азық-ай,
Жүрегінің тазасы-ай,
Болған емес жазасы-ай!
Көрші – тату, жекжат – мәз,
Әрбір ісі тамаша-ай!
Ала көйлек, ақкөңіл,
Алақаны – ашық, кең – пейіл.
Ағайын мен абысынға,
Көрсетпеген бір зейіл.
Насиқаға теңеу жоқ,
Бұл сөзімде желеу жоқ.
* * *
Оқушы мына сөзге кұлағың сал,
Баққаны Насиқаның кемпір мен шал,
Төрт бөліп, түнгі ұйқысын бөлеп отыр,
Жегізіп, жылы-жұмсақ, құймақ пен бал.
Баққаны біреуі ана, біреуі жар,
Адамды аздыратын, намыс пен ар.
Көз ілмей күні-түні жүгіріп жүр,
Кәрілікке істейтін не лаж бар.
Жуылып кір қоңымыз, шаш пен тырнақ
Бәрін де өзі алады, көз бұлдырап.
Ұяда аузын ашқан қос балапан,
Торғайдай жем тасыған жүр шырылдап.
Айтқаны бұрынғының ақыл екен,
Көрген іс, жақсы-жаман, нақыл екен.
Еңбегі Насиқаның ұшан-теңіз
Қойғаным алғыс айтып мақұл екен.
Қосылған қыз күнінде адал жарың,
Бауырыңнан, баладан да жақын екен.
Жоқ болса сүйегінде төзбес еді,
Атасы, нағашысы да батыр екен.
Бәйтімбет Насиқаның арғы атасы,
Ішінде бұл сөзімнің жоқ қатесі.
Қордай батыр екеуі қатар барса,
Кесілген талай-талай жаудың басы.
Бәйтімбет, Байтүгелге ұран болған,
Алдырмас елін жауға құрал болған.
Бар екен балалары өңкей ноян
Олар да батырлыққа құмар болған.
Қарабек нағашысы, жол бастаған,
Жолбарыс ұран болып қол бастаған.
Майданға жекпе-жекке шығады екен,
Тұлпар мініп, қолына ту ұстаған.
Ауылы Насиқаның Жамбас жолда
Тігілген жол түбіне қоңыр орда.
Бет алып сол ауылға жүре қалсам,
Басады көңілденіп қара жорға.
Тұрады тал-теректе бұлбұл сайрап,
Жүреді Насиқаның көзі жайнап.
Қолынан күрең шайды қанып, ішіп,
Саяда жүруші едік, күліп-ойнап.
Жамбас жол Насиқаның туған жері,
Көбелек, балапанды қуған жері.
Әкесі ер Қабылтай атаныпты,
Болған соң, шаруа кедей, өзі сері.
Жайлауы жазды күнгі Жалпақ қайнар.
Сазына төрттен-бестен бие байлар,
Сол сайдың шыққан шөбін, жалғыз шауып,
Төрт мая шөп тұрғызып, өзі жайғар.
Қыс қатты, қары қалың болған жылы,
Жалынып шөп сұрайтын талай байлар.
Диханшыл, еңбек сүйгіш жігіт екен,
Қордайға бидай, тары, егін айдар.
Той істеп ел шақырды ер Қабылтай,
Қой сойып, жылқы сойып жегізіп май,
Айтысып қыз-бозбала бір күн, бір түн,
Разы боп кемпір-шалдар көңілі жәй.
Ұзатып Насиқаны елге апарып,
Қуанып той жасадым мен де осындай.
Болыпты қосылғалы елу бес жыл,
Өткенін өмір зырлап осыдан біл.
Ата-анамыз қосылған жыл еді деп,
Жасады «алтын тойды» қыз бенен ұл.
Келеміз тату-тәтті өмір сүріп,
Естімей көңіл қалар бір ащы тіл.
1960—1975