ОРДЕНДІ ОБЛЫСЫМ
Көппен бірге қуандым,
Ел еңбегі жанғанға.
Жыр маржанын жолдадым,
Ленин орденін алғанда.
Домбырамды алдым да,
Жырладым көптің алдында.
Мереке жылы береке
Табысы тасып толғанда.
Ұлы тойдың тұсында
Дүбірі жерді жарғанға,
Еңбектің даңқын көтеріп,
Халқым күшін салғанда.
Колхоз-совхоз астығы
Қоймадан асып толғанда.
Ет пен сүт, жүн, жұмыртқа,
Жан ырзығы болғанда.
Бәйгеге шығып, тең түсіп,
Он аудан бірдей озғанда.
Екпінді еңбек еткенде,
Табысқа қолы жеткенде,
Ұл-қызыммен қосыла,
Жырлауға шықтым думанда.
Еңбекке озат шамшырақ,
Маңдай тері тамшылап.
Еңбектің даңқын көтеріп,
Орденді болды жарқырап,
Қызылшашы қыздарым,
Қантты да көп тапсырмақ.
Мерекелі тойға деп,
Малшылар келед аршындап.
Қораға қойын толтырып,
Шопандар жақты шамшырақ.
Жылқышылар жігерлі,
Құлын санын арттырар.
Сауыншылар екпінді,
Шелектеп сүтті ағызар.
Құс пен шошқа баққандар,
Торайды күтіп жатқан бар.
Тойға шашу әзірлеп,
Даңқы шығып жатқандар.
Өрісің жайлау жайнасын,
Құт еңбек бойда қайнасын!
1967