ОСПАНҚҰЛҒА
Жырыңды оқып, жиенім, шаттанғаным,
Айтып беріп халқыма мақтанғаным.
Оспанқұлдан келді деп мәз-мейрам боп,
Жас балалар жырыңды жаттап алды.
Бірге өстің, Оспанқұл, біте қайнап,
Қазақ пенен қырғызға қатар сайрап,
Алатауда алысып, асыр салып,
Жетісудан шырқадың көлдей жайнап.
Жасымыздан қосылған жүрегіміз,
Ән мен жырға біріккен білегіміз.
Құрдас, сырлас ойнаған тай-құлындай,
Қайда жүрсек бір еді тілегіміз,
Қызық бірге қыдырып, қымыз ішкен,
Алатаудың аққұсы, түлегіміз.