САМОЛЕТ ҮСТІНДЕ
Біз ұштық Алматыдан Қарағанды,
Қарсы алып ақ самолет ала қалды.
Ұядан үш түлеген ақиықтай,
Қанатын сылап-сипап тарап алды.
Астына қанатының бізді тығып,
Қуанып табылғандай қалағаны,
Қырандай түлеп ұшқан тұғырдағы,
Тартқанда көз жарқ етті томағаны.
Қолында қызыл жалау бұлғалақтап,
Алдына бір азамат бара қалды.
Дүр етіп қанат сермеп ұмтылғанда,
Адамдар арт жағына бара алмады.
Айналған ауыл үстін тырна құсап,
Бір айналып Алматы астананы,
Бағытын солтүстікке түзеп алды.
Соқамен трактордың айдауындай,
Көшелер тарам-тарам бола қалды.
Астында қанатының жазуы бар,
«СССР» деген қыран шағалалы,
Алатау өркеш-өркеш түйе құсап,
Жамылып ақ жабуын қала барды.
Басында бұйра бұлт бұлқынғандай,
Қайың мен қарап тұрды қарағайы.
Қорғас пен Қордай, Шоқпар екі арасы,
Жіңішке тілдей болып салалары.
Аспандап Алатаудың асқарынан
Көрінді тоқымдай-ақ далалары.
Ақ сұңқар қос канатын қомдағанда
Тау бүркіт жарысуға жарамады.
Ең алғаш көз бұлдырап, бой шымырлап,
Қозғалып жүрек орнын таба алмады.
Талғардың төбесінде тіккен ту бар,
Ол-дағы бұлан қағып төмен қалды.
Зор самолет ішінде шаттықпенен,
Шырқадым домбырамен – «Жаңа заңды».
Самғады ақ самолет зымырықтай,
Тұрымтай, қарлығаш пен бұлдырықтай.
Бір кезде Іледен біз өтіп едік,
Көрінді көзімізге қылдырықтай,
Зуылдап Тау-Құмнан да өте шықтық,
Қып-қызыл төбелер тұр жұдырықтай,
Құмдары селеу шөп пен изен, жусан,
Желбіреп жабысып тұр сақал-мұрттай.
Жол менен мал айдаған бір топ адам,-
Жыбырлап жорғалаған қара құрттай.
Үстінде жатсаң, тұрсаң өз еркіңде
Сайраңдап сар даладан өте шықты-ай.
Жетісу шартараптан құйылысқан,
Сай-сала талай бұлақ жиылысқан.
Бәрінің құяр жері Балқаш көлі
Өзендер үлкен-үлкен басын қосқан.
Көз жетпес көк мұздары ызғар есті,
Күн мен ай, шолпан жұлдыз сәуле түсті.
Күмістей ақ қанатты бұл самолет,
Балқашпенен аспанда шағылысты.
Кемелер бірі – көкте, бірі – суда
Екеуінің достығы сондай күшті.
Үстінен самолеттің өттік қарап,
Қайқайып бүркіт құсап ала қанат.
Қайрылып бір мезгілде төмендеді,
Құлдилап түсіп қаппыз мұзға жанап.
Қарасам, көл жағасы қала екен,
Болыпты шыққанымызға екі-ақ сағат.
Қаңғырып атпен алты ай жетпес едік,
Самолетті жасаған қай азамат?!.
Қайтадан тағы ұшуға қылды талап,
Қарны ашса су мен май – даяр тамақ.
Қанатының астына тағы міндік,
Қаһарланып көкке ұшты бір ән сап ап.
Қара адырдан қалықтап асып едік.
Қар мен тұман шақырды «кел, мұндалап».
Аспандаған ақ қанат қарамады,
Астымызда бұлт қалды бейне сұлап.
Сарыарқаның сар белін кесіп ұштық,
Сары желін бұрғыдай тесіп ұштық.
Сарыарқадан кен байлық мол шығады,
Отанның байлығы кеп десіп ұштық.
Бектауата тауынан асып өттік.
Бес жүз шақырым үстінен басып өттік.
Бір белестен боз адыр асып едік,
Қара көмір тауларға келіп жеттік.
1937