ТАУҒА БАРСАҢ ТАМАША

 

Тауға барсаң тамаша,

Таң қаласың балаша.

Табиғаты таусылмас,

Сай-саласын санаса.

Бір белінен бір белі

Саты құсап аласа.

Орманы мен бұлбұлы

Мың түрлі әнмен жараса.

Сәулетіне сан жетпес,

Саяхатшы қараса.

Тастан-тасқа секіріп,

Аңдар қашар бел аса.

Тау-құздарды, тастары,

Аң мен құсқа ұяша.

Жауларынан қорғалар,

Момындарға күн туса,

Кекілік, кептер шұрқырар,

Қаршыға таста шақырса,

Таудан тасқын сарқырап,

Кәусардай су жарқырап.

Тау мен тауды жақғыртып,

Тастан құлап арқырап,

Суын ішіп түрленер,

Жан-жануар салқындап,

Түрлі өсімдік гүл жайып

Миуалап балбырап,

Сылдыр судың буымен,

Жемісі біткен албырап.

Сансыз әлем сандуғаш,

Той тойлады ән шырқап,

Мейірі қанып мал мен жан,

Төрт түліктер маңырап,

Қой, қозылар жарысар

Кешке жақын жамырап.

Шөптер иісін аққыған,

Денең майдай балқыған.

Еріксіз ән-күй келеді

Көңіліңе көлдей шалқыған.

1965