ТУҒАН ӨЛКЕМ

Мақтайды әрбір халық туған жерін,

 Мекендеп өсіп-өніп тұрған жерін.

Жүгірген аң, ұшқан құс, жан-жануар

Ұмытпайды тіршілік құрған жерін.

Бірінші туған жерім Мәтібұлақ,

Бұл жағдай өмірімнен мәлім бірақ.

Ес кірген соң ержетіп, ел тануға,

Ақ бөкендей жер шалдым ұзаңқырап.

«Көкшолақ» пен «Бозторғай», «Ри, қойым,

Осы әндермен бастадым елдің тойын.

Қоңырадыр, Қордайдағы елге барып,

Сүйте-сүйте алысқа создым мойын.

Араладым Күнгей мен Теріскейді,

Тойған мал да соңырқап өрістейді.

Саясында халқымның сандуғаш боп,

Гүлден-гүлге қонақтап, жемістерге.

Түгел көрдім Жетісу ел мен жерін,

Араладым Алатау бел мен шөлін.

Қошеметін халықтың жастан көріп,

Күні-түні ән шырқап кеппей терім.

Жасымда Жетісудай жер жоқ деуші ем,

 Балқаштай дүниеде көл жоқ деуші ем.

Ойласам көрмегеннің салдары екен,

 Асатын Алатаудан бел жоқ деуші ем.

Ілініп Октябрьге отыз жаста.

Жаңа ой, сана-сезім түсті басқа.

Шарықтап партияның арқасында

Түрлі ұлт араластық анық досқа.

Сайрандап араладым Отан жерін,

Кавказ бен Қара теңіз, Каспий көлін,

Ат жетпес алыс жер мен елді көріп,

Жүрекке нұр құйылды үлкен сенім.

Гүлденген Ұлы Отанның арасында,

Ән шырқап неше алуан саласында,

Поезбен, самолетпен тамашалап,

Мәскеудің тоғыз бардым қаласына.

Қысқаша көргенімді көпке айтып,

Оралдым туған жерге енді қайтып.

Тойыма 75 жыл арнап жаздым

Көк жайлау, тұнық суды өскен шалқып.

Ауданым Қордай, жайлауым Сұлутөрде,

Сұлудың атын қойған халқым жерге.

Қоршалған шымылдықтай айнала тау,

Тамаша табиғаты, өзі көрме.

Қойғандай саты тіреп жан-жағынан,

Келгендер үш-төрт саймен шығады өрге.

Ыстықтан тар кезеңнен асқан шақта,

Мейірің, қана түсер жұпар желге.

Малға жай, егінге бай, топырағы май,

Несібе ағыл-тегіл еңбекші елге.

Жайсаңнан бері қарай жоталасаң,

Мал менен көзің тояр көк егінге.

Көрінген ақ шатырдай қазақ үйлер,

Шопандар, малшылармен отыр белде.

Жайлауы Аңырақай мен Ақдолы да,

Қой, жылқы ызғып жатыр, сиыр ферма.

Гүлденген шағын қала сұлу төсте,

Шықпайтын ешбір зат жоқ осы жерге.

Қоғамның қойы қаптап ақ қайыңдай,

Тұнық су, салқын жайлау, өсіп төл де.

Ойжайлау, Қарақия, Ұларұшқан

 Колхоздың малы жатыр бөктерінде.

Сол жердің қымызынан бір шыны ішсең,

Жатасың баурың төсеп майса жерге.

Дүрілдеп тракторлар тау жаңғыртып,

Тың жерді төңкереді күндіз-түнде.

 Комбайн тұр асығып егін піссе,

Аққу-қаздай дарияда жүзбек көлге.

Ильич шамы жарқырап, қала орнады,

Қалқағар мен Қордайдың белесінде.

Әсем жай қатар-қатар үй салынды,

Туған жерім байлығын көресің бе?

Ақтасты, Арпатектұр, Ақтерекпен,

Басы тұр Балажанның тіреп көкке.

Мыңбұлақ, Мәтібұлақ сай-саласы,

Мал мен жан аунап майса жатыр көкте.

Жаманты, Бесмойнақ пен Бұғымүйіз,

Ешкілі, Бүркітұя, Қарақоңыз,

Керіліп Керу жатыр жер кербезі.

Жабайы өзен толған өрік-мейіз.

Қосылған іріленіп мал-жаны да

Қордайдың колхоз, совхоз аймағында,

Бастаған партияның арқасында,

Барсақ да гүлденіп тұр қай жағына.

1959