ШАБЫНДЫҚТАҒЫ  ШАБЫТ

Жиырма қарт қатар түзеп салды шалғы,

Жолдасбай, Әшірбектер бермейді алды.

Жұрымбай сексендегі үшінші қарт,

«Басып озып кетем»,— деп айқай салды.

Іліпбай, Қырықбай қарт, Ырысбектер,

Тырнадай тізіліпті жалпы көптер.

Сырылдап өткір шалғы жарқ-жарқ етіп,

Жырада сұлап жатыр шалғын шөптер.

Шалғыны Бекбау шыңдап қайрап жатыр,

Қарт ақын көпшілікке сайрап жатыр.

 Бұрқылдап қос самауыр, қазан қайнап,

Кәмила мен Оңдасын жайғап жатыр.

Әбдімолда, Сәрсен мен Арынтайлар,

Шапқан жері шатқал мен жыра-сайлар.

Шөмелелер жыбырлап қия бетте,

«Бол-бол» деп жүр Мәшірбай мен Алтайлар.

Ырысдәулет, Жұмабек, Ақан, Әділ,

Жас жігіттер еңбегі елге кәміл.

Ынталары — шөпті  мол  дайындауда,

 Шақырысып жарысқа қағар дабыл.

«Мадияр», малға жайлы «Берікқара»,

Ондағы жиырма шалды келіп қара.

Жазы — жайлау болғанда, қойны  қыстау,

Құнарлы шалғын шөбі сай мен сала.

«Иірсу «Ұзынсу» мен «Жұбай» тоғай,

Өңкей қарт шалғы шапқан күн-түн тынбай.

Бірінші Иманбек пен Бейсенбай боп,

Баймұқан, Шойынжан мен Бірімқұлдай.

Жапырған «Берікқара» сай-саласын,

Қарттардың еңбегіне таң қаласың.

Иманбекті серкедей алдына сап,

Бірінен-бірі болып күші басым.

Көрнекті тұрғызыпты жеті мая,

Әміре шөмелей сап қанат жая.

 Мешітқұлға сауғызып алты бие,

 Қатар жүр сусын тасып екі бала.

Сырапыл шалғы қайрап, шыңдап беріп,

Әйелі бәрін күтіп, зыр жүгіріп.

Аралап атпен барып өлең айтып,

Солардың көңілін шат қып келдім көріп.

1965