ШЕШЕМ ӨЛГЕН ЖЫЛЫ

  

Ұлдар анам, амал не, өлген жылы,

Ағайындар арулап көмген жылы.

Жеті жаста жалтақтап көз түрткі боп,

Қала берді апалап жалғыз ұлы.

Дәл сол жылы жұтапты елдің бәрі,

Табылмайды емге де талқан, тары,

Ұзатылған қызына естіртпекке,

Өзі бармақ әкемнің ынтызары.

Қызына жолаушылап жүрмек болды,

Көкшолақты тепеңдеп мінбек болды.

Інісінің үйіне мені тастап,

Қайта айналып кешікпей келмек болды.

Қайтқанынша бір-екі ай өтіп кетіп,

Қыз, күйеуі жібермей жақсы күтіп.

Түтін шыққан үйді аңдып жетіп барсам,

«Кет-кет» деп қуып шығады сөгіп, жекіп.

Шешем болса мен бүйтіп жүрер ме едім,

Тамақ іздеп үй-үйге кірер ме едім.

Шешесі бар баланың тамағы тоқ,

Көремін де соларды зар еңіредім.

1899—1961