ШОТА ТОЙЫНА

Грузиядан атақты

Ақын шыққан данышпан.

Мәңгілік жыр халыққа

Ойлаған Шота алыстан.

Көктемдегі гүлдей боп,

Көптің мейірі қанысқан.

Құлаққа сөзі жағымды

Ел аузында қалысқан,

Сол бір көне заманда,

Күңіреніп күй шертіп,

Хандарменен алысқан.

Жырын жырлап халықтың,

Мұңын мұңдап ғаріптің

Өмір жасын тауысқан.

Кешегі Шота бүгінде

Халықпенен табысқан.

Күн ұядан батар ма,

Күміс жерде жатар ма,

Көп үшін айтқан өлеңі,

Ел сүймесе айтар ма?

Ай қиядан батар ма?

Алтын жерде жатар ма?

Айтқан сөзі жақпаса,

Әлем сүйіп айтар ма?

Шолпан көкте батар ма,

Жыр көкейге қонбаса,

Жыршы шырқап айтар ма?

Жабулы жырлар жатса да?

Жарқырап түскен жарығы,

Әрбір сөзі ақынның

Маржандай болды парығы.

Көмілмей келді Шотаның,

Жұрт үшін қазған арығы,

Кер заманнан бер қарай

Көрінді көзге анығы.

Көкейге қонды жырлары,

Әлем қазір таныды.

Совет елі қадірлеп

Басыңа жақты шамыңды.

Алпыс түрлі ұлттың,

Атақты Шота ақыны.

Алпауытпен алысқан,

Асқан дана батыры.

Алдағы істі болжаған,

Еңбекші елдің жақыны.

Жауыздарды қан сорған

Табанға салдық ақыры.

Ақын десең, ел, міне,

Өлең десең, жыр, міне,

Жолбарыс тонды батыры

Арамызда жүр, міне.

Айтқан сөзі Шотаның

Әлемге қалды үлгілі.

Ер грузин халқының

Асқан тұлпар дүлдүлі.

Жолбарыс соққан батырдың

Жырын шерткен бұлбұлы.

Сол дастаны Шотаның,

Халқымызға кеп жеткен.

Содан бері мінекей,

Жеті жүз елу жыл өткен.

Жылы – үш жүз алпыстан,

Күн мен түні – бұл өткен.

Жеті ғасыр ішінде,

Бұғауда жүріп құл өткен,

Жеті басты жыландай,

Жазықсыз жанды жүдеткен.

Жалмауыздай жалақтап,

Жалғыз хандар сұм өткен.

Жетім менен жесірлер,

Жылап-сықтап күң өткен.

Сол кезде туған Шота ақын,

Дастан жазып бұ да өткен.

Мекен еткен Кавказды

Барша ұлтқа үлгі еткен.

Жеті жүз елу жылдан соң

Той жасап бүгін дүрлеткен.

Біз де келдік алыстан

Осы тойға құрметпен.

Аруағына Шотаның

Термесі бұл Кененнің

Осы тойға сый еткен.

 1938