ШӨП АТТАРЫ
Кендер басқа, шөп басқа,
Шөптен болмайды ет басқа,
Өмірге серік — өсімдік,
Атайын атын әр басқа.
Изен, жусан, малға жай,
Құмарта жейді талғамай,
Қысы-жазы бірдей ас,
Қой, жылқыға толған май.
Бетеге мен боз шөп бар.
Бес түлік мал көп тоқтар.
Жайқалған көк шалғынға
Жайылған мал ойнақтар.
Күйреуік пен бұйырғын
Жеген малға көп жұғым.
Қойға өте құнарлы
Көтере алмас құйрығын.
Қараматау, шағыр бар,
Жалпақ құлақ сағыз бар.
Жемеген малдар жерік боп,
Жүреді деген аңыз бар.
Тұрған отты саршөп бар,
Балықкөз, сасыр, сұршөп бар.
Қазтаңдай мен сүтқурай
Мал азығы әр шөп бар.
Жаужұмыр мен жауқазын,
Түбін бала көп қаздың.
Қаракей мен мұнанақ
Басына малды көп жайғын.
Балтасап пен балдырған,
Мал мейірін қандырған.
Бүлдірген мен бүрген шөп,
Түлік мал жеуге тақ қылған.
Ермене мен ебелек,
Басына қонар көбелек,
Мал жегенге көп керек.
Қырықбуын, жапырақ,
Жаңбыр жауса көлтарап,
Күреңсе көде, тарақбоз,
Малдар жейді жапырлап.
Алабұта, ажырық,
Қарабарақ, қарамық,
Түйеқарын, шырмауық,
Мал азығын жырлайық.
Жантақ пенен теріскен,
Малдың асы келіскен,
Желкек пенен таспа шөп,
Түлікке тәтті жемістен.
Шилердің басы желпілдеп,
Құрақтың басы үлпілдеп,
Өлең менен селеу шөп
Шақырар малды кел, кел деп.
Шеңгел менен тобылғы
Малдар жесе ғұмырлы.
Ақтасба мен ақшешек,
Қыста керек неғұрлым.
Жаужапырақ, жалбызды,
Көкемарал, сағызды
Көкпекті мен баялыш
Арық малға таяныш.
Қуырдақ пен қымыздық,
Қылша шөп пен уыздық.
Сарымсақ, жуа, ырғаушы
Мал жегенде бір қызық.
1969