ШӨПКЕ БАРҒАНДА
Қаңғырып кете берем әр ауылға,
Баласы өзім құрбы бар ауылға
Тағы да бір қорлықты көрген жерім,
Жатам деп шөп түбінде қарауылда.
Баласы құрдас еді қонған үйім,
Тамаққа бір күн барып тойған жерім.
Қарағым, бүгін шөпке барып жат деп,
Үстіме бермек болды жылы киім.
Мәз болып баласымен ойнағанға,
Олардың түйсінбеппін қылған сыйын.
Нұрғалық деген кісі дәулетті адам,
Байлардың айла- амалы қандай қиын.
Жылы деп маған берген кебентайы:
Жамаулы етек-жеңі түйін-түйін.
Қарағым, бүгін шөпке барып жат деп,
Жұмсады алдап-сулап безеп тілін.
Қарағым, тұз-дәмімді таттың деді,
Қызыққа асық ойнап баттың деді,
Пұсырман[1] шөпті ұрлап әкетпесін,
Түбіне бүгін барып жатқын деді.
Шырағым, тойғызамын етке деді,
Отырған жарамайды текке деді.
Бұл үйге құдай айдап келіп қапсың,
Тез барда түнеп келші шөпке деді.
Шөбінің жиған жері бес шақырым,
Аяңдап кете бердім кешке тұрым.
Қорқыныш, елсіз өзен, еш адам жоқ,
Шөбіне барып жаттым мен пақырың.
Кетпеген күн ызғары қыстың айы:
Киімнің аяз қысып кетті жайы.
Иегім иегіме тимей кетті,
Жамылған пана болмай кебентайым.
Бермеген тым болмаса жейтін азық,
Мен болдым шөп түбіне қаққан қазық.
Ішімнен ой, сыртымнан суық сорды,
Жататын заман қайда бауыр жазып.
Қалтырап тұла денем жылымады,
Аяқта киіз етік сырымалы.
Тағы да шыбын жаннан безіп тұрмын,
Қасқырдың естіледі ұлығаны…
Көпшілік, салшы құлақ ғазалыма,
Кез болдым қара түннің тажалына.
Жас тілек өмірімнен күдер үзіп,
Келдім бе осы шөпке ажалыма?
Түстім бе жауыз байдың ноқтасына,
Тырмысып зорға шықтым шөп басына,
Шыбын жан осы түннен қалар ма деп,
Көз жасым аға бермей тоқтасын ба?
Зар жылап тұрдым шөптің төбесінде
Үрлеймін тырнағымның көбесіне.
Басыма көп бәлені іздеп алдым,
Тоям деп залым байдың көжесіне.
Суық жел қара түнде соғып жатыр,
Сол кезде маған түсті заман ақыр.
Ойыма өткен күндер түсіп кетсе,
Қазіргі қызықты өмір мыңға татыр.
Қуыстап шөп төбесін жаттым кіріп,
Шуласты қасқыр ұлып, қаншық үріп.
Сары таң сарғаятын болса егер,
Кетер ем құйындай боп зыр жүгіріп!
Ініне кіріп жатқан тышқандай боп,
Өкпемнен аяз жатыр қысқандай боп.
Қасқырлар тұра келіп бас салғандай,
Әр нәрсе елестейді дұшпандай боп.
Себелеп жауып бұлттан жаңбыр шықты,
Мұз қатқан жер бетіне қабыршақты.
Болғанда түн ортасы шамасында
Бір жақтан айқайласқан дабыр шықты.
Айқайлап бір-біріне қышқырады,
Ән салып, кейбіреулер ысқырады.
Сарыны қатқан жердің қарш-қарш етіп,
Аттары астындағы пысқырады.
Басымды бұл қалай деп жұлып алдым,
Боларын бір сұмдықтың біліп алдым,
Қуандым адамзаттың даусы ғой деп,
Қасқырдың есіме алып ұлығанын.
Жақындап келіп қалды бір топ кісі,
Келеді күліп-ойнап үлкен-кіші,
Көрінбей жатайын деп бұғып қалдым,
Жетеді көп адамға кімнің күші.
Мінгені бәрінің де ат пен түйе,
Қыс қатты арықтаған айғыр, бие.
Түстім де әлгі шөптен жасырындым,
Түнімен отырсам да болып ие.
Түбіне барып жаттым бір топ шидің,
Жан тәтті, ала берсін, шөпті қидым.
Айтқанын Нұрғалықтың істеймін деп,
Қылығын маған қылған ішке түйдім.
Кісілер әлгі шөпке тура келді,
Шиқылдап жарап жүрген бура келді.
Біле алмай не қыларды ши түбінде
Жатырмын дірдек қағып қурап енді.
Бәрі кеп мая шөпті бұзбақ болды,
Шекесі мінген көлік қызбақ болды.
Көлігін шөпті шашып байластырды,
Сымбалдап арқан, жіппен бумақ болды.
Амалым кісілердің атын білмек,
Өздері сөйлескенде затын білмек,
Қашуға білдірместен, ойымда бар
Ішінен таңдап жүріп атын мінбек.
Түбінде бір түп шидің жаттым бұғып,
Өзді-өзі сөйлеседі даусы шығып.
Аманжол, Мұса, Омар деген екен,
Аттарын ұмытпастай алдым ұғып.
Аттарын шөп сап қойған байластырып,
Түйеге артып жатыр жайластырып.
Еңбектеп он шақты аттың қасына кеп,
Отырдым жүрексініп байқастырып.
Шөгеріп түйелерін артып жатыр,
Арқанын айқастырып тартып жатыр,
Қыс қатты, аштық көрген ат-түйесі:
Сұғынып пішен-шөпті қарпып жатыр.
Он аттың мінсем деймін бірін таңдап,
Біреуі көрінеді үлкен саңлақ.
Ақырын ауыздығын салып алдым,
Қараймын көрмесін деп аңдап-аңдап.
Міндім де ең жақсысын жүріп бердім,
Тепкілеп басқа, көзге ұрып бердім!
Тасырлап жөнелгенде біліп қалып,
Артымнан бір-екеуі қуып берді.
Артыма қарап қойып қашып келем,
Ұстаса өлтірер деп сасып келем.
Қашпай-ақ ұрлап мініп жүре бермей,
Азаппен тартады екен нәсіп деген.
Заулатып айдап келем қатқақпенен,
Шығады бала күнде шатпақ деген,
Басында төте жолды тауып қашпай,
Омбылап ат жүре алмас батпақпенен.
Қуғыншы келіп қалды жақындасып,
Аттары қояр емес тақымдасып;
Жақсы деп қараңғыда мінген атым,
Қаупиған арық екен қара басып.
Сұм байдың жапан түзде қондырғаны,
Аяздың түніменен тоңдырғаны,
Қапалық қайғы басты қара түнмен,
Атымның мініп қашқан болдырғаны.
Артымнан қуып жетіп ұстағаны,
Тепкілеп ес тандырып мүштағаны,
Ат ұрлап қайда қашып барасың деп,
Шыныңды шапшаң айт деп қыстағаны.
Қайтадан ұрып, сабап алып жүрді,
Мойныма қыл шылбырын салып жүрді.
Бұл атты қайда ұрлап барасың деп,
Шырылдатып мен сорлыны тағы да ұрды.
Қолымды арт жағыма қойды байлап,
Зар жылап мен отырмын көзім жайнап.
Қалғандар әрқайсысы бір тебеді,
Жалтақтап жалынамын ағатайлап.
Ішінде бір шал адам өңі жылы:
– Қой, – деді өліп қалса болар құны.
Байлаулы қолым шешіп жөн сұрады,
Баланың енді шығар барлық шыны.
Босатып: – жөніңді айтшы, балам, – деді,
– Кім болар аты-жөнің, бабаң, – деді.
Егер де сен сырыңды жасырғанмен,
Ауылға алып барып табам, – деді.
– Қолымды, ағатайлар, шешші, – дедім,
Жайымды мен айтайын, кешші, – дедім.
Егер де кінә маған түсер болса,
Етімді жапырақтап кесші, – дедім.
Аты-жөн мен айтайын текті, – дедім,
Шамам жоқ жеңетұғын көпті, – дедім.
Ағалар сіз ұры ма, мен ұры ма?
Сендер ғой ұрлап жатқан шөпті, – дедім.
Мен айттым мән-жайымды қалдырмастан,
Жетім боп қалғанымды бала жастан.
Қалшылдап қорыққанымнан дірілдедім,
Жатқанды шөпке келіп айттым бастан.
Атамыз Солтанкелді, Бөкен, – дедім,
Жәкелер, босатыңдар кетем, – дедім.
Әркімнің шөбін баққан мен бір жетім,
Шешем жоқ, кәрі кісі әкем, – дедім.
– Қайтеміз жас баланы зар жылатып,
Кетелік шөбімізді жылдам артып.
Апарсақ байлап-матап обал болар,
Күзеткен шөбін бұзып, алдық артып.
Кедейдің бұл сөзді айтқан бірі екен,
Әр сөзі шал байқұстың жылы екен.
Жасынан жоқшылықты көп өткізген,
Дүйсенбі деген байдың құлы екен.
Нүсіпбай, Мұса деген Омарменен
Әлгі құл бірге келген соларменен.
Аманжол деген екен құлдың аты,
Естідім жалғыз содан обал деген.
Ақыры мені тастап, жүріп кетті,
Көрсетіп талай қорлық ұрып кетті.
«Бар енді ауылыңа хабар қыл» деп,
Басыма кебентайды түріп кетті.
Осындай қорлық көрдім түніменен,
Қор болып өтемін бе шыныменен,
Зарланып ойбай салып жылағанда
Сары жел қосылғандай үніменен.
Таң атып, күн де шықты, жер көрініп
Жан-жақтан мұнарланып, ел көрініп,
«Апырым-ай, қожайынға не айтамын» деп
Келемін үйге қарай сүмірейіп.
Мен келсем тұрған екен төсегінен,
Түгендеп қой, түйесін есебімен.
Қарасам әкем келіп сонда отыр,
Қарағым, келмедің деп неше күннен.
Қарағым, барып едің қайда?, деді,
Істеп ең не қызмет байға, деді.
Қария, балаңызды жұмсап едім,
Үйген шөп қопадағы сайға,— деді.
-Түбіне шөбіңіздің жаттым, дедім,
Азапты түніменен тарттым,- дедім.
Кигізген кебентайың пана болмай,
Қалжырап таң атқанша қаттым, дедім.
Қасқырлар ұлығанда зәрем ұшып.
Шөбіңді ұйықтамай бақтым, дедім.
Пұсырман он-он бестей көлікпенен,
Шөбіңді бұзып артып қайтты, дедім.
Көрген соң көп адамды жаттым, дедім,
Бір амал жасырынып таптым, дедім.
Атының бір үлкенін ұрлап мініп,
Ауылға жетемін деп шаптым, дедім.
«Артымнан ұстап алды қуып жетіп,
Қор қылды таң атқанша тепкілетіп.
Мойныма шылбыр салды өлтірем деп,
Жыладым кетті ғой деп қорлығы өтіп».
…Әкеммен қол ұстасып кеттім жүріп,
Жаяулап екі етекті алдық түріп.
Бай қалды төмен қарап, жерді шұқып,
Жарамай ас іш деуге үйге кіріп.
1898—1961
[1] Пұсырман – ру аты.