Хронограф

Кенен Әзірбаев туралы қысқаша мағлұмат
(1884-1976 жж.)

Халық ақыны, әнші және композитор Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусымда қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Әзірбай мен анасы Ұлдардың, балалары Базар мен Назардың мәйіттері осы жерде.

Он жасында қолына домбыра алып, той-жиындарда ән сала бастаған. 11 жасында өзінің тұңғыш әні «Ри, қойымды», 13 жасында атақты «Бозторғайды» шығарды. Халықтың көңілін елең еткізген бұл ән тез арада бүкіл қазақ даласына тарады. Бала Кененнің аты қырғыз-қазаққа мәлім бола бастады. Жасөспірім әншіні «Боздаланың бозторғайы» деп атады.

Ақынның бозбала шағында (16-17 жасында) шығарған «Көкшолақ әні» Кененнің даңқын арттыра түсті. Өмірдің қысастығы мен кедейлікке ашынған, содан құтылар жол іздеген жас ақынның бұлқынған жүрегі еді бұл.

1904 жылы атақты қырғыз манабы Шәбден батырдың асында өзінің «Көпшілік тыңда әнімді» деген әнін шығарды. Осы жиында Жамбыл, Құлмамбет, Қатаған, Қалмырза сынды өлең-жырдың дүлдүлдерін көрді.

1914 жылы арқаның атақты әншісі Балуан Шолақ өзінің ата-жұрты Жетісуға келеді. Ел аралап жүріп Қордай жеріне келгенде атағы бүкіл Жетісу жеріне мәлім Кенен ақынды алдыртып, әнін тыңдайды. Қасына ертіп жүріп, өзінің әндерін үйреткен. Бұл менің Балуанды екінші рет көруім дейтін. Осы жолы Балуан Шолақтың 12 әнін өз аузынан үйренгенін айтады.

Кенен жалынды күрескер ақын. 1916 жылы Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысты. Осы жылдары «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда!», «Бұлбұлға» деген әндері дүниеге келеді.

Кеңес үкіметі орнаған кезде халық арасында үгіт-насихат жүргізу шараларына ат салысты. Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Қуаныш Бәрібаев сияқты жалынды революционер-большевиктермен бірге болды. Осы жылдары «Октябрь», «Балдай бол», «Соқ-соқ байларды», «Шырқа даусым» т.б. әндерін шығарды.

1919 – 1922 жылдары Қордай аудандық революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Әнімен де, жырымен де халықты бірлікке, жасампаздыққа, білім-өнерге ұмтылуға шақырды. «Шаңқ етпе», «Жас екпін», «Екпінделерге» деген әндері осының дәлелі.

1923 жылы ақынның Базар-Назар деген екі ұлы бірдей бір күнде, шешек ауруынан қайтыс болады. Қатты қайғырған ақын өзінің «Ақ ешкінің зары» деген атақты жоқтау-әнін шығарады. Кейін бұл ән халық арасына «Базар-Назар» деген атпен тарап кетті.

1931 – 1933 жылдары қазақ даласына үлкен қасірет әкелген ұжымдастыру саясатының куәгері болды. Кеңес үкіметінің солақай саясатын, аштықтан бас сауғалаған қазақтың ауыр тірлігін көрген ақын шыдай алмай 1932 жылы жұбайы Насиха мен қызы Ұлтайды алып қырғыз ағайындарды паналауға мәжбүр болды.

1934 жылы Кенен ақын Түркісибир (Түркістан-Сібір) темір жолында көшпелі театрда әнші болған. Аягөз станциясында атақты ақын Шашубай Қошқарбаевпен кездесіп, өнер сынасқан.

1934 жылы ақынның Төрткен атты қызы дүниеге келді. Оның азан шақырып қойған аты «Төрт кемпір бір шал». Тіл-көзден сақтасын деп, ырымдап қойған екен. Өйткені оның алдында жеті баласы өлген. Кейін қызының атын Төрткен деп өзгерткен.

1936 жылы тұңғыш рет Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігіне қатысты. Қазақтың бұлбұл қызы Күләш, Ұлы ұстазы Жамбылмен бірге барды. Кремльдің үлкен сарайында өзінің «Жаңа заң» деген әнін орындады.

1937 жылы Жамбыл Жабаевпен бірге Кавказға сапар шекті. Онда бір топ қазақ зиялыларымен бірге грузин халқының ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 800 жылдығына арналған мерекеге қатысты. Сталиннің туған жері Гори қаласында болды.

1937 жылы Кенен Әзірбаев ССРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.

Қазақ халқының басына қаратүнек орнаған 1937 жыл. Ораз Жандосовпен дос болған, оған арнап «Оразжан» деген қоштасу әнін шығарған ақынның өз басына да қауіп төнген еді. Ақыры Кененді «халық жауы» деген жаламен қамауға алды. Ол Алматы қаласының түрмесінде 3-4 ай отырып шықты.

1939 жылы ақын ұлды болады. Ұлы жырау Жамбыл Жабаев ақынның тұрған жері Иірсуға арнайы келіп, батасын берген. Көркемжан деп атын қойған.

1939 жылы әнші – композитор К. Әзірбаев ССРО Композиторлар одағының мүшесі болды.

1940 жылы Москваға барып, ССРО халық әртісі, композитор Р.М. Глиердің бастамасымен ашылған әнші-композиторлар курсына қатысты. Осы курста Кенен әлемдік ұлы композиторлардың өмірі және шығармашылығы туралы көптеген мағлұматтар алып қайтты.

1941-1945 жылдары болған Ұлы отан соғысы кезінде ақын домбырасын қолына алып күндіз-түні халқының ортасында болды. Алапат соғыстың бірінші күні-ақ «Біздің Отан жеңеді» деп саңқ ете қалған ақынның даусы бүкіл қазақ жерін шарлап кетті. Халықты сабырға, шыдамдылыққа, жеңіске шақырған ақынның үні бір сәт толастаған емес. «Қайран, Шөкем!», «Жалғыз қайным», «Күйгенім-ай, сүйгенім-ай!», «Ел қуанышы», «Жеңіс жылғы шаттық ән» сияқты туындылары халықтың асыл қазынасына айналды.

1945 жылы ұлы ұстазы Жамбыл дүние салғанда Кенен ақын арнайы келіп, ұзақ жоқтау-жырын айтқан. Кейін осы жырларын толықтырып «Жамбыл-жыр» атты дастанын жазып қалдырды.

1945 жылғы 1 қаңтарда халық ақыны К.Әзірбаев «Құрмет белгісі» орденімен наградталды.

1945 жылы 5 шілдеде ақын 61 жасқа келгенде екінші ұлы туды. Көркемжанға ұқсатып, атын Бақытжан деп ақынның өзі қойды. Ақынның бүкіл мұрасын, өлең-жырын жинақтап, насихаттап жүрген баласы.

1946 жылы сонау Кавказдан жер аударылып, жолда шешесінен, екі баурынан айрылған он жасар қызды қолынан жетектеп үйге алып келеді. Дағыстан жерінен, аты Хамсия екен. Атауға жеңіл деп атын Айша деп өзгертеді. Сол Айша Кененқызы оқуын бітірген соң қазақтың жігітіне тұрмысқа шықты. Артында 5 ұл, 1 қызы қалды. Айша тәтеміздің ұрпағы Жамбыл облысы, Қордай ауданында өмір сүріп жатыр.

1947 жылы Москва қаласының 800 жылдық мерей тойына қатысты. Осы мерекеге арнап «Батыр Москва» деген әнін шығарды.

1948 жылы қыздары – Ақтамақ, 1952 жылы – Ақбілек дүниеге келді. Ақынның артында мол үрім-бұтағы қалды. Немере-шөбере (шөпшек), жиен – жиеншарларын есептегенде 100-ден асып жығылады.

1948 жылы Қазақстан композиторларының І – съезін халық ақыны Кенен Әзірбаев ашты.

1959 жылы тұңғыш рет ақынның 75 жылдық мерей тойы Қордай жерінде өтті. Тойды қазақтың біртуар азамат-жазушысы Сәбит Мұқанов басқарды. Осы мерекеге орай ақынға екінші рет «Құрмет белгісі» ордені берілді.
1960 жылы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге Москвада өткен Шығыс фольклорын зерттеушілердің дүниежүзілік ХХҮ-конгресіне қатысты. Осы алқалы жиында Қобыланды жырындағы «Тайбурылдың шабысы» үзіндісін аса шеберлікпен орындап шықты.

1961 жылдың 8-ақпанында К. Әзірбаевқа «Қазақ ССР-нің халық ақыны» деген құрметті атақ берілді.

1964 жылы халық ақыны Кенен Әзірбаевтың 80 жасқа толған мерей тойы республика көлемінде аталып өтті. Осы жылдары ақын «Бес қуаныш», «Қайран жастық», «Қазақстан аймағы» деген әндерін шығарды.

1967 жылғы 28 қазан айында К. Әзірбаев «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды.

1974 жылы ақынның 90 жылдық мерей тойы Қордай тауының етегінде өтті. Республиканың барлық аймақтарынан қонақтар келді. Қарт ақынның кеудесіне ең жоғары награда «Ленин» ордені тағылды.

1976 жылдың 12 сәуірінде 92 жастан асқан қазақтың асқан дарын иесі Кенен Әзірбаев дүниеден озды. Оның мәйіті сол өзі тұрған елді мекенге қойылды. Қазіргі таңда ол «Кенен ауылы» деп аталады.

1981 жылы осы жерде халық ақыны Кенен Әзірбаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды.

Содан бері ақынның 100, 110, 120, 125 жылдық мерей тойлары республикалық деңгейде үзбей тойланып келеді. Ақын кейінгі ұрпаққа 120-дан астам ән, 7 күй, 10 жыр-дастан, жүздеген өлең-жырларын, айтыстарын қалдырды. Филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың сөзімен айтқанда: «Кенен Әзірбаев – сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз: жырау әрі ақын, жыршы әрі күйші, әнші әрі композитор, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер».

2001 жылдан бері Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен әрбір екі жыл сайын Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» атты республикалық әншілер конкурсы өткізіліп келеді.

2011 жылы ақынның ұрпақтары Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы мен өмірі туралы «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильм түсірді.

2013 жылы Алматы қаласында халық ақыны Кенен Әзірбаевқа ескерткіш орнатылды.

2016 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданында туған тарихи тұлғалар: Ноғайбай би, Кебекбай шешен, Өтеген батыр және халық ақыны Кенен Әзірбаевқа арналған «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені ашылды.

2016 жылы Елордасы Астана қаласында халық ақыны, әнші және композитор Кенен Әзірбаевтың атына көше берілді.

2017 жылы мемлекеттік тапсырыспен халық ақыны Кенен Әзірбаевтың 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

2017 жылы Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет өнер жұлдыздарының қатысуымен Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына арналған «Мен сүйемін халқымды» атты концерт өткізілді.

2018 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық филармониясына Кенен Әзірбаевтың есімі берілді.

2019 жылы танымал әнші, Кенен Әзірбаевтың әндерін насихаттаушы Бейбіт Мұсаевтың орындауында тұңғыш рет ақынның 20 әні дискке жазылып шығарылды.