АУЫРЫП ЖАЗЫЛҒАНДА
Басып жатты бір кесел алты жылдай,
Қызығымнан қалдым-ау талай-талай.
Күн мен түнді есепке алмағанда,
Мен жатқалы өтіпті жетпіс екі ай.
Жата бердім үйімде қадам баспай,
Ағайын мен көршіге араласпай,
Газет, журнал, кітаптар досым болды,
Жайлы төсек, Насиқа жастық жастай.
Көп сөйлемей, ыржиып күлмедім де,
Елдің сөзін құлаққа ілмедім де.
Сүлейсапа солғын боп келгендерге,
Жөнді жауап сұраса бермедім де.
Шілдедегі бұлбұлдай тілім келмей,
Дүниеден безгендей көңілім желмей.
Жекжат-жұрат, ағайын, балаларға
Мекіреніп қарамай мейірленбей.
Үй ішімнің ішкені ірің болды,
Елдің бәрі болды ғой түңілгендей.
Өсек-аяң көбейіп күңкілдеген,
Отырған соң бендеге бейілденбей.
Суық күздей сұрланды үйдің сиқы,
Балалардан тыйылды ойын-күлкі.
Ауруменен қосыла әлек кіріп,
Өтіп жатты тіршілік ұйқы-тұйқы,
Сырттан кіріс тыйылып, табыс тоқтап,
Азын-аулақ таусылды қой мен жылқы.
Мейірбанды ел-жұрттың арқасында,
Сатылмады әйтеуір үйдің мүлкі.
Кейбіреулер бұл Кенен өлді деді,
Кетпес кезік кеселі келді деді.
Барлық малы таусылды жата-жата,
Неменесін жер екен енді деді.
Кейбіреулер бұл Кенен жынды деді,
Мұның шайтан мойнына мінді деді.
Большевик боп жамандап би-болысты,
Аруағы солардың ұрды деді.
Шарапатты адамдар атты деді,
Енді Кенен тұрмайды, жатты деді.
Әндерінің барлығы осы күні
Жарамай еш нәрсеге қапты деді.
Кебекбайдың моласын жаңғыртам деп,
Ренжіген аруақ тапты деді.
Арасанға барғанда арақ ішіп,
Әулиелер әнеки, атты деді.
«Аларға бар ағайын, берерге жоқ»,
Айтатұғын сөз анау тағы шоқ-шоқ.
Партия мен үкімет панасында
Жата бердім, тәуекел, еш кемдік жоқ.
Шыр-шыр етті Насиқа қызғыштай боп,
Азып-тозып, ой ойлап, қырғыштай боп.
Ауырмалдық, бала жас өз мойнында
Амал бар ма келген соң бір кездейсоқ,
Жазушылар кеп тұрды кезек-кезек,
Сәбит, Мұхтар, Мәрия жыл кұстай боп.
Молда, қожа дәме қып түріп құлақ,
Кейбіреулер келмейді сырттан сұрап.
Партия мен халқыма сансыз алғыс,
Түрлі жағдай туғызды жағып шырақ.
Үкімет еңбегімді бағалады,
Үй салдырды Қордайдан шағалалы.
Көшіп келіп Отардан кіргеннен соң,
Денсаулықтың нышаны жағалады.
Қордайдың айналайын жерінен де,
Тұнық су, қоңыр салқын желінен де.
Шаң-топырақ болмайды, көк майсалы,
Тынысым ашылды ғой күннен-күнге.
Қордай, «Киров» ағытты кісенімді,
Ақтерек алып қалды кеселімді,
Көк машина келгенде, атып тұрып,
Сілкіп тастап жөнелдім төсегімді.
Ауырғанның дауасын елім тапты,
Кеселімнің өкімет емін тапты.
Жетпіс беске толғанда той жасады,
Тау суындай көңілімді тасқындатты.
Айтушылар қоя ма өсек-аяң,
Тағы күндеу, тағы бір тілі шаян.
Сырты дос боп, ішінен қастығы бар,
Арамтамақ, ала аяқ, сөзі жаман.
Тойдан тоймай қайттық деп кінә таққан,
Көзге айта алмай құлақты шуылдатқан.
Ниеті адал адамға жала жабар,
Ауыл кезгіш өсекшіл, қудан сақтан.
Жазылған соң әлденіп есім жиып,
Қайтіп жатқан сорлы өнер ішке сыйып,
Алты жылдай ілулі домбырамды,
Қолыма алдым баламдай бетін сүйіп.
Тастамаушы ем домбырам қайда барсам,
Жараспаймын жаныма байламасам.
Тізгінсіз ат мінгендей көрінесің,
Екі қолым ербеңдеп әнге салсам.
Он жастан жолдас болған ақ домбырам,
Үніме өрнек қосқан нақ домбырам,
Байлықпен, батырлықпен шыққаным жоқ,
Ат берген, атақ берген бақ домбырам.
Базарда ат та тұрса, атан тұрса,
Қымбат зат алтын-күміс қатар тұрса,
Алар ем домбыраны елден бұрын,
Ілулі жанат бұлғын шапан тұрса.
Сағынтқан домбырама ішек тақтым,
Өзім де ішім толып өліп қаппын.
Шыққанда құлақ күйдің қоңыр үні,
Қалжа жеген әйелдей терім ақтың.
Домбырам, үнің бірдей үнімменен,
Сайрасам тілің бірдей тілімменен.
Өлгенде бірге қой деп айтар едім,
Тартатұғын қызым бар ұлымменен.
Қордайым, қасиетті туған жерім,
Талай сауық-тамаша құрған елім.
Мен жазылдым, ел-жұртым, сүйінші бер,
Домбыра алып әнімді төгілтемін.
Көп жыл аңсап сағынған қайран елім,
Ауру болып жатқанда болмай көңлім,
Кәрі-жасың, ұл-қыздар, іні-келін,
Көремін деп сендерді ойлап па едім…
Екі аудан қосылып ірілендік,
Екпін, қарқын туғызып дүрілдедік.
Шаруашылық өркендей, табыс артқан,
Әлді-ауқатты халықтың түрін көрдік.
Жүні жібек, сүті бал қойлары бар,
Сиыр малдың сүті май, ойланыңдар.
Ішсең сүті сусының дертке дәрі,
Жылқы, түйе о да өскен жан-жануар.
Туып-өскен көрікті жерім Қордай,
Егін салып, далаға малым сыймай.
Тұрмысымыз тамаша, қызықты өмір,
Кененің қайта тұрып әнге салды-ай!
1958