БАЛАЛАР, АТА-АНАНЫҢ
ҚАДІРІН БІЛ
Көргенім сексен жасқа келгенімше,
Ұмытпасам жазайын алып еске,
Ажалдан кім құтылар тура келсе,
Өмір шіркін ұқсайды көрген түске.
Ақылыңмен әлемнен ассаң-дағы,
Жан үшін алтын, күміс шашсаң-дағы,
Артынан ата-баба бір барармыз,
Жел мініп жеткізбестей, қашсаң-дағы.
Әкем кетті аттанып Көкшолақпен,
Шоқпыт бөрік, үстінде жүннен шекпен,
Аяғында сырыған киіз етік,
Екі жеңі жамаулы шуда жіппен.
Бірі өтірік емес-ті осы сөзім,
Жеті жаста өзімнің көрген көзім.
Елге жаман болса да кедейліктен,
Теңгермеймін ешкімге басқан ізін.
Келгенінше кетеді айлар өтіп,
Сорлы әкем қыздарын іздеп кетіп.
Түтін шыққан үйлерді аңдап барсам,
Ұрысады қағытып маған жекіп.
Әкем барып жатады қыздарына,
Қыздан туған жиендер ұрпағына.
Қыз бен күйеу аузынан май ағызса,
Мені ойлап жүреді құр жаны да.
Өзі жемей тамақты маған сақтап,
Түбін сұрап құдайдан жалбарақтап.
Сөйтіп баққан әкеме не көрсеттім,
Бұла бойшаң боп өстім, тамағым тоқ.
Сексен беске кеп өлді қайран әкем,
Талай-талай тигізген пайданы әкем.
Ата-ананың еңбегін енді ойласам,
Құтылармын қарызын қайдан әкеп.
Немере бір ұл, бір қыз сүйіп кетті,
Шүкіршілік ішінен түйіп кетті.
Көзін жұмса, үйге ие табылды деп,
Ән тыңдап менен көңілі тынып кетті.
Балалар, ата-ананың қадірін біл,
Сендерге де бітеді қыз бенен ұл.
Түскен соң өз басыма ескерткенім,
Жастарға үлгі қылып айтқаным бұл.
Ата-ана – үйдегі ұяң, мектеп екен,
Үйретсе жақсы үлгі көп сеп екен.
Ұяда не көргенін құстар да істер,
Жақсылық, жаманшылық тектен екен.
1964