БАЛАЛЫҚ ШАҚ
Өмірдің ойынына батқан қызық,
Асықты ақ сақамен атқан қызық.
Көктемде көпіршіген суға түсіп,
Жалаңаш саныңды ұрып шапқан қызық.
Туған жер топырағы қандай ыстық,
Иіскеп аунап-қунап жатқан қызық.
Белгілі бес асықты қолға алып,
Таласып алақанға қаққан қызық.
Он жас пен тоғыз жасқа ілінген соң,
Амалсыз байдың қойын баққан қызық.
Шіл менен кекіліктің жұмыртқасын,
Ұядан қарап жүріп тапқан қызық.
Тасына Мәтібұлақ шығып алып,
«Ри, қой», «Бозторғайды» айтқан қызық.
Әйтеуір қой соңында ойнап жүріп,
Ауылға кешке қарай қайтқан қызық.
Қурай менен қамыстан сырнай жасап,
Сызылтып сыбызғыны тартқан қызық.
Кененжан сыбызғыңды тартып бер деп,
Кәрі-жас екі көзін сатқан қызық.
1974