БАЛТАҒҰЛҒА

Балтағұл, хатыңды алдым кеше сенен,

Атыңды жақсы қойған әке, шешең.

Хат арқылы болса да әрбір айда,

Аман, саулық біліскен жақсы екен.

Советтік заманымда адал, шындық,

Өткендердің өмірін әбден білдік.

Қараңғыға қамалған жұрт екенбіз,

Ленинге сан алғыс, миллион құлдық.

Зорлық жоқ, зомбылық жоқ, жалтақтамай,

Еркінше еңбекпенен ойнап-күлдік.

Өнер-білім, ер, әйел, кәрі мен жас,

Елу жылда көргені миллион жылдық.

Атын атап, таусылмас түрлі ғажап,

Аспан, жердің арасын айтсақ санап.

Адамнан құтылатын қамал жоқ деп,

Маркс те айтып кеткен оймен болжап.

Балтағұл, бақыттымыз, көрдік бәрін,

Ол заман, бұл заманның адамдарын.

Өткіздік қолымызбен, көзімізбен,

Бай, манап, би мен болыс мырзаларын.

Бай – кедей, кедейлер – бай болмас деуші ек,

Адамға оңай екен, ойла, жаным!

Балтағұл, көрініп тұр ақындығың,

Белгілі ниетіміз жақындығың,

Бұрынғылар айтады деген сөз бар:

«Бүкең қағып кетерміз ақыр бір күн».

«Алматы – Қазақстан астанасы» –

Тәуір екен поэмаң бастамасы.

Ақын болып жүргендер бәрі сендей,

Өнерді бойға біткен тастамашы.

1961