БҰРЫНҒЫ ЖАЛШЫ,

БҮГІНГІ МАЛШЫ

Бұрынғы жалшыларға қарағанда,

Жататын жазда-қыста балағанда.

Үстінде үй, бауырында қазаны жоқ

Оларды жан деп ешкім санаған ба?

Қоңыр тон, шоқпыт бөрік, киіз етік

Лыпа жоқ тыр жалаңаш балалар да.

Қасқыр жеп бір тоқтысын кетсе байдың

Бақыртып кешке дейін сабаған да.

Қожайын келе жатса қол қусырып,

Бойына ішкен асы тараған ба?

                   * * *

Бүгінгі арман бар ма, малшыларда?

Кигені асыл киім, қолда сағат,

Астында мінген аты жүйрік, жорға.

Жаз жайлау, көктеу-күздеу қар жауғанша,

Киіз үй отырғаны аппақ орда.

Орнатып радио, телевизор,

Әңгіме, ән-күй тыңдап, оң  мен солда.

Қыс болса отыратын үйің дайын,

Еңселі сәнді сарай, қора жайың,

Жем үюлі қамбада, шөп үюлі

Газбенен  қайнаулы тұр ет пен шайың.

Партия мен өкімет бағалап тұр

Малшылардың жақсартып түрлі жайын.

Көшеде көрнекті үйің жасыл бақты,

Электр Ильич шамын жарқылдатты.

Ішіне енген адам шыққысы жоқ,

Жинаған асыл-жиһаз түрлі затты.

Айнала үй іргесі бау мен бақша

Алма, өрік жемістері балдан тәтті.

Жеті қат жер астынан су келтіріп,

Фонтаннан күміс суды сарқыратты.

Бұрынғы өтіп кеткен бай, манаптар,

Көрген жоқ бұл сияқты рақатты.

Аспанға ұш, дарияға түс ерік өзіңде

Жердегі көріп жүрсің салтанатты.

Қой бағып, қозы өсірген малшыларға

Абырой, атақ беріп, орден тақты.

Айтамыз партияға сансыз алғыс

Халықтың  көкейтесті ойын тапты.

1975