ДЕМ АЛҒАНДА

Деуші еді осы араны Медеу сайы,

Ауырмай, өзгерген бе жер жағдайы?

Алматы баяғыдай зер жамылып,

Жібектей төгіліп тұр қарағайы.

Жасымда осы сайды өрлеп едім,

Жемісін жабайы өскен терген едім.

Алма қорып жан баққан ақсақ шалдың

Түйесіне мінгесіп келген едім.

Бұл жерді ол заманда бай жайлаған,

Ызғытып жүздеп, мыңдап мал айдаған.

Дірдек қағып жүгіріп мал соңында,

Қойшы сорлы жүретін сор қайнаған.

Міне, енді танымадым Медеу сайын,

Көгерген курорт үйлер, жыра, сайын.

Ауасы дертке шипа, бойға қуат,

Ер, әйел, кәрі, жастың тапқан жайын.

Партия мен халқымнан айналайын,

Табылды қартайғанда менің жайым.

Ұзақ жатқан сырқаттан айыққан соң,

Мен де келіп, деп едім дем алайын.

Дем алып тыныққан соң тауға шықтым,

Таяқ алмай қолыма заулап шықтым.

Жетпіс бестің белесін байқайын деп,

Көтермелеп көңілімді аулап шықтым.

Отырдым қарағайдың арасында,

Көз жіберіп Алматы қаласына,

Гүлденген колхоз, совхоз көз тартады,

Кестедей Алатаудың сағасында.

Қолымда домбырам бар әнге шерткен,

Көңілім халқым сыйлап көкке жеткен.

Ата-аталап құрметтеп келіндерім,

Жүрегімді жылытып елжіреткен.

1959