ДОМБЫРА

Домбырам, қайда барсам тастамаймын,

Әнменен сенсіз өлең бастамаймын.

Екі шек, он бір перне, бір тиекпен,

Сайрасам қызыл тілмен аспандаймын.

Жан жолдас жас күнімнен қайда барсам,

Жаныма жүре алмаймын байламасам.

Даусыма дауыс қосып әсер беред,

Жаңғыртып тау мен тасты айқайласам.

Сенімен әнші, күйші, ақын жолдас,

Астыма мініп жүрген атым жолдас.

Құтқарған қашсам жаудан, қусам жеткен,

Таппадым екеуіңдей жақын жолдас.

1925