ЕЛУ ЖЫЛДА ЕЛ ЖАҢА

Туған жер, тауың да ыстық, тасың да ыстық,

Туған ел, кәрің де ыстық, жасың да ыстық.

Жүрсең де бөтен елде бөртіп майға,

Ел мен жер естен кетпес бұлбұл ұшып.

Туған жер, тайға таңба басқандайсың,

 Көңілім араласаң аспандайсың.

 Шаттанып ән шырқатсам ат үстінде

Құрметтеп маған дауыс қосқандайсың.

Адамның туған жерде ынтызары,

Кетпейді бір аунамай жас пен кәрі.

Ойнаған ой-қырлары көзге елестеп,

Қол бұлғап шақырғандай сүйген жары.

Туған жер, өскен өлкем Қазақстан,

Партия бастағалы даңқың асқан.

Тұсында әділ заман нұрға оранды,

Ел екен қоныс алған тау мен тастан.

Көшпенді ел аңдай үркіп қазақ ұлты,

Күнелткен күңіреніп азапты күн,

Қалың жауған қар қырып төрт түлігін,

Аңдай шапқан жау айдап түскен үйін.

Сол кезде ел қорғайтын батыр болған,

Ақсақал ақыл айтып нақыл болған.

Ер менен елге серік жыршы-күйші,

 Халықпен бірге, мұңдас ақын болған.

Атамыз, анамыз да тату екен.

Кең байтақ малға жайлы алған менен.

Көрші боп ұлы орысқа арқа сүйеп,

Кең пейіл өнерлі елге жақын екен.

Ежелден ер халыққа қосып тілек,

Ақ жарқын қазақ халқы таза жүрек

Жаулардан талай жерін қорғап қапты,

Жауынгер орыстарды қылып тірек.

Үйреніп қыста тұрар там дегенді,

Үйлеріне жарқырап шам да келді.

Бұрын тек мал өргізіп жүрген халық,

Шөп шауып, егін айдап әдеттенді.

Бар жағдай белгілі ғой тарихтағы,

Еңбеккер, бейнеткердің арық шағы,

Қазіргі Қазақстан өркені өсіп,

Ер, әйел, ұл-қыздары шарықтады.

Табысқа сан жетпейді, сән-салтанат,

Тамаша үйге кірді тоғыз қабат,

Өнерпаз үлгілі елдің болды бірі,

Елу жылдың төрінен тұрсаң қарап.

Көркейді бұл күндері Совет елі,

Тойлады елу жылдық мерекені,

Халқымның еңбектегі ерліктері

Куәсі ұлы елімнің берекелі.

Отаным болса жердің гүлстаны,

Қазақстан – отауы шығыстағы.

Ұлы тойға үлесін қосу үшін,

Жарыста озып ерлерім ту ұстады.

Күн сайын өрістеді қарқын өрлеп,

Күн сайын қарыштады артып еңбек.

Күн сайын озаттардың өнегесі

Жыр болды қағаздарға тартып өрнек.

Дихандар тракторын дүрілдетті,

Алтын күн егін-жайға нұрын төкті.

Ұлы еңбек әр жанарға шаттық сеуіп,

Ұлы еңбек әрбір жанды күлімдетті.

Заводта талай жеңіс таңдары атты,

Өрісте өрен жандар малды бақты.

Бес түліктен түп-түгел өнім қосып,

Төлдерін таңмен бірге жамыратты.

Қызылшаны теңеуге тіл жетпейді,

Қырманына қызықпай ел кетпейді.

 «Елу жылда ел жақа» деген осы, –

Еңбекпенен ел байып, жер көктейді.

1970