Т ү с і н і к т е р
ӨЛЕҢ, ТЕРМЕ, ТОЛҒАУ, АРНАУ, МЫСАЛ
БОЗТОРҒАЙ – 1895 жылы он бір жасында ауылдастарының қой-қозысын жайып жүргенде шығарған өлең-әні. Бұл әннің алғаш рет қалай тууы жөнінде Кенен ақын былай деген: «Түнімен күзеткен қойды таң алагеуімде Мәтібұлақ басына қарай өргіздім. Күн шыға бере бозторғайлар аспанда қалықтап, шырылдай бастады. Жетімшілік көрген жабырқаңқы көңілім елжіреп, бозторғайға үн қосты…»
Осылайша бұл ән ел арасына кеңінен таралып кетеді. Жиырмасыншы жылдары А.Затаевич Жетісу өлкесін аралап жүріп, Рахима Алдоңғарова деген әншінің айтуынан жазып алып, жинағына («1000 песен Киргизского народа», Оренбург—1925) қосқан. Сол жолы ол Ораз Жандосовтың орындауында «Сарбас әні», «Тезек әні» т.б. әндерді нотаға түсіріп алады. «Бұл әндерді белгілі халық әншісі Кененнен есітіп едім» деген Ораз. Ән отызыншы жылдары ақын орындауында пластинкаға жазылды. Алғаш рет 1952 жылғы кітапшасында жарияланды. Бұл жолы 1967 жылғы жинағындағы нұсқасы сақталды.
КӨКШОЛАҚ -1898 жылы әкесі Әзірбай тапқан-таянғанын жинастырып, қырғыз елінің Тоқпақ қаласындағы базардан құйрық, жалы жоқ көк құнан сатып алып, аяқ ылау етеді. Сол жылы Бибол бай бес болыс елді шақырып, той өткізеді. Тойға тайлы-таяғымен ел ағылады. Қой соңында жүрген Кенен бір топ қыз-келіншектерді көреді. Ол жайып жүрген қойын Аянбай деген досына қосады да, Көкшолағымен тепең қағып «Кебекбай» жолына шығады. Осы жолмен өрлеп бара жатқан қыз-келіншектерді қуып жетеді де, шайқалма жорға мініп, сәнді киінген Шәлипа деген қызбен айтыса кетеді. Кенен жеңіп, орамалын алады. Әнді жиырмасыншы жылдары Ә.Диваев ақын айтуынан жазып алады. Отызыншы жылдары пластинкаға жазылады. Кейін композитор Б.Ерзакович нотаға түсірген.
ЖЕТІ ҚОЙДЫ ЖОҚТАҒАНЫМ – 1898 жылы байлардың есігінде жалшылықта жүргенде, жайып жүрген малынан жеті қой жоғалады. Соны іздеп жырлау өлең айтып жүргенде, Қордайдағы Мүлкаман аулының жігіттері «бізді ұры деп айтты» деп, қойшы Кененді таяққа жығып кетеді. Бұл өлең екі бөлімнен тұрады:
Кебекбайдың елінен
Мәтібұлақ жерінен – деп, айтылып жүрген 7 буынды жырлау арнауға, «Алдымнан даяшылар келді шауып» деп басталатын он бір буынды өлең кейін қосылған. Оны біріктірген Кененнің 1961 жылғы жинағын баспаға әзірлеуші марқұм Рахмалы Байжарасов. Содан бері бұл өлең, осы нұсқасында жарияланып келеді.
ШӨПКЕ БАРҒАНДА – Кененнің 14 жасынан айта бастаған өлеңі, жырлана келе толғауға айналған. Онда басынан өткен жалшылық халі баян етілген. Алғаш рет 1955 жылғы жинағына қосылған. Содан 1961, 1967 жылдарғы жинағына еніп келген.
ШЕШЕМ ӨЛГЕН ЖЫЛЫ – Ақынның шешесі қайтыс болғанда шығарған мұнды өлеңі. «Жеті жаста жалтақтап көз түрткі боп, қала берді апалап жалғыз ұлы» деуіне қарағанда анасы Ұлдар 1891 жылы дүние салған, өлең 15 жасында 1899 жылы шығарылған. 1961 жылы жинағы шығар алдында қайта қаралып, өңделген.
КӨКШОЛАҚПЕН ТОЙҒА БАРҒАНЫМ – Бұл «Көкшолақ» атты ән-өлеңмен сабақтас, бірер жыл кейін шығарылған өмірбаяндық өлең. 1955 жылғы жинағында «Менің, өмірім «Құрдасыма «Құрдасымның сөзі» деп аталып жеке-дара басылған. 1961 жылғы жинағында бәрі біріктірілген. Кейінгі жинақтарында сол нұсқа сақталып келеді.
КӨПШІЛІК КӨРСІН ӘНІМДІ 1902 жылы қырғыз манабы Шабдан асына шақырылғанда айтқан. Жиырмасыншы жылдары Ә.Диваев жазып алған. Алғаш рет 1955 жылғы жинағында жарияланған. Әнін композитор Б.Ерзакович нотаға түсірген. 1961, 1967 жылдарғы жинақтарында осы нұсқа сақталған. Бұл жолы:
«Кебекбай, Ноғайбай,
Ақын болмақ оңай ма-ай.
Көпшілік көрсін әнімді-ай!» дейтін қайырмасы қоса жарияланды.
ҚЫЗДАР – Бозбала кезіндегі шырқап жүрген көп өлеңдерінің бірі. Өлең 1906 жылы айтылған. Ақын айтуынан жазып алған Бақытжан Әзірбаев. Алғаш рет жариялануы.
ҚҰДАЛАР – Кененнің Байшығаш қызы Үлпілдекке үйленген жылдары жырлай бастаған өлеңі. 1920 жылы толықтырып толғауға айналдырған. Алғаш рет 1952 жылғы жинағында жарияланған. Кейін 1955, 1961, 1967, 1974 жылдарғы кітаптарына қосылып келген.
ҚАСҚЫР ҚАМАҒАНДА – Он төрт жасар Кененді Абданбай деген атасы түйеге жұмсапты. Түйеге жете бергенде төрт қасқыр төрт жағынан қамалап, топырақ шашып, түйені талайды, біреуі қаша жөнелген балаға шауып, талағалы жатқанда, жолаушылар ажыратып алады. Осы оқиғаны ақын 1908 жылы есіне түсіріп толғаған. Өлең ақынның 1955 жылғы жинағында «Түйе» деген атпен жарияланды. Бұл жинаққа 1961 жылғы түзетілген нұсқасы алынды.
ЖАЙСАҢ – Алғашқы ән-өлеңдерінің бірі. Оны ақын 1911-1914 жылдары Ойжайлау, Қызыл қайнар, Жайсаң жайлауларын аралап жүргенде айтқан. Жиырмасыншы жылдары ақынның өз айтуынан Ә. Диваев жазып алған. 1955, 1961, 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған. Әнін нотаға түсірген Б.Ерзакович.
БАЛУАН ШОЛАҚПЕН КЕЗДЕСКЕНДЕ – Бұл өлеңнің айтылуы жөнінде ақынның өзі былай деген: «1912 жылдың көктемінде Жетісуға Балуан Шолақ келіпті» деген хабар есіттім. «Еркебайдың үйінде думан құрып отыр» дегенмен барсам, қасында он шақты әнші, күйшісі бар, Балуан төрде домбыра шертіп отыр екен. Менің келгенімді көре салып, Еркебай:- Мынау келген осы ауылдың Кенен деген ақыны, жалшылықтан арыла алмай жүр, болмаса, әнді тәп-тәуір айтады, – деді. Бұл сондағы Балуан Шолақпен танысқандағы айтқаным еді Өлең 1967 жылғы «Жазушы» баспасынан шыққан жинағынан алынды.
НЫСАНБАЙҒА АЙТҚАНЫМ – Серілікпен жүрген Кенен 1914 жылы «Жаманты» бойындағы Нысанбай деген байдың үйіне барады. Қасында ақын Есдәулет Қандеков болады. Бұл сондағы сараң байды сынап айтқаны. Өлеңді 1965 жылы осы түсініктеменің авторы өз айтуынан жазып алып, Кененнің «Аңыздар сыры» (1969) атты кітабына қосқан. Өлең сол кітаптан алынды.
ОЙЖАЙЛАУ – 1914 жылы жайлауды аралап жүргенде шығарған. Ән-өлеңнің екі түрлі тексі бар.
«Ақ бүрлен, қызыл бүрлен, бүрлен, бүрлен, Бүрленді аралайды жолын білген.
Қамшыны екі бүктеп қолға ұстап
Қызығы бұл дүниенің ойнап-күлген», –
деген қайырмасы бар тексі жиірек шырқалады. Ән-өлең барлық кітаптарында жарияланып келеді. 1967 жылғы жинағындағы нұсқасы сақталды.
ОН АЛТЫНШЫ ЖЫЛ – Ақынның 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, Әли Нұрғожаев бастаған қолда үгітші-сарбаз болып жүрген жылы жырлаған өлеңі. 1920 жылы қайта жырлап, толықтырған. Ақын айтуынан Ә.Диваев жазып алған. 1952 жылғы жинағында қысқартылып үш шумағы жарияланған. Кейінгі жинақтарында (1955, 1961, 1967, 1974) толық нұсқасы басылып келеді.
АТТАН – Бұл да сол жылғы дүрбелең оқиғаға арналған ән-өлеңі. Алғаш рет 1967 жылғы жинағында жарияланған. Әнін нотаға түсірген Б. Ерзакович.
ҚАЙРАН ЕЛІМ – 1916 жылғы ұлт-азаттық козғалысының жасағына аттанған ер-азаматтар атынан ел-жұртымен қоштасып айтқаны.
Қайран елім, Қайда?
Көрер күн бар ма? – деген қайырмамен шырқалатын арнаулы әні бар. Мұны да Ә.Диваев жазып алған. Кейін композитор Б.Г.Ерзакович нотаға түсірген. 1974 жылғы «Жазушы» баспасынан жарық көрген жинағынан алынды.
ҚЫРҒЫЗ БАУЫРЫМА -1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысының жасақтары жеңіліс тауып, Кенен қырғыз еліне барып паналаған. Өлеңдегі Мәсімхан Кененді жыл бойы үйінде сақтап, патша жандармдарынан аман алып қалған досы. 1967 жылғы жинағынан алынды.
МЕШІТБАЙҒА – Бұл өлең де сол жылы айтылған. Мешітбай сараң бай екен. Әли батыр, Кенен тағы біраз кісілер үйіне түссе, оң қабағымен сыйламапты. Әли қасындағы ақынға қарап: «бір сөз айтасың, ба?» деген. Сонда Кенен осы өлеңді жырлаған. 1967 жылғы жинағындағы нұсқасы сақталды.
БҰЛБҰЛҒА – 1916 жылғы оқиғаға арналған ән-өлең. Алғаш рет Ә.Диваев жазып алған. 1961, 1967, 1977 жылғы жинақтарында жарияланған. Композитор Б.Ерзакович нотаға түсірген.
ОН СЕГІЗІНШІ ЖЫЛ – Кенен ақынның Октябрь социалистік революциясын ізінше жырлаған арнауы. 1952 жылғы жинағында қысқартылып жарияланған. 1961 жылғы жинағында толықтырылған. Сол нұсқасы алынды.
МӨРТАЙ СҰЛУ – Жиырмасыншы жылдары Кенен ел арасында өлең айтып жүріп, Шегірбай ауылында Мөртай деген қызбен айтысады. Екеуі сөз байласып қосылмақ болады.
Бірақ, бұрын айттырылып қойған Мөртайға ауылдастары ерік бермейді. Арада талай драмалық жағдайлар өтеді. Ән осы оқиғаға байланысты айтылып, таралып кеткен. Ә.Диваев жазып алған нұсқасы да сақтаулы. 1961, 1967 жылғы жинақтарында жарияланған. Әнін нотаға түсірген композитор Б.Г.Ерзакович.
РЕВКОМҒА САИЛАНҒАНДА – 1921 жылы Кенен ақын Қордай болыстық революциялық комитетінің председателі болып сайланғанда айтылған өлең. Алғаш рет 1952 жылғы жинағында жарияланған. Бұл жинақта сол нұсқасы сақталды.
ҚЫЗЫЛ ТІЛ – Ревком болып жүрген жылдары айтылған. Өлең 1967 жылғы «Жазушы» баспасынан жарық көрген жинағынан алынды.
ОРАЗЖАН – Қазақстанда Совет өкіметінің орнауына белсене ат салысып, оған басшылық еткен партия қайраткері Ораз Жандосовқа арналған ән-өлең. 1922 жылы айтылған. Әнін нотаға түсірген А.Серікбаева. 1961, 1967 жылдардағы жарияланған нұсқасы сақталды.
ЛЕНИН БАБАМ – 1924 жылы В.И.Ленин қайтыс болғанда шығарып, ел арасында өзі айтып жүрген ән-өлең. Барлық жинақтарында жарияланып келген. Нотаға түсірген композитор Б.Ерзакович.
ДОМБЫРА -1925 жылы ақын әуелі домбыраға арнап ән шығарған, артынша оның тексі туған. Өлең алғаш рет 1955 жылғы жинағына енген. Т.Шахановтың орысшаға аударуымен Қазақ совет поэзиясының антологиясында (І-том, 1972) жарияланған. Кейін әуенін А.Серікбаева нотаға түсіріп, 1977 жылғы «Бозторғай» жинағына қосқан.
ҰЛЫ ОКТЯБРЬ ТОЙЫНА – Ұлы Октябрь мерекесінің он жылдығына арналған. Бұл арнаудың қалай айтылғандығы жөнінде ақын бір әңгімесінде былай дегенді: «Октябрь мерекесіне алғашқы жылдардан бастап арнау айтып келдім. Жыл сайын 7 ноябрьдегі салтанатты жиында көпшілік «той бастап жіберіңіз» деп сұранады. Сонда мен тойға құр алақан келмей, ішімнен өлең торлай жүремін. Бұл сол арнауларымның бірі». 1955 жылғы жинағында жарық көрген. 1967 жылғы басылымынан алынды.
ЖҰБАНЫШҚА – Жетісу өлкелік партия комитетінің бірінші секретары Жұбаныш Бәрібаев 1927 жылы қайтыс болғанда айтылған. Өлең 1961, 1967, 1977 жылдардағы кітабында жарияланған. Әнін нотаға түсірген А.Серікбаева.
БАЗАР, НАЗАР – Ән-өлең 1928 жылы ақынның басынан өткен қайғылы оқиғадан туған. Кенен Шу бойындағы елді аралап, ауылына оралса, бірі – үш, екіншісі – бес жасар Базар, Назар деген екі бірдей баласы шешектен қайтыс болады. Ақын қатты қайғырып жатып қалады. Бір күні кешқұрым ауыл алдындағы Көктөбе басына шығып, жан-жағындағы жамырасып жатқан малға зер салса, егіз лағынан айрылған ақ ешкі безектеп, маңырап лағын іздеп жүреді. Қам көңіл ақын егіліп кетеді. «Сен де екі бірдей шұнағыңнан айрылған, мен сияқты бейбақ екенсің-ау» деп шырқап қоя береді. Жұрт жиналып қалады. Ақынға қосылып олар да егіледі.
Ән «Ақ ешкі» аталып осылайша таралып кетеді. Оны жиырмасыншы жылдары Ә.Диваев жазып алған, кейін Б.Ерзакович нотаға түсірген. 1955 жылғы жинағында «Базар, Назар» аталып түзетіліп жарияланған. П.Шубиннің аудармасымен Қазақ совет поэзиясының антологиясында (I том, 1972) жарық көрген. Барлық жинақтарында және ән-өлең кітаптарда жарияланып келеді.
АЛАТАУ АСПАНМЕНЕН ТІЛДЕСКЕНДЕ – Ән-өлеңі 1929 жылы Қазақстан астанасы Қызылордадан Алматыға көшіп келуге байланысты айтылған. «Әдебиет және искусство» журналында (1947, 9) жарық көрген. 1967 жылы толықтырылып «Алатау аспанменен тілдескендей» деген тақырыппен жарияланды.
БОЛАТ ТҰЯҚ ТҰЛПАРЫМ Түрксиб теміржол құрылысына арналған ән-өлең. Кенен 1929-30 жылдары Түрксиб бойындағы үгіт поезында әнші, ақын болып қызмет атқарған. Бұл өлең сол жылдары туған. Жинаққа 1974 жылғы кітабынан алынды.
АЛАТАУ – 1929 жылы ауызша айтылып, кейін «Әдебиет және искусство» журналының 1947 жылғы №9 санында және 1955, 1961, 1967, 1974 жылдарғы жинақтарында жарияланып келген.
ҚАЗАҚСТАН – 1930 жылы Қазақ АССР-ның он жылдығына арналған өлеңі. Алғаш рет «Сталин жолы» газетінде (1937 жыл, 28 май) жарияланған. Кейін 1955, 1967 жылғы кітаптарына қосылды.
ӘНІМ ҚАЛСЫН – 1931 жылы айтылған. Арнаулы әні бар. Алғаш рет 1961 жылғы жинағында жарияланған. Әнін нотаға түсірген А.Серікбаева. Кейінгі жинақтарында сол нұсқасы сақталып келеді.
АҚБОЗ АТ – Ақынның ақбоз атын 1931 жылы біреулер зорықтырып өлтіреді. Кенен сол оқиғаға байланысты осы өлеңін айтқан. Алғаш рет 1955 жылғы кітабында жарық көрген. Өлең 1967 жылғы жинағынан алынды.
МАЙ МЕРЕКЕ – 1 май мерекесіне арналған өлең. 1933 жылғы нұсқасы ықшамдалып, 1967 жылғы жинағына қосылған. 1974 жылғы кітабында «Еңбекшілер мейрамы жер жүзілік» деп басталатын шумақ түсіп қалған. Бұл жолы алғашқы ңұсқасы қалпына келтіріліп, мазмұнына сәйкес аты өзгертілді.
ТӨРТ КЕЗЕҢ – Ақын өлеңінде адамның жас кезеңдері (балалық, жастық, орта жастағы және қартайған шақтары) термеленген. «Адамның төрт мезгілі» деген бұрынғы аты бұл жолы «Төрт кезең» болып өзгертілді.
КИРОВ КЕЛГЕНДЕ – 1934 жылы Қазақстанға С.М.Киров келгенде айтылған өлең. 1967, 1974 жылдары жинағында жарияланған.
ЕЛІМНІҢ ӨСТІ МЕРЕЙІ – Ұзынағашта Қазақстанның 15 жылдық мерекесі аталып өткенде, Кенен салтанатты мерекені осы өлеңмен ашқан, 1967 жылғы жинағына қосылған. Сол нұсқа сақталды.
КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНА – 1936 жылғы Совет Конституциясының жобасы талқыланған кезде айтылған. Алғаш рет 1955 жылғы кітапшасында жарияланып, аздап өзгертіліп кейінгі жинақтарына қосылған.
МАВЗОЛЕЙДЕ – 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің Онкүндігі кезінде Кенен ұстазы Жамбылмен бірге В.И.Ленин Мавзолейінде болған. Алғаш рет 1952 жылғы жинағында жарияланған.
ЖАҢА ЗАҢ – 1936 жылы Жаңа Конституция қабылданғанда шырқаған әні. 1961 жылғы жинағында жарық көрген. Әнін нотаға түсірген Б.Ерзакович.
ЛЕНИН НҰРЫ – Ұстазы Жамбылдың «Ленин Мавзолейінде» деген толғауының әсерінен туған арнау. Өлең 1937 жылы жырланған. 1974 жылғы жинақтан алынды.
САМОЛЕТ ҮСТІНДЕ – Бүл очерк-өлеңді ақын 1938 жылы бір топ ақын-жазушылармен бірге Қарағандыға сапар шеккенде самолет үстінде толғаған. Кейін толықтырылып, 1955 жылғы жинағына қосқан. Әнін нотаға түсірген Б.Ерзакович.
БАЛҚАШ – Бұл да сол сапардан туған өлең. 1974 жылғы кітабында «Арасын көк пен жердің көңілім кезді» деп басталатын бір шумақ түсіп қалған. Бұл жолы қалпына келтірілді.
ҚҰТТЫҚТАУ ӨЛЕҢ ЖАСТАРҒА – Бүкілодақтық Ленин комсомолының 20 жылдық мерекесіне арнауы. 1974 жылғы жинағында өлеңнің айтылуы «1943 жыл» және «Комсомолдың 24 жылдығына арналған» деген жаңсақ сөздер бұл жолы анықталып түзетілді.
ШОТА ТОЙЫНА – 1938 жылғы Грузияда өткізілген Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдық мерекесіне арналған термесі. Сол жиында Кенен Жамбылдың жанында болған. Терме 1974 жылғы жинағынан алынды.
ЖАМБЫЛ ҚАШАН КЕЛЕР ЕКЕН – 1938 жылы майда Жамбылдың жыршылық қызметіне 75 жыл толуына байланысты той өткізіліп, Ленин орденімен наградталды. Ұстазының Москвадан оралуын күтіп жүрген Кенен осы өлеңін толғаған. Өлең 1967, 1974 жылғы жинақтарында жарияланған.
ӘЛИ БАТЫРДЫҢ ТАСҚА ЖАЗҒАНЫ – Жетісудағы ұлт-азаттық қозғалысы кезінде Әли Нұрғожаұлы бастаған жасақ тауға паналаған ғой. Сол кезде Әли батыр жартасқа қашап ескерткіш сөз қалдырған. Осының басы-қасында болған үгітші ақын кейін 1939 жылы Әли батырды еске түсіріп, осы өлеңді айтқан. 1974 жылғы жинағынан алынды.
КӨРМЕДЕ ТУҒАН ТОЛҒАУ – 1939 жылы Москвада ашылған Халық шаруашылығының бүкілодақтық көрмесіне қатысқан ақын осы жырын толғаған. 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарияланған кітаптан алынды.
БІР ҚИЯЛ – 1940 жылы Кенен ақын науқастанып жатып қалғанда «осы өлең айтуды қойсам ба екен» деп қиялданады. «Бірақ, ақ домбырам түсіме кіріп мазалай берді, қой, болмас деп домбырамды қайта қолға алдым», – дейді ол. Өлең 1967 жылғы жинағында жарияланған.
КӨК КЕПТЕР – Сол жылы жарияланған. 1967, 1974 жылғы жинақтарында бар.
МАКСИМ ГОРЬКИЙГЕ – 1940 жылы М.Горькийді еске түсіру кешінде айтылған өлең. 1967 жылғы жинағынан алынды.
ҚАЛАСЫН ЛЕНИН ҚОРҒАЙМЫЗ – 1941 жылы жырланған өлең. Ленинград блокадасы, ондағы совет халқының қаһармандық, ерлігіне арналған. 1967 жылғы жинағында жарияланды.
ЖАУ ОРДАСЫНДАҒЫ БАТЫРЛАР – Майданда жүрген жауынгерлерге жылы киім, сәлем-сауқат жіберуге байланысты айтқан өлеңі. 1974 жылғы жинағынан алынды.
БІЗ ЖЕҢЕМІЗ – Бүл цикл өлеңді ақын 1941-42 жылдары Жамбыл, Алматы облыстарының колхоздарын аралап, майдандағы Қазақстандық дивизия, құрамаларға жылы киім, азық-түлік, қаржы жинастырып жүргенде айтқан. Кейін бәрінің, басын біріктіріп 1955 жылғы жинағына қосқан. 1974 жылғы кітабында «Шүбә жоқ жауыз жауды біз жеңеміз» деп басталатын жиырма шақты жолы түсіп қалған. Бұл томына 1967 жылғы толық нұсқасы алынды.
ТРАКТОРШЫ ЕЛЕУСІЗ – 1941 жылы майданға аттанған ерінің орнына тракторшы болған Елеусіз деген келініне арнаған өлеңі.
КЕК АЛУ – 1942 жылы фашист басқыншыларына Москва түбінде қатты соққы берілгенде ақын осы өлеңін толғаған. Алғаш рет «Коммунист» газетінде (1942, 5 февраль) жарияланды. 1967 жылғы жинағынан алынды.
ТӨРТ БАТЫР – 1942 жылы Москва түбіндегі генерал Панфилов басқарған қазақстандық дивизия батырларының даңқын есіткенде шығарған өлеңі. 1967 жылғы жинағында «Үш батырға» деп аталған, кейінгі 1974 жылғы кітабында «Төрт батырға» деп өзгертілген.
МАЙДАНҒА СӘЛЕМ – 1943 жылы Жамбыл облысы еңбекшілерінің майдандағы жауынгерлерге арнап жинаған сәлем-сауқатын алып баруды Кенен ақынға тапсырады. Бұл өлең сондағы майдангерлермен кездесуде айтылған. 1967 жылғы жинағында «Майданға ел сәлемі» деп жарияланған.
ЖАМБЫЛҒА КӨҢІЛ АЙТУ – 1943 жылы Жамбылдың сүйікті ұлы Алғадай майданда ерлікпен қаза болды. Ауыр қайғыдан жатып қалған Жамбылға ақын, жазушылар Кененді ертіп барып көңіл айтады. Сонда Кенен осы өлеңін арнаулы әуенімен шырқап, ұстазын жұбатқан. Өлеңнің 1967 жылғы нұсқасы сақталды.
БАТЫР БОЛСАҢ, МӘЛІКТЕЙ БОЛ – Совет Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің даңқын есіткенде айтылып, алғаш рет «Коммунист» газетінде (1943, 22 сентябрь) жарияланған. Өлең 1967 жылғы жинағынан алынған.
МӘСКЕУДЕ – Жеңіл күлкілі, оқиғалы өлең. Оны ақын 1943 жылы Москвада адасып әбігер болғанда шығарған. Өлеңдегі Исағали – сол жылдарда Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі қызметін атқарған Исағали Шәріпов, Есмағанбет – Қазақ ССР Ғылым академиясының. корреспондент-мүшесі Есмағанбет Ысмайылов. Өлең 1967 жылғы жинағынан алынды.
МІНЕ, СОНДА ТАЗАЛЫҚ – Ақынның адалдыққа, еңбекке, ынтымақ, достыққа шақырған өлеңі. 1943 жылы жырланған. 1967 жылғы жинағынан алынды.
БОЛСАЙШЫ – Бұл термені ақын 1943 жылы шығарған. 1974 жылғы кітабынан алынды.
ҚУАНЫШТЫ КҮН – 1943 жылы Совет Армиясы Донбасты жау тырнағынан азат етуге байланысты Москвада салют болды. Сол қуанышты мерекеге қатысқан ақын Қызыл Алаңдағы митингіде тұрып осы өлеңді айтқан. Өлең 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖАМБЫЛҒА – 1945 жылы Жамбыл қайтыс болғанда айтқан өлеңі. 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
АУЛЫНАН ҒАШЫҚ ЖАРДЫҢ АТТАНАРДА – Бұл лирикасын ақын 1945 жылы айтқан. Алғаш рет 1967 жылғы, кейін 1974 жылғы кітабында жарияланған.
ЖЕҢІС САЛТАНАТЫ – Бұл өлеңді ақын 1945 жылы 9 май күнгі Москвада өткен жеңіс құрметіне жиналғандарға арнаған. Сондағы ел қуанышы, шеру тартқан халықты, салютті бар қуанышымен термелейді. Оның қалай айтылуы жөнінде орыс фольклористерінің пікірі бар. Өлең кейінірек «Социалистік Қазақстан» (1966 жыл, 1 февраль) және 1967 жылғы жинағында жарияланған.
ЕЛ ҚУАНЫШЫ – 9 май күнгі Жеңіс салтанатына арналған ән-өлеңі. 1961 жылғы және кейінгі жинақтарда жарияланған. Әнін нотаға түсірген Б.Ерзакович.
КӨКТЕМДЕ ЖАН БОЛА МА ЖЕЛІКПЕГЕН – Көктем көріністерін суреттеген өлең. Алғаш рет Жамбыл облыстық «Сталин жолы» газетінде (1946, 14 апрель) «Жаңа ән» деген атпен жариялаған. Кейін өңделіп, 1967 жылғы жинағына қосылған.
КӨКТЕМ ЖЫРЫ – Колхозшылардың көктемгі егісі бейнеленген өлең. 1947 жылы айтылған. 1955 жылғы кітабында жарық көрген. 1974 жылғы жинағынан алынды.
БАТЫР МОСКВА – Москваның 800 жылдығына арналған. 1955 жылғы жинағында «Москва – 800 жыл» деген атпен жарияланған. 1967, 1974 жылғы жинақтарында жарық керген. Әнін Б.Ерзакович нотаға түсірген.
БАЛАЛАР – Москваның 800 жылдық мерекесі күндері астана мектеп оқушыларымен кездескенде шырқаған ән-өлең. «Ұлы Отанның ұрпақтары» деген атпен де жарияланып келген. 1977 жылғы жинағында «Балалар» деп өзгерткен. Әнін нотаға түсірген Б.Ерзакович.
АҚ БИДАЙ – Өлең әуелі 1947 жылы егіншілер арасында айтылып, кейін 1955, 1967, 1974 жылдарғы жинақтарында жарияланған.
КОМПОЗИТОРЛАР СЪЕЗІНЕ – Халық композиторы Кененнің 1949 жылғы композиторлар съезін ашардағы арнау сөзі. Өлең соңында «Ал, енді Бақытжанға сөзді берем!» дегендегісі композитор Бақытжан Байқадамов. 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
ЕҢБЕКПЕН ЕЛ КӨГЕРЕР – 1949 жылы ауылдастарын жемісті еңбекке шақырған өлеңі. «Қордай шамшырағы» газетінің 1964 жыл 26 декабрінде және 1974 жылғы жинағында жарияланған.
ӘН ТУРАЛЫ – 1950 жылы айтылған өлең. 1974 жылғы кітабынан алынды.
ӨТКЕН ТАЛАИ АҚЫНДАР – Бұл Кенен ақынның бұрынғы өткен ақын-жырау, әнші-күйшілерді еске алып айтқаны. Өлең ең әуелі 1950 жылдардан ауызша айтылып келіп, кейін 1967, 1974 жылдардағы жинағында жарияланған.
БЕЙБІТШІЛІК – АСЫЛ СӨЗ – Бейбітшілік тақырыбына арналған өлең. 1955, 1967 жылғы жинақтарында жарияланған.
БЕЙБІТШІЛІК ҰРАНЫ – 1951 жылы шығарылған ән-өлең. 1955, 1961 жылғы жинақтарында жарияланған. Әнін Б.Ерзакович нотаға түсіріп, 1977 жылғы «Бозторғай» жинағына қосқан.
ПАРТИЯ АДАМЗАТТЫҢ АНАСЫНДАЙ – 1952 жылы КПСС XIX съезі қарсаңында айтылған. Ән-өлең 1967 жылғы жинағында жарық көрген.
ГОГОЛЬДІҢ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫНА -1952 жылы Н.В.Гогольдің қайтыс болғанына жүз жыл толғанын еске алғаны. 1967 жылғы жинағында жарияланған.
КЕБЕКБАЙДЫҢ КЕЛБЕТІ – Кебекбай Қордай өңірінен шыққан шешен кісі. Кенен сол бабасын он жасында көрген. Өлең әуені 1952 жылы жырланып, кейін 1974 жылғы жинағына қосылған.
АҚЫЛ-НАҚЫЛ – Бұрыннан жадында жүрген нақыл сөздерін ақын 1953 жылы толықтырып жинаққа ұсынған.
МЕНІҢ ҰСТАЗДАРЫМ -1954 жылы жырланған бұл өлеңінде Сарбас, Шашубай, Балуан Шолақ, Жамбыл, Тоқтағұл, Қалмырза ақындардан өнеге алғаны айтылады. Өлең ақынның өз айтуынан аздап ықшамдалып, 1961 жылғы жинағында алғаш рет жарияланған.
ҚАЙРАН ЖАСТЫҚ – «Жасым 70-ке толғанда балалық шағымды еске алып, осы әнді айтып едім» деген ақынның өзі. Алғаш рет «Бозторғай» (1977) жинағында жарияланған. Әнін нотаға түсірген А.Серікбаева.
КҮБІРТКЕШЕ ЖЕБІРЛЕР – 1955 жылы ауызша айтылып, 1967 жылғы жинағына қосылған. Сол нұсқа сақталды.
ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ – Халық игілігіне жаны ашымастарды сынаған өлең. 1974 жылғы кітабынан алынды.
КҮНШІЛДЕРГЕ – 1957 жылдары айтыла бастаған тақпақ өлең. 1967 жылғы жинағында жарияланған.
ТӨРТКЕН МЕН ТАСЫҒАНҒА – Ақынның әнші қызы Төрткенге арнаған төрт өлеңі бар. 1957 жылы Төрткенді ұзатарда айтқан «Жолың болсын «Төрткенім-ай», «Төрткенді ұзатқанда» дейтін әні бар нұсқалары 1961, 1967, 1977 жылдарғы жинақтарында жарияланып келген. Ал күйеу баласы Тасығанға арнаған өлеңі бұрын жарық көрмеген. Цикл өлеңдердің мазмұны бір болған соң осы жолы біріктіріп отырмыз. «Төрткенім-ай» деген ән-өлеңінің әуенін нотаға түсірген А.Серікбаева.
АУЫРЫП ЖАЗЫЛҒАНДА – Ақын бес-алты жылдай ауырып қалған ғой. Оның бұл халін сезген аудан, облыс басшылары дәрігердің ұйғаруы бойынша ақынның үйін Отар станциясынан Қордай тауының баурайындағы салқын-саялы «Киров» колхозына көшіріп қондырады. Кенен науқасынан айыға бастайды. Бұл өлең сол кезде ауызша тараған. Оны алғаш рет ақын айтуынан жазып алып Р.Байжасаров 1961 жылғы жинағына қосқан. 1974 жылғы жинақтағы жеке жарияланған «Мен жазылдым» деген өлең мазмұны ұқсас болған соң біріктірілді.
ЫСТЫ АҒАЙЫНҒА – Ақын өзінің 75 жасқа толар алдында қатар жатқан ел-ағайындарды тойға шақырған. Таз, Құланшы, Есім – Малай, Қыбырай, Шойқара, Кұлболды, Машақ, Есқожа -Жетісу өлкесіндегі ру аттары. Өлең 1967, 1974 жылдарғы жинақтарында жарияланып келген.
ЖАЙНАДЫ, ТЫҢЫМ, ЖАЙНАДЫ – 1958 жылы тың игерушілерге арналған өлең, 1961, 1967 жылғы жинақтарында жарияланған.
БІР ӨСИЕТ ЖАСТАРҒА – Бұл жастарға айтқан өсиеті. Әуел баста ауызша айтылып, 1958 жылы қағазға түскен. 1974 жылғы жинағында жарияланған.
КҮЛӘШҚА – СССР Халық артисі Күләш Байсейітова қайтыс болғанда шығарған ән-өлеңі. 1961, 1967, 1974, 1977 жылдарғы жинақтарында жарық көрген. Әнін нотаға түсірген Б.Ерзакович.
САРЫАРҚАҒА САЯХАТ – Очерк-өлеңде 1958 жылы жазушы Сәбит Мұқановпен бірге Қарағанды, Ақмола, Петропавл, Қарсақпай өңірін аралаған кездері баяндалған. Өлең 1967 жылғы жинағынан алынды.
ЖАҚСЫБАЙ ҚАЙТЫС БОЛҒАНДА -Шу ауданында тұратын халық ақыны Жақсыбай Жантебетов (1888-1958) қайтыс болғанда оның жұбайы Сәтенкүл мен інісі Қадырханға көңіл айтқаны. Бұрынғы жинағындағы аты бұл жолы өзгертілді.
АҚ ТІЛЕУ – 1958-1960 жылдар арасында айтқан шағын арнау өлеңдер циклі. Ақын ұзақ аурудан айыққаннан кейін өзінің ағайын-туыс, ел-жұртына арнап айтқан ақ тілеуі. Бұған мыналар қосылды: 1). Отарға сәлем. 2) «Киров» колхозына. 3) Оспанқұлға (Қырғыздың халық жыршысы Оспанқұл Бөлебалаев (1888—1967), Санатбайға (жақын ағайыны Санатбай Бегалиев),
Несіпбайға (Бұрынғы «Чапаев» колхозының председателі). 6) Әйніл жеңгейге. 7) Көрші ауылға. 8) Нұрмаханға (Шоқпар станциясындағы ақын шәкірті), 9) Луговой – Мерке (Жамбыл облысының аудандары). 10)
Қазақ, қырғыз, өзбек. 11) «Үйінде Жаппар балам…»
(1960 жылы Қазақ телестудиясының арнайы шақыруымен Алматыға келген К.Әзірбаев ақын Жаппар Өмірбековтің үйінде қонақта болған. Өлең сонда айтылған.
Мазмұнына сәйкес бұл да осы циклға қосылды).
ЖЕТПІС БЕС – Кенен ақынның 1959 жылы 75-ке толған мүшелді тойы өткізілді. Сонда ақын осы ән-өлеңін шырқаған. 1961, 1967, 1974, 1977 жылдарғы жинақтарында жарияланған. Әнін нотаға түсірген Б.Ерзакович.
ТЫҢ ЖЕЛДІРМЕСІ – Кененнің тың игеру тақырыбына арналған бұл желдірмесі Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіне (1959, 20 июнь) жарияланған. Кейін 1961, 1967, 1974 жылғы жинақтарында жарық көрген.
КӨК ДҮЛДҮЛ – Ақынның 75 жасқа толған тойында ауылдастары оған көк түсті «Волга» сыйға тартқан. Сол сыйды қабылдардағы айтқаны. 1967, 1974 жылдардағы жинағында жарияланған.
ТУҒАН ӨЛКЕМ – 1959 жылы ақынның туған ауылы Қордай атырабына арнаған өлеңі. Алғаш рет Қордай аудандық «Октябрь туы» газетінде (20 июнь, 1959 жыл) жарияланған. Кейін 1961, 1967, 1974 жылғы жинақтарына қосылған.
МАЙ ЖЫРЫ – Өлең әуелі Қордай аудандық «Еңбек туы» газетінде (1 май, 1959) жарияланып, кейін 1961, 1967 жылдарғы жинаққа қосылған.
ЖҮГЕРІ – 1959 жылы ауызша айтылып, кейін 1967 жылғы жинағына қосылған.
ӨТЕДІ-АУ, ӨМІР – Өткен өмір жолдарын еске алып айтқаны. 1967 жылғы жинағында жарық көрген.
БЕСІК ЖЫРЫ – Ақынның немерелеріне арнаған өлеңі. «Қазақ әдебиетінің» 1959 жыл 18 декабрінде, кейін 1961, 1967, 1977 жылдарғы жинағында жарияланған. Әнін нотаға түсірген Б.Ерзакович.
ҚОРДАЙ – 1959 жылы Жамбыл облысы «Чапаев» колхозының мүшелерімен кездескенде айтқан өлең-әні. 1961, 1967, 1977 жылдарғы жинағында жарияланған. Әнін нотаға түсірген Б. Ерзакович.
ДЕМ АЛҒАНДА – Ақынның 75 жылдық тойы өткен соң Медеуде дем алған. Өлеңде Медеу шатқалының бұрынғы және бүгінгі көрінісін баян етеді. 1967, 1974 жылдардағы жинағында жарық көрген.
БАТА – Ақсақал ақынның бата-термесі. Оны 1959 жылдан айтып жүрген. Кейін 1967, 1974 жылғы жинақтарында жарияланған.
ҚОШ, КЕЛІНДЕР, ІНІЛЕРІМ -Демалыс үйінде бірге дем алғандармен қоштасып айтқаны. 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
АЛАТАУДЫҢ АЙНАСЫ – 1959 жылы Есік көліне барғанда жырлағаны. 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарық көрген.
КӨГЕРТЕР КӨСЕГЕҢДІ – Тың, совхозына аттанған жастарға арнағаны. «Лениншіл жаста» (1959 жыл 13 август) және 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланды.
ЖАМАН АҒАЙЫН – Жақсылық пен жамандық салыстырылған тақпақ. «Қазақ әдебиетінің» 1959 жыл, 18 декабрьдегі санында жарияланып, кейінгі жинақтарына қосылған.
КІШІПЕЙІЛ КЕЛЕДІ БІЛІМДІ АДАМ – Бұл да сол газеттен алынды.
ЕРЛІ-ЗАЙЫП – Семья тақырыбына арнаған өлеңі. Сол газеттен алынды.
ҚАШАН ҚАЛАР – Күншілдер мінезін көргенде айтқаны. «Қазақ әдебиетінің» сол санынан алынды.
НЫҒМЕТТІ ЖОҚТАУ – Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі Нығмет Сауранбаев 1959 жылы қайтыс болғанда айтқан жоқтауы. Бұл жолы жанр түріне сәйкес аты өзгертілді. 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
ҚЫРҒЫЗ ДОСТАРЫМА – 1959 жылы Қырғызстандағы ақын, ыршы достарына жолдаған сәлем хаты. 1967, 1974 жылдардағы кітаптарында жарық көрген.
ОМАР ШИПИНГЕ – Халық ақыны О.Шпагиннің 80 жасқа толған мүшелді тойына жолдаған хат-өлеңі. Алғаш рет «Қазақ әдебиетінің» 1959 жыл, 7 августағы санында «Омекеңе» деген атпен жарияланған.
ҚАЗАҚСТАНЫМ – Ақынның туған республикасына арнаған бірнеше өлең-әндері бар. Оның бірқатары Қазақ республикасының он жылдығына, 40 жылдығына арналды. Ал, Қазақ ССР-нің 50 жылдық мерекесіне арналған бұл өлеңі әуелі «Еңбек туы» газетінде (1970 жыл, 31 июнь), кейін 1974 жылғы жинағында жарияланды.
НАСИҚА – Зайыбы Насиқаға айтқан арнауы. Бұл өлеңнің екі нұсқасы бар. Жеті буындысы 1960 жылы айтылып, кейінгі жинақтарына еніп келген. 1975 жылы шығарған он бір буындысы бұрын жарияланбаған. Осы жолы екеуі біріктірілді.
КӨКТЕРЕК АУДАНЫНДА – 1960 жылы Жамбыл облысы Көктерек ауданының озат шопандары және екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевпен кездескенде айтқан өлең. 1967, 1974 жылдардағы жинағында жарық көрген.
МҰХТАРҒА – «Абай жолы» эпопеясы үшін Мемлекеттік сыйлық алған Мұхтар Әуезовті құттықтап айтқаны. «Қазақ әдебиетінің» 1961 жыл, 30 июньдегі санында «Бауырыма» деген атпен жарияланған. Кейін 1967, 1974 жылдардағы жинақтарына қосылған.
ТОҒЫЗ ҚОРЖЫН – Құда-жекжаттар арасындағы кейбір әдет-салттар сыналған өлең. 1960 жылы айтылып, 1961, 1967, 1974 жылдарғы жинақтарына қосылып келген.
ДОСТАРЫМ – Бұл өлеңінде бала кезінен қартайған шағына дейінгі дос-жарандарының (Аянбай, Еркебай, Мәсімхан, Ораз Жандосов, Иван Шпегальский, Борис Ерзакович, М.Қаратаев, С.Мұқанов, Т.Жароков) есімдерін атап шығады. Өлең 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарық көрген.
МҰҚАНЫМ – Дарынды композитор Мұқан Төлебаев қайтыс болғанда қоштасқаны. Өлең «Қазақ әдебиеті» газетінде (1960, 8 апрель) жарияланған. Кейін 1967, 1974 жылдарғы жинақтарына қосылған.
БӘРІНЕН ДЕ ЕҢБЕК КҮШТІ – Жемісті енбекке шақырған бұл өлеңі 1960 жылы жырланған. 1967, 1974 жылдарғы жинақтарында жарияланған.
САЙРА ТІЛ – Алпысыншы жылдары ауызша айтылып келіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің сол жылғы 25 ноябрінде, кейін 1967, 1974 жылдарғы жинақтарында жарияланған.
ҚАРҒАЛЫ – Шұға фабрикасына барғанда айтқаны. Өлең «Қазақ әдебиеті» газетінде (1960, 3 июнь) жарияланып, кейін 1967, 1974 жылдарғы жинағына қосылған.
ШАШУ ШАШТЫМ ӨЛЕҢМЕН – Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтің. 70 жасқа толған тойына арнаған өлең-шашуы. Әуелі «Коммунизм таңы» (1960, 2 июнь) газетінде жарық көрген. Кейін 1974 жылғы кітабына енген.
АРАҚ, ШЫЛЫМ. – Кейбір арақ пен шылымға салынғандарды сынап айтқаны. Өлең 1960 жылдары ауызша айтылып келген. Кейін 1967 жылғы жинағында жарияланған.
ТОҒОЛАҚ ТОЙЫНА – 1960 жылы қырғыз халқының атақты ыршысы Тоғолақ молданың (шын аты Бәйімбет Әбдірахманов) туғанына жүз жыл толу тойы өткізілгенде, сол тойға Кенен, М.Әуезов, Ғ.Орманов қатысқан. Өлең сол жолы айтылған. Алғаш рет 1967 жылғы жинағына енген.
КЕЛІНЖАН – Ақыннын, ұлы Көркемжанның үйлену тойында айтқан беташары. Өлеңдегі Дина – келінінің аты. 1974, 1977 жылғы жинақтарында жарияланған. Әнін нотаға түсірген А.Серікбаева.
ҚАДІРЛЕГЕН ХАЛҚЫМА – 1961 жылы термеленген бұл өлеңі бұрынғы кітаптарында «Терме жыр» деп жарияланып келген. Бұл жолы терменің бірінші жолын тақырып етіп қойдық.
БАЛТАҒҰЛҒА – Кенен көп жылдар бойы Алматы облысы, Балқаш ауданының ақыны Балтағұл Бигелдиевпен (1891-1971) өлең-хат жазысып тұрған. Бұл сол ақынға жазған бір жауабы. Өлең алғаш рет 1967 жылғы жинағына қысқартылып жарияланған.
ҚЫЗЫЛ ТУЛЫ КОЛХОЗЫМА – 1961 жылы ақын тұрған С.М.Киров атындағы колхоз ауданаралық социалистік жарыста озып шығып, қызыл ту және ақшалай сыйлық алады. Бұл осы қуанышқа арналған. Өлең 1967 жылғы жинағынан алынды.
ЖАС КЕЗЕҢДЕРІ – Ертедегі халық жырауларының жас кезеңдерін термелеу үлгісімен жырлағаны. Өлең 1955 жылғы жинағында «Жас шақта» деп аталған. 1961 жылғы жинағында «Өмір кезеңдері» деп өзгертіліп, жылы анықталған. Т.Шахановтың аударуымен Қазақ совет поэзиясының антологиясына (I т, 1972) қосылған.
ҚАС ПЕН ДОСМАНБЕТОВ Б.С. – 1961 жылы жырланған бұл өлеңде қастық пен достық салыстырылған. Осы түсініктеме авторы ақын айтуынан жазып алып, 1967 жылғы жинағына қосқан.
ЖАҚСЫ АТ ПЕН ЖАҚСЫ ЖҰБАЙ -халық нақылы. негізінде айтылған ғибарат өлең. Ақынның өз айтуынан жазып алынып, 1967 жылғы жинағына қосылған.
ҚАЛТА ҚАҒАР – Бұл тақпақтың тууын ақын былай әңгімелеген: Ырысдәулет ақсақал қалаға барып, астығын сатып, дүкеннен бала-шағасына көйлек-көншек алайын деп, қалтасын қараса, ақшасы жоқ дейді. Сөйтіп құр қол келе жатқанда жолда Кененге жолығады. Сондағы айтылған сөз екен. 1967 жылғы жинағында жарияланған.
ЖАН СЕРІГІМ ДОМБЫРА – Бұл ақынның серігі домбырасына арнаған екінші өлеңі. «Домбыра» деген арнаулы әні бар бірінші өлеңі 1925 жылдан шырқалып келеді. Бұл термені 1961 жылы айтқан. Әуелі «Еңбек туы» газетіне (1962, 14 ноябрь), кейін 1967 жылғы жинағында жарияланды.
ТОЙ БАСТАР – 1961 жылы Алматыда халық ақын-жыршыларының республикалық мәслихат – кеңесі өткізілген. Жиынды Кенен ақсақал осы өлеңмен ашқан. Тойбастарды осы түсініктің авторы жазып алып, 1967 жылғы жинағына қосқан.
САРБАРПЫ – Ақын Сарбарпы деген құстың әрекетіне зер салып, оны 1961 жылы тұсшал өлең етіп, кейін арнаулы әуенімен толғаған. Алғаш рет 1967 жылғы жинағында жарияланды. Кейін 1974 жылғы бір томдығына қосылды. Әуенін нотаға түсірген А.Серікбаева.
БҰЛБҰЛ МЕН КӨКЕК – Айтыс түрінде айтылып келген мысал өлең. 1961 жылы жазып алынып, 1967 жылғы жинағына қосылған.
БАҚ, ҚЫДЫР МЕН ЫНТЫМАҚ – Мысал үлгісінде айтып жүрген өлеңі. 1961 жылы ақын айтуынан жазып алынып, 1967 жылғы жинағында жарияланған.
КӨЗ ЖІБЕРСЕМ ӨТКЕНГЕ – Өткен өмірін еске алған толғауы. 1962 жылдың күзінде ақынның аңыз, әңгіме, естеліктерін жазып алып отырған кезде, Кенекең қара сөзді қоя салып термелей жөнелді. Бұл сол тұста жазып алынған шығарма. Алғаш рет 1974 жылғы жинағында жарияланған. Ал, қарасөз естелігі 1969 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Аңыздар сыры» атты кітабында басылып шықты.
ЕРКЕБАЙДЫҢ АУЫЛЫНДА – Бұл толғау да сол жолы жазып алынған.
ӨЗІМЕ АРНАУ – 1962 жылы жырланған. Ақынның өз айтуымен сәл ықшамдалып, 1967 жылғы жинағына қосылған.
СӘБИТКЕ – Кенен ақынның жазушы Сәбит Мұқановпен достығы ертеден оқушыға мәлім. Екеуі бірін-бірі көре алмаса, сағынысады екен. Арнайы шақыртумен Сәбит Мариясымен 1963 жылдың жаз айында Қордайдағы Кененнің үйіне барады. Өлең сонда айтылған, кейін 1967 жылғы жинағына қосылған.
ШОПАН ТУРАЛЫ ЖЫР – Ақын өткен жалшылық өмірін еске алып, бүгінгі шопандар. тұрмысын жыр еткен. Жыр әуелі «Еңбек туы» газетінде (1964, 10 март) басылып, 1967 жылғы жинағына қосылған.
ТАҢЫМ АТЫП, КҮН ШЫҚТЫ – Ұлы Октябрь Социалистік революциясының 47 жылдығына арнауы. 1965 жылы өз айтуынан жазып алынып, 1967 жылғы жинағына қосылған.
ҚҰТТЫҚТАУ – Жамбыл облысының еңбекшілері социалистік жарыста озып шығып, қызыл туға ие болғанда, ақын қуаныш білдіріп осы өлеңін айтқан. Алғаш рет «Еңбек туы» газетінде (1961, 22 сентябрь) басылған. Кейін 1967 жылғы жинағына қосылған.
АЯЗ АТА – Алғаш рет ақынның өзі тұрған колхоз орталығындағы мектеп оқушыларының 1964 жылдың ёлкасында айтылған. Кейін 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
ЖОЛ АШАР – 1964 жылғы Жамбыл, Шымкент облысаралық ақындар айтысын бастардағы жол ашары. Өлеңнің 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған нұсқасы сақталды.
8-МАРТ – Халықаралық әйелдер мейрамына арналған өлең. Оны ақын 1964 жылы Жамбыл қаласындағы салтанатты жиналыста айтқан. 1967 жылғы жинағында аздап ықшамдалған.
ЖАСТЫҚ ДӘУРЕН ҚАЙДАСЫҢ – Бұл ақынның жастық шағын еске алып айтқаны. 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
СЕКСЕН – Ақынның сексен жасқа толғанда шырқаған ән-өлеңі. 1967 жылғы жинағында, нотасы 1977 жылғы «Бозторғай» атты жинағында жарияланды. Әнін нотаға түсірген А.Серікбаева.
БАЛАЛАР АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІН БІЛ – Жасы 80-ге толғанда, өзінің ата-анасын еске алып, қазіргі ұрпақтарына айтқан өсиетнамасы. 1967 жылғы жинағында жарық көрген.
ЕКІНШІ ТЫҢ ЕРЛЕРІ – Жас шопандар кеңесіне арнаған өлеңі. Әуелгі нұсқасы «Қордай шамшырағы» газетінде (1964 жыл, 25 маусым) жарияланды. 1967 жылғы нұсқасы сақталды.
ҚАРТАЙҒАНДА – Осыған ұқсас «Қайран жастық» деген ән-өлеңі бар. Ақын бұл өлеңін ауызша айтып жүрген. 1967, 1974 жылдардағы жинағында жарияланған.
ШАБЫНДЫҚТАҒЫ ШАБЫТ – 1965 жылдың жазында ақын тұрған колхоздың жиырма шақты қарттары өздері тілек білдіріп, шөп шабуға шыққан. Кенен олардың арасына барып, осы өлеңді айтқан. 1967 жылғы нұсқасы сақталды.
ҚАЙРАН ТАЙЫР – Ақын Тайыр Жароков қайтыс болғанда айтқаны. Өлең алғаш рет 1967 жылғы жинағында жарияланған.
НЕ ПАЙДА -1965 жылдары термелеп, кейін 1967 жылғы жинағына қосқан.
СӘРСЕКЕМ – Әуені бар терме, оны ақын өзінің жақын ағасы Сәрсебайға арнаған. Терме 1965 жылы ақын айтуынан жазып алынып, 1967 жылғы жинағына қосылған.
СӘРСЕБАЙ МЕН БИҚА СҰЛУ – Бұл да ағасы Сәрсебай және оның зайыбы Биқаға арналған терме. Сол кітаптан алынды.
ЖАЛЫНҒАМ ЖОҚ БАЙЛАРҒА – Ілгеріде ауызша айтылып келген бұл өлеңі 1965 жылы жазып алынған. Сол жинақтан.
ҒАБИТКЕ – Академик жазушы Ғабит Мүсірепов Москвадан оралғанда айтылған өлең. Ақынның «төрт тіреу әдебиетте атанып ең» деп отырғаны: М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин. Сол жинақтағы нұсқа сақталды.
ТАУҒА БАРСАҢ ТАМАША – Табиғат құбылысына арналған өлеңі. Сол жылы жазып алынып, 1967 жылғы жинағына қосылған.
ТАУДЫҢ СУЫ ТАСҚЫНДАП – Сол жолы айтылған өлең.
ЕНДІ СОҒЫС БОЛМАСЫН – Ақынның бейбітшілік тақырыбына арнаған өлеңі. 1965 жылы өз айтуынан жазып алынып, 1967 жылғы жинағына енгізілген.
ҚЫЗ ҚУУ – Қазақтың дәстүрлі қыз қуу салты бейнеленген толғау-жыр. Ертеректе бір тойда Келебай деген жігітпен Биқа қыз «Қыз қуу» жарысына түседі. Жыр 1965 жылы жазып алынған. 1967 жылғы жинағына қосылған. Сол нұсқасы сақталды.
УКРАИН ХАЛҚЫНА – Өлең 1966 жылы Украин ССР-інің Қазақстанда өткен әдебиет апталығына орай шығарылған. Қарт ақын халықтар достығын жырлаған бұл өлеңін ардақты інісі, академик Мұхаметжан Қаратаевқа хат арқылы жолдаған екен. Өлең М.Қаратаевтың ұсынуымен бірінші рет жарияланып отыр.
АЛТЫН КҮЗ – Күзгі жиын-терін маусымы бейнеленген өлең. 1966 жылы ақын айтуынан жазып алынып, 1967 жылғы жинағына қосылған. Сол нұсқасы сақталды.
«БАС ТА ӨЛЕҢ…» – 1966 жылы Казақстан Жазушылар одағының V съезі өткен күні айтқан өлеңі. Осы жолы бірінші рет жарияланып отыр.
ЖАҚСЫ БОЛСА ЖАН ЖАРЫҢ – Жарасымды жұбайларға арналған өлең. 1966 жылы айтылып, 1967 жылғы жинағына қосылған.
МИЛЛИАРДТЫ ҚҰТТЫҚТАУ – Қазақстан миллиардына қуаныш білдіріп құттықтаған өлеңі. Ақынның өз айтуынан жазып алған қызы Төрткен Кененова. 1967 жылғы жинағына қосылған.
ЖЫЛ ҚҰСЫ – Бұл өлеңін 1966 жылы айтқан. Ақын айтуынан жазып алған Төрткен Кененова. 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
ҚАРТ АҚЫНДАР АТЫНАН – Қазақстан жазушыларының V съезінде сөйлеген өлең-сөзі. 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
ШАТТЫҚ ЖЫРЫ – Октябрь мерекесіне арналған өлеңі. Алғашқы нұсқасы «Еңбек туы» газетінде (1966 жыл, 6 ноябрь) басылып, кейін 1967, 1974 жылдарғы жинағында жарияланған.
КЕЙБІРЕУ – Алғашқы нұсқасы 1911 жылдары айтылып, 1967 жылы ықшамдалған. 1967, 1974 жылдарғы кітаптарында жарық көрген.
ӘҢГІМЕ ТУРАЛЫ – Бұл да сондай.
ЕЛ БАҚЫТЫ – В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу қарсаңында шырқаған ән-өлеңі. Жазып алған Төрткен Кененова. 1967, 1977 жылдарғы жинағында жарық көрген. Әнін нотаға түсірген А.Серікбаева.
АЛМАТЫ – АСТАНАМ – Бұл ақынның Алматыға арнаған соңғы өлеңі. Жазып алған Төрткен Кененова. 1967 жылғы жинағында жарық көрген.
ОРДЕНДІ ОБЛЫСЫМ – Жамбыл облысы Ленин орденімен наградталғанда айтылған өлең. Мұны да Төрткен жазып алған. Алғаш рет «Еңбек туы» газетінде (1967 жыл, 29 тамыз) кейін 1974 жылғы жинағында жарық керген…
МАҚАЛ-НАҚЫЛ – Бұрыннан жадында жүрген мақал-нақылдары 1967 жылғы жинағы шығар алдында жазылып алынып, сол жинағына қосылған. Кейін 1974 жылғы кітапта жарияланды.
ШӨП АТТАРЫ – Табиғат қорғау тақырыбына арналған өлең. Ақын айтуынан жазып алған Төрткен Кененова. Алғаш рет «Той бастар» атты кітапшасында (1973) жарияланған.
ҚҰСТАР АТЫ – бұл да сол кітапшадан. СУДЫҢ ДА АТЫ БАР – Бұл да сол кітапшадан.
АҢДАР АТЫ – Сол кітапшадан.
ЕЛУ ЖЫЛДА ЕЛ ЖАҢА – Қазақ республикасының елу жылдық мерекесіне арнағаны. «Еңбек туы» газетінен (1967 жыл, 29 сентябрь) алынып, 1967 жылғы кітабына қосылған. Кейін 1974 жылғы жинағында жарияланған. Осы кітапта түсіп қалған:
«Үйлеріне жарқырап шам да келді, Бұрын тек мал өргізіп жүрген халық»,—
деген жол қайта қалпына келтірілді.
ТОЙҒА ШАШУ – 1969 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу мерекесі қарсаңында жырланған цикл-жыр. Ақын айтуынан жазып алған Төрткен Кененова. 1974 жылғы кітабында жарияланған нұсқасы сақталды.
ТОҚСАНДАҒЫ ТОЛҒАУ – Тоқсан жастағы толғауы. Осы жинағында алғаш рет жарияланып отыр. Осыдан былайғы 1974, 1975, 1976 жылдарғы өлеңдері бұрын жарияланбаған, тұңғыш рет жарық көріп отыр.
ХАТ – Тоқсан жасқа толған тойы кезінде КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ақынды хат жазып құттықтаған. Бұл Кененнің сол хатқа жауабы, алғыс сөзі.
ФУРМАНОВТЫ ҚАРСЫ АЛҒАНДА – Ақынның 90 жылдық тойы өтер алдында, жаңа өлеңдерін жазып алу үстінде, «Ревком болып тұрған жылдары кімдермен кездесіп, қызметтес болдыңыз» деп сұрағанымызда, ол өткен күндерін еске ала отырып, осы өлеңді айтқанды.
СОЛ ЖЫЛЫ – Бұл өмір термесі де сол жолы айтуынан жазып алынды.
ҚҰМТӨБЕ БАСЫНДА – Бұл өлең де сол сұхбат үстінде туған.
БАЛАЛЫҚ ШАҚ – Жас шағын еске алған бұл өлеңі де сол кездесу үстінде жырланған.
ЖАҢА ОТАУ – 1974 жылы Жамбыл облысындағы Қордай ауданынан Красногор жеке аудан болып құрылғанда айтқаны.
ӘЖЕМ-АЙ – Сол жылы ақынның зайыбы Насиханың анасы Мысбала қайтыс болғанда айтқан жоқтау әні.
ДӘРІГЕРГЕ АЛҒЫС – Өзін емдеген дәрігерлерге той өтер алдында айтқан алғысы.
ДӘМЕГЕ – Кененнің 90 жылдық тойы өтіп жатқан күні Дәме деген ана ұл туып, атын Кенен қойған да, ақынды құттықтап сәлемхат жазған. Бұл сол Дәмеге қайтарған жауабы.
ЖАҢА ЖЬІЛ – Жасы 91-ге келген Кененнің жаңа жылға арнап айтқаны.
БҰРЫНҒЫ ЖАЛШЫ, БҮГІНГІ МАЛШЫ – Революциядан бұрынғы және қазіргі шопан, бақташылар тұрмысын салыстырған өлең. Оны ақын 1975 жылы өзінің тоқсанға толған мүшелді жасын құттықтап келген шопандарға айтқан. Жазып алған Төрткен Кененова.
ТАНИСЫҢ – Ғибрат терме ақынның жасы 92-ге қараған жасында өз айтқанынан жазып алынып, шағын нұсқасы «Қазақ әдебиеті» газетінде (1977 жыл, 7 қаңтар) санында жарияланған.
ТАМАША-АЙ – Бұл ән-өлеңі де сол жолы жазып алынып, кейін «Қазақ әдебиетінің» 1977 жылғы 7 қаңтардағы санында «Жүз жасқа» деген тақырыппен шағын нұсқасы жарық көрген.
ЕНДІ МЕНДЕ АРМАН ЖОҚ – Бұл терме де сол кезде жазып алынған.
ЕСКЕРТКІШ – Кенен Әзірбаевтің ең соңғы, өзіне өлеңмен орнатқан ескерткіші. Тұңғыш рет жариялануы.
Нысанбек ТӨРЕҚҰЛОВ,
Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми
қызметкері, филология ғылымының кандидаты