ЕНДІ МЕНДЕ АРМАН ЖОҚ

Тұңғыш қызым Талжібек,

Алпыс беске қалды кеп.

Екінші қыз туғанда

Ұлтай қойдым ырым ғып.

Артынан ұл тусын деп,

Ата жолын қусын деп.

Үшінші қыз туғанда,

Төрт кемпір мен бір шал деп,

Естіген ел күлсін деп,

Артынан іні ерсін деп,

Түтін тура шықсын деп,

Үйге ие боп тұрсын деп.

Жол құтты боп екі қыз,

Оңынан туып таң жұлдыз,

Көп кешікпей ұл туды.

Жамбыл келіп қуанып,

Атын қойды Көркемжан.

Тағы да бір ұл туды,

Ұл туған соң күн туды.

Тоғызыншы май күні

Жау жеңілген әйгілі

Атын қойдым Бақытжан.

Тағы да бір қыз туды,

Атын қойдым Ақтамақ.

Еркелетіп өсірдім,

Ақтамақты мақтамақ.

Кенже қыз туды Ақбілек

Ол да өсті еркелеп.

Ұл-қыздарды сүйгенде,

Бойымызды балқытты.

Арпыл-тарпыл жүргенде,

Ойымызды шалқытты.

Ұл, қызымды оқыттым,

Немді аядым баладан.

Ішкен асым бойыма,

Сонан кейін тараған.

Екі келін түсірдім,

Көңілімді өсірдім.

Екі дүркін той жасап,

«Келінжан» деп ән шырқап,

Жүйрік аттай көсілдім.

Байлаулы малдай шешілдім.

Көркемжан мен Бақытжан

Екі өркеші түйенің,

Екі емшегі биенің.

Немере мен шөбере,

Туажатты сүйгенім,

Ақ ешкіге парланып,

Жүрген шақта зарланып,

Қабыл болды тілегім,

Сонан кейін басылған,

Тарсылдаған жүрегім.

Партияның панасы,

Ардақты елдің арқасы

Әбиір мен атаққа,

Бірте-бірте қол жетті.

Көл-көсір боп мол жетті.

Ұлан-асыр той болып,

Тоқсан жылдық ол да өтті.

Күнде думан қызықпен,

Өмір зырлап демде өтті.

Тоқсан бірге жас кетті.

Әділетті заманда,

Ұлы Отаным аманда,

Енді менде арман жоқ,

Айтар сөзім қалған жоқ.

1976