ЕРЛІ-ЗАЙЫП

Ерлі-зайып, болыңдар тату-тәтті.

Қуалама басыңа қонған бақты.

Дастарханның болмайды берекесі,

Ері сараң, әйелі болса қатты.

Жаман болса әйелің, қатар сілең,

Күнде-күнде от басы әуре-сүрең.

Қабағына қарайды келген қонақ,

Дәм-тұзыңда болмайды ешбір ірең.

Кейбір әйел келеді сыбысқұмар,

Ондай жанды ер қайтып тыныс қылар?!

Аттанғанша қонағы шыдай алмай,

«Құдай» қарғап құрғыры ұрыс қылар.

Әйелің жақсы болса атың байлар,

Жаман болса шапылдап отынға айдар.

Жұбайың шайпау мінез болып шықса,

Қатарыңнан қаймығып, сорың қайнар.

Қолы ашық адамның жолы да ашық.

Қор болмайсың ешкімнен сөзден сасып,

Адамға алыс та дос, жақын да дос,

Арасында жүрерсің алшаң басып.

1959