ЖАЛЫНҒАМ ЖОҚ БАЙЛАРҒА

Байларға ол заманда бағынғам жоқ,

Ат мініп, сауын сұрап жалынғам жоқ.

Он алты, он жетіге ілінген соң,

Тамақ пен киімнен де тарылғам жоқ.

Байлардың балта, шотын шапқаным жоқ,

Олардан қорқып тізгін тартқаным жоқ.

Құлшабай, Әймендердің қойын баққан,

Есігін қайта барып қаққаным жоқ.

Ойласам бір байменен дос болмаппын,

Бай үшін бір кедеймен қас болмаппын.

Ол отырған төрінде, мен де отырдым,

                Байлар мен болыстан да жасқанбаппын.

Қыз алып, құда болып, қыз бермеппін,

Иіліп, ісім түсіп іздемеппін.

Өнермен өрге өрлеп, төске шауып,

Өр қия, талай қиын жолдан өттім.

Жүрсем де араласып, күліп-ойнап,

Ат алып, шапан киіп, қойын айдап.

Жасымнан бай-кұлаққа жалындырмай,

Табиғат салғызған ғой бойымды аулақ.

1955