ЖАН СЕРІГІМ ДОМБЫРА
Жан серігім домбыра,
Жастан алдым қолыма.
Талаптанып тайқымай,
Түстім қиын жолына.
Әр ноқтаға бас сұқпай,
Жатсам-тұрсам ойымда,
Араластым ән шырқап
Елдің думан, тойына.
Бұл өнерді сатпаймын,
Байдың мың сан қойына.
Ұрлап кетер мал емес,
Тығып кетер ақша емес,
Өліп кетер ат емес,
Тозып қалар зат емес,
Қолқалап досың ала алмас,
Алса да айдап бара алмас,
Жарлы күнде жар болды,
Зарлы күнде нәр болды,
Қайнардан бұлақ аққандай,
Тастан тесік тапқандай,
Тау жаңғыртып ән мен жыр,
Құлаққа тиер сақпандай,
Өлгенде тынар домбыра,
Бұлбұлдың тілі қатқандай.
1961