ЖАҢА ОТАУ

Үкіметім ұйғарған,

Шаруашылық жағдайдан.

Жаңа аудан болып бөлінді,

Атағы зор Қордайдан.

Қайнардан су тасыса,

Су ағады сай-сайдан.

Қоғамға еңбек істесе,

Тері ағады маңдайдан.

Домбыра даусы естілсе,

Жыр төгілер таңдайдан.

Орталығы ауданның,

Орнады Отар төріне.

Құлжабасы, Қушоқы,

Қоңырадыр беліне.

Мәтібұлақ, Жартаста,

Менің туған жеріме.

Отынсай, Қоғалы,

Жыра сайын қоралы.

Төбе, сайы обалы,

Колхоз, совхоз еліне,

Хантауы мен Қапшағай,

Сілемдес жатқан қоңыр бел,

Бір құрғандай арқауы.

Доланқара, Аңрақай,

Көзге түсер нән тауы.

Құлжабасы, Сұңқармен

Қоңырадыр сән тауы.

«Шөбі шүйгін, суы бал»,

Деген халық мақалы.

Жаңа отау келіп тігілді,

Темір жолдың бойына,

Еңбекші ел қарсы алды,

Қуаныш сыймай қойнына.

Сыйға берген секілді,

Тоқсан жылдық тойыма.

Жырмен шашу шашуды,

Дұрыс көрдім ойымда.

1974