ЖОЛАШАР
Ата салты жолашар,
Жолың болсын, жолдастар.
Оңтүстік пен Жамбылда,
Аудан мен ауылда,
Болып жатыр айтыстар.
Ал ақындар-ақындар,
Домбыраңды тартыңдар,
Асыл сөзін ақынның
Тыңдайтұғын халқым бар.
Аудан мен ауылдың,
Табыстарын айтыңдар,
Шамшырақ пен озаттың
Өнегесін алыңдар.
Кемшілікті жасырмай,
Көп алдына салыңдар.
Артта қалған шаруаны
Алға бастап барыңдар.
Айтысатын жас ақын,
Бүгін топты жарыңдар.
«Мін болмаса сын болмас».
Ыза болса ашынар.
Кезекпенен айтысып,
Бір-біріңді тосыңдар.
Бастап отыр қарт атаң,
Сексенге келген жасы бар.
1964