Кенен:

Шашеке, амансыз ба, күйлі-жайлы?

Өнерге өрен аға сегіз сайлы.

О, шіркін, кәрілік те кеп қалыпты,

Аяғы бұл өмірдің түйетайлы.

Алабын Алатаудың әнмен жайқап,

Көрген ең қырғыз, қазақ кен жамайды ‘

Айтысып Сарбас, Жамбыл, Қуандықпен,

Ән, күймен қүйқылжытып сән сырнайды.

Асында Ноғайбайдың алғашқы рет,

Көргенім мініп барып жайдақ тайды.

«Аққайың», «Сырлықайың» әндеріңді

Үйреніп мендей інің елге жайды.

Ақында сізден үлкен енді кім бар,

Жамбыл мен үлгі етеміз ұлы Абайды.

Шашеке, сәлем бердім өлеңменен,

Көргендей жаңа туған күн мен айды.

Шашеке, кепті жасың сексен беске,

Аяққа түсау түсіп шешілмеске.

Алты күн айлық жолды басқан тұлпар,

Қалыпсыз ілесе алмай қозыкөшке.

Кең байтақ Сарыарқада шапқан дүлдүл,

Түлкіні  төстен  қашқан  қаққан дүлдүл.

Сұлу қыз, жора-жолдас, төрт түлік мал,

Бір кезде Жетісудан тапқан, бұлбұл.

Аралап қазақ, қырғыз, абақ, тарақ,

Дәм-тұзын  Алатаудың татқан  бұлбұл.

Мінеки Москваға келіп тұрсыз,

Қызығын саяхаттап көріп тұрсыз,

Кіргенде мавзолейге дана жатқан,

Бас иіп сары майдай еріп тұрсыз.

Нұрланған астананы араладын,

Қызығын көрдің ұрпақ балалардың,

Бастаған партияның арқасында,

Бәйге алған боз тарландай бағаландың.

Шашубай:

Аман ба елі-жұртың, ақын Кенен,

Жасыңнан ниетіміз жақын, Кенен.

«Бозторғай», «Көкшолақтай» әнге шырқап,

Жайылған Жетісуға атың, Кенен,

Атыңды әкең қайдан қойған тауып,

Әншісі Алатаудың думан-сауық.

Біржан сал, Ақан, Әсет, Балуан Шолақ,

Солардың жолын қудың әнін салып.

Інісі ең аты шулы Сарбастың,

Кененжан, жаны бірдей кәрі-жастың.

Кәрілік жеңіп алды құлдилатып,

Жас кезде таудан асқан болдым тасқын.

Көзіме ел мен жерді елестетіп,

Түсіріп көңіліме амандастың.

Жас кезде аралаған Жетісуым,

Ән шырқап, сайрандаған асқар нуым,

Халқыма қазақ, қырғыз менен сәлем,

Орнатқан өкіметтің жеңіс туын.

Аралап ел-жұртымды қайтар едім,

Шіркін-ай, қалтырап тұр мына буын!

Бақытты заманымда Мәскеуге кеп,

Мың жасап, жасаңғырап, қайта тудым.

1949