Өмірбаяны

Biography

Халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусымда қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеге келді. Ал 1957 жылы сол кездегі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Киров колхозына көшіп барып, өмірінің соңына дейін осы елді мекенде тұрды. 1976 жылы 92 жасында қайтыс болды. Ақынның мәйіті, тұрған үйі, мұражайы осы жерде. «Кенен – екі облысқа ортақ ақын» дейтіні сондықтан. Қазіргі күні бұл жер «Кенен ауылы» деп аталады.

ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХХ ғасырда ұлттық рухтың ұлы өнерпазы: жырауы әрі ақыны, жыршысы әрі күйшісі, әншісі әрі композиторы, шежірешісі әрі ірі қоғамдық қайраткері болып танылған Кенекеңнен халқымыздың алтын қорына барып қосылған сан-салалы мол мұра қалды.

Он жасында қолына домбыра алып, той-жиындарда ән сала бастаған. 13 жасында өзінің атақты «Бозторғай» әнін шығарды. Халықтың көңілін елең еткізген бұл ән қазақ даласына тез тарап кетті. «Боздаланың бозторғайы» атанған бала Кененнің аты қырғыз-қазаққа мәлім бола бастады. Ақынның бозбала шағында (16-17 жасында) дүниеге келген «Көкшолақ» әні Кененнің даңқын арттыра түсті. Бұл әндері өмірдің қысастығына ашынған, содан құтылар жол іздеген жас ақынның бұлқынған жүрегі еді.

Ақынның қырсығын кескен, өнердің самғау биігіне жол ашқан елеулі оқиға 1904 жылы болған атақты қырғыз манабы Шәбден батырдың асы болды. Осы жиынға өзінің ақыны ретінде ертіп барған Қордайдың беделді адамы, орысша білім алған, туысы Еркебай Базарұлы еді. Осы жиында Жамбыл, Құлмамбет, Қатаған, Қалмырза сынды жыр дүлдерін көрді. Топ алдына шыққан жас ақын өзінің “Көпшілік, тыңда әнімді” деген атақты әнін шырқады.

Кененнің өнер жолына үлкен бетбұрыс әкелген оқиға 1914 жылы арқадан атақты Балуан Шолақтың Жетісуға келуі болды. Бұл менің Балуанды екінші рет көруім дейтін. Осы жолы атақты әншіге еріп, Жетісудың талай жерін бірге аралайды. Атақты әншінің 12 әнін өз аузынан үйреніп қалады. Ат үстінде ән салудың, домбыра шертудің небір тәсілдерін осы Балуаннан үйрендім дейтін.

К. Әзірбаев жалынды күрескер ақын. Ол 1916 жылғы бүкіл қазақ жерін шарпыған халық көтерілісінің бел ортасында болған ақын. Қордай жерінде Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысып, көптеген оқиғаны көзбен көрген, Әлидің қасында жүріп әнімен де, жырымен де көпшілікті күреске үгіттеген сарбаз ақыны болған. Осы жылдары шығарған «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда?», «Бұлбұлға» деген әндері қазақ өнерінің алтын қорына айналған дүниелер. Кейін осы оқиғаға байланысты өзінің атақты «Әли батыр» атты дастанын дүниеге әкелді.

Кеңес үкіметі орнаған кезде халық арасында үгіт-насихат жүргізу шараларына белсене ат салысты. О.Жандосов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Қ.Бәрібаев, Т.Бокин сияқты жалынды революционер-большевиктермен бірге болды.

1919-1922 жылдары Қордай болысы ревкомитетінің төрағасы болып тағайындалды. Әнімен де, жырымен де халықты бірлікке, жасампаздыққа, білім-өнерге ұмтылуға, жаңаша өмір сүруге шақырды. Осы кезеңде шығарған ән-толғаулары: «Шаңқ етпе», «Жас екпін», «Колхоз әні», «Балдай бол» сияқты туындылары сол уақыттың дәл көрінісін бейнелейтін шығармалар.

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің І-онкүндігіне жыр алыбы Жамбылды қолтықтап бірге барды.  Қазақтың бұлбұл қызы Күләштің өнеріне қол соққан жұрттың ортасында болды. Осындай тарихи оқиғаны көзбен көріп, куәгері болды. Кремльдің үлкен сарайында өзінің атақты «Жаңа заң» деген әнін шырқады. Ал 1937 жылы Жамбыл Жабаевпен бірге Кавказға сапар шегіп, грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығына арналған мерейтойдың куәгері болды.

1937 жылы Кенен Әзірбаев ССРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Ал 1939 жылы әнші-композитор К.Әзірбаев ССРО Композиторлар одағының мүшесі аталды. Сол кезде халық ақындары ішінде екі бірдей одаққа мүше болған адам тек Кенен Әзірбаев болатын.

К.Әзірбаевтың шығармашылығында ауқымды орын алатын тақырып, ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы болып табылады. Кененнің жасы бұл кезде алпысқа тақалып қалған еді. Соғыстың алғашқы күні-ақ «Біздің Отан жеңеді» деген әнімен бүкіл совет халқына үндеу тастап, жар салғаны халық есінде. Ақынның өзі айтатындай: «Қос басында, әскерлер ортасында, үлкен жиындарда, халық арасында күн демей, түн демей шырқалған әннің, айтылған өлең-жырдың есебін кім түстеп-түгендеп жатты дейсің? Көмейден төгілген асыл жырымның бағасын халқым білсе болғаны.. Ақынға содан артық бақыт жоқ» деуші еді. Сол жылдары шығарған: «Жалғыз қайным», «Қош аман бол, Шолпанқұл!», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Ел қуанышы», «Жеңіс жылғы шаттық ән» сияқты туындылары ел ырзығына айналған, сол кезеңде тарихи роль атқарған дүниелер екені даусыз.

Осыған орай 1945 жылдың 1-қаңтарында халық ақыны К.Әзірбаевқа «Құрмет белгісі» ордені берілді. 1947 жылы Москва қаласының 800 жылдық мерей тойына арнайы шақырылып, осы датаға байланысты өзінің «Батыр Москва» деген әнін шығарды.

1959 жылы ақынның 75 жылдық мерей тойы Қордай жерінде өтті. Тойды қазақтың біртуар азамат жазушысы Сәбит Мұқанов басқарды. Осы мерекеге орай  ақынға екінші рет «Құрмет белгісі» ордені табыс етілді.

1960 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұйымдастыруымен Мәскеуде өткен Шығыс фольклорын зерттеушілердің  дүние жүзілік ХХҮ конгресіне қатысты. Осы алқалы жиында «Қобыланды батыр» жырындағы «Тайбурылдың шабысы» үзіндісін асқан шеберлікпен орындап шықты. Сол жылдың күзінде қырғыз халқының ұлы демократ жыршысы Тоғолоқмолданың 160 жылдық мерей тойына да М.Әуезовпен бірге барды. Осындай іргелі жиындарда үнімен де, өнерімен де көпшілікті тәнті қылған ақынның тума талантына риза болған Мұхтар: «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ғұлама жырау, әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шет  жұртқа жеткізген талантыңызға дән ризамын» деп жүрекжарды бағасын берді.

1961 жылдың 8 ақпанында К. Әзірбаевқа «Қазақ ССР-нің халық  ақыны» деген құрметті атақ берілді.

1974 жылы ақынның 90 жылдық мерей тойы республикалық көлемде кеңінен тойланды. Осы тойға көрші жатқан өзбек, қырғыз, қарақалпақ елдерінен қонақтар келді. Тойда ССРО Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Георгий Марков өз сөзінде: “Совет оқушылары Кенен Әзірбаевтың есімін халық әдебиетінің аса ұлы алыптары Сүлеймен Стальскиймен, Жамбыл Жабаевпен қатар атайды. Кененді бүгінгі Жамбыл, екінші Жамбыл деп біледі»  деді. Шыңғыс Айтматов ақынның өнер жолына терең баға бере келіп, қырғыз халқы: «Сізді, өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есептейді» деп  сөзін түйіндеді. Осы мерекеге орай қарт ақынның кеудесіне ең жоғары награда Ленин ордені тағылды.

Осылай 90 жасқа талмай жеткен ақынның жүрегі 1976 жылы 12 сәуірде соғуын мәңгі тоқтатты. Сүйегі өзі тұрған ауылдың шетіне қастерлеп қойылды.
1981 жылы осы жерге үкіметтің арнайы қаулысымен ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы салынды.

1984 жылы Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай үлкен той өтті. М.Әуезов атындағы драма театрында республикалық ақындар айтысы өткізілді. Бұл шара көптен бері ұмыт бола бастаған халқымыздың айтыс өнерінің қайта түлеуіне, жаңаша бағыт алуына ықпал еткен тарихи оқиға болды. Салтанатты жиналыс сол кездегі еліміздің астанасы Алматы қаласының Республика сарайында маусымның 6-сы күні өткізілді. Жиналысты бұрынғы Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі, қазіргі тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев ашты. Сондағы елбасының: «Халық өмірінде Кенен Әзірбаев үн қоспаған, өзінің жарқын талантының шуағын төкпеген бірде-бір айтулы оқиға болған жоқ. Оның тамаша өшпес туындылары бүгін де сапта тұр» деген сөзі ақынның шығармашылығына берілген аса жоғары баға, жоғары құрмет екені даусыз.

Ақынның артында өте мол жазба мұрасы қалды. Он дастан, жүзден астам әндері, мыңдаған өлең-жырлары, айтыстары, жеті күйі, басқа да аты аңызға айналған тарихи тұлғалар жайлы жазғандары халық игілігіне айналып отыр. Ақынның ән-жырлары баспадан үздіксіз шығып келеді. «Өлеңдер жинағы» (1947 ж.), «Әли батыр» дастаны (1951 ж), «Өлеңдері мен дастандары» (1953 ж), «Әндері» (1955 ж), «Өмірімнің әндері» (1961 ж), «Шығармалар жинағы» (1967 ж), «Аңыздар сыры» (1969 ж), «Таңдамалы шығармалары» (1974 ж), «Кенен Әзірбаев». (Өлең-жырлары, ән текстері, дастандары, 4 том, 1984 ж), «Песни гор и степей» (1984 ж).

Содан бері ақынның 100, 110, 120 жылдық мерей тойлары үзбей тойланып келеді. Ал 2009 жылы ақынның 125 жыл мерей тойы бүкіл республика көлемінде кеңінен тойланды. Бұл еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі ақынға көрсетілген ең жоғары құрмет еді. Осы мерекеге байланысты ақынның 4 томдық толық жинағы «Ғасырлар үні» сериясымен «Өнер» баспасынан басылып шықты. Сонымен бірге тұңғыш рет ақынның өміріне арналған «Фотоальбом» жарық көрді.

Біз ақынның өмір жолына қысқаша шолу жасай отырып, ең басты деректерді ғана назарға алдық. Ал ақынның өмірі, шығармашылығы, қоғамдық жұмыстары, ақын туралы жазылған туындылар, зерттеу жұмыстары, туған жері, ата шежіресі, ұрпақтары жайлы кеңірек білгісі келгендер осы сайттан толығырақ мағлұматтар ала аласыздар.

 

                                                     Бақытжан Кененұлы