Кенен:

Мен едім Кенен ақын Қордайдағы,

Төгейін өлеңімді таңдайдағы.

Ләтипа, дауысыңды естіп келдім,

Жатсаң да Төмен Балқаш шалғайдағы.

Өзіңдей өнерпазды көргенімде,

Қайнайды зығырданым қай-қайдағы.

Топардың тоғайында сен бір бұлбұл,

Әніңді құбылжытып салғай-дағы,

Ақиық Алатаудың қыранымын,

Қондырып бұтағыңа алғай-дағы.

Ләтипа:

Сен бе едің Қордайдағы Кенен деген,

Құлағым келеді деп елеңдеген.

Сыртыңнан естуші едім атағыңды,

Ойда жок түлен түртіп келер деген.

Ашадан Сауытбек пен Жидебай кеп,

Айтысып менен көңілі төмендеген.

Қайрақбай, Әлдібай мен Көшкімбай кеп,

Бәйсімбекпен алты ақын шөмендеген.

Болғанда сен іздеген, мен сұраған,

Іздеген сұрағанға деген келген.

Ап етпей, қап етпестен, Кенен құрбым,

Азырақ сынасалық өлеңменен.

Кенен:

Мен едім Дулаттағы Кенен ақын,

Жол жүріп жеті бекет келген ақын.

Тайымда атқа қосып елім мені,

Бәйге алған оза шауып арғымақпын.

Жеңдім деп өңшең шалды мақтанасың,

Олар қайда болып еді менен ақын?!    

Тіліңді тарта сөйле асқақтамай,

Шаңыма ілеспейді сендей қатын.

Л ә т и п а:

Сен болсаң кім қорқады, Кенен ақын,

Жасыңнан жарымаған кедей ақын,

Мақтанба көрмегендей, білмегендей,

Қураған көк шолақпен сірі тақым.

Сен болсаң кім сескенер, Кенен болыс,

Қолына таяқ алған,1 кедей болыс.

Мақтайсың өзіңді өзің көтермелеп,

Келсең де үш жүз түйе сұрап «помыш»

Бүкіл мынау қазақтан серік таппай,

Қасыңа қосып апсың «сары орыс».

Кенен:

Ләтипа, келтірмеші шайтанымды,

Біліп ем осы сөзді айтарыңды.

Орыс пенен қазақты бөлетұғын,

Көңілің неге орыстан тойтарылды?

Үш жүз түйе аламын әскер үшін,

Қом-шомымен айдатып қайтарымда.

Талассаң тар кезеңге мен шығармын,

Тыртацдап шауып көрші байталыңды.

Л ә т и п а:

• Кененнін, домбырасын айт-

Ей, Кенен, жүйрік емес, жүріскерсің,

Өлеңге, әуенменен мініскерсің.

Желпініп жеңемін деп, аптықпағын,

Шындасам сөз таба алмай тіміскерсің.

Арының қайтпай жүрген ақын болсаң,

Қысылып жүрген жолың жіңішкерсін.

Көкбайтал күнде озып бәйгі алып жүр,

К… бәйгі алса иіскерсің.

К е н е н:

Ләтипа, бір көруге ашық едім,

Ауылың Хантаудағы қашық еді.

Көкбайтал күнде озып жүргенменен,

Оны да жабы сәуірік басып еді.

Тұғырдан туған құлын шабан болып,

Көшке де ілеспейтін жасық еді.

Қазанның күйесіндей қара байың,

Күйеуің таңдап тиген осы ма еді?

Кетпеннің ұңғысындай кеңірдегі,

Көргенде қалдым түрін шошып енді.

Қашар мен арғымақты матағандай,

Жатасың қайтып қана қасына енді?

Жүрсеңші Алматыға бізбен бірге,

Қояйын сүйгеніңе қосып сені.

Тіл алсаң бізден қалма,  Ләтипажан.

Әйелге теңдік жолы ашылды енді.

Ләтипа:

Ей, Кенен, қоқаң, сестен қорықпаймын,

Дүлдүлмін, неше таңға зорықпаймын.

Өлеңнің таңдайымда ұясы бар,

Ешкімнен үйренбеймін, тарықпаймын.

Болса да байым момын елім жақсы,

Үстінде үш болыс ел қалықтаймын.

Елімнің еркелеткен арқасында,

Дарияда жүзіп жүрген балықтаймын.

К е н е н:

Ләтипа, асыл нарқын білген қандай,

Жас шақта күліп, ойнап жүрген қандай!

Бұл күні әйелдерге ерік тиді,

Қалайша жүрсің шыдап жаман байға-ай?!

Жанымда жау-жарақты жолдастар бар,

Жүрсеңші тілімді алсаң, бізден қалмай.

Жоқ болса  жанашырың,  сүйенерің,

Өкімет пана болып қорғағандай.

Ләтипа

Ей Кенен, бұл сөзіңе нана алмаймын,

Шын айтсаң, мен соңыңнан қала алмаймын.

Ақ бата, қызыл қанды бұзбаймыз деп,

Ұзатты байлап, матап ел-ағайын.

Өзіңдей әзілдессем құрбыменен,

Еркексіп ұра береді жаман байым ‘.

1921

 

1 Осы арада жиында отырған Ләтипаның байы Әбіжан Тайшыбайұлы

жанжал шығарады. Сөйтіп айтыс бітпей қалады.