Кенен:

Жеңгелер, жүрмісіңдер күйлі жайлы,

Ішкелі аңсап келдім күрең шайды.

Ауылға көшіргелі келіп түрмын,

Жатақ қып жатасың ба осы Ақсайды?1

Көп боп еді, жеңгелер, көрмегенге,

Сала келдім бір қолқа жеңгелерге.

Ақсайда ағаш бағып отырғанша,

Көшсеңші Қордайдағы туған елге.

Бөдене — Шәйнек:

Орныңыз құтты болсын, болыс қайным,

Кигенің шенел, шәпкі, орыс қайным.

Кедейден өкімет боп шыққаныңда,

Жақсы екен нашарларға болысқаның.

Көш десең тоқсан түйе жиғызып кел,

Құрмет пен парасатты білгізіп кел,

Жүз жорға, ер-тоқымы ылғи күміс,

Жүз қамшы ер басына ілгізіп кел!

К ен е н:

Жеңгелер, көшем десең көшіремін,

Еркелеп төсегіңде көсілемін.

Байлардың жорғаларын алып келіп,

Мінгізіп көңіліңді өсіремін.

Иірсу, Берікқара малдың жері,

Көкорай, көк майсалы ылди, өрі.

Қосылған ағайынға көшіп барып,

Әркімнің өзіне ыстық туған елі.

Бөдене — Шәйнек:

Өкімет бізге де жер берді кесіп,

Кедейге ерінбеген болды несіп,

Астығы ағыл-тегіл жерді тастап,

Неміз бар сол Қордайға қайта көшіп.

Қайным-ау, малдан қымбат тал мен терек, Алма, өрік, ақша болар, мал не керек?!

Ақ бидай, қызыл тары бәрі бізде,

Картошка, қауын- қарбыз жөні бөлек.

Кенен:

Женгелер, ермедіңдер қайныңызға,

Қарадық олай болса жайыңызға.

Жүрерміз келіп-кетіп, есен-сау бол,

Ал енді аттаналық аулымызға.

1921

Бұл әзіл – қағысу Алматы -Пішкек тас жолы үстіндегі Ақсай   өзені   жағасында   болған.