Ырғайты, Ақтерек пен Жаманты сай,

Бар екен Аламандай бір үлкен бай.

Баласы Бошқұл, Керім үшеу туған,

Кішісі ақын, сері, сал Кенебай.

Кенебай елге мәлім бала жастан,

Ертектей ел аузында қызық дастан.

Ескі әдет, діни рәсім күшті кезде,

Немере қарындасын алып қашқан.

Түқымы Аламанның үш-төрт ауыл,

Қара ала жылқысы бар жүйрік дауыл.

Екі ала тұлпарға міне қашып,

Кербез қыз бен Кенебай шеккен дәуір.

Екі жас бір-ақ түнде елден безді,

Кір жуып, кіндік кескен жерден безді.

Қазақ салты – қыз алып, қыз бермейді,

Жеті атаға толмаса ол бір кезде.

Бесікте құда түскен әдет-ғұрып,

Қалыңмал жай береді уәде қылып.

Кербез қыздың күйеуі – бай баласы,

Үйде отырса, мойнына түспек кұрық.

Күйеуі ерні жырық, бойы мыртық,

Әйел тұрмақ, кететін еркек үркіп.

Бұл сияқты күйеуді Кербез қызға

Ата-анасы атапты түлен түртіп.

Қызбенен ата-ананың ісі бар ма?

Обалға қарайтұғын кісі бар ма?

Кенебайдан басқаның бәрі де жау,

Қыз сорлының ол кезде күші бар ма?

Той істеп Кербез сұлу ұзатылмақ,

Қос жорға, екі түйе жүк артылмақ.

Сөз байласқан құдасын қайтып қисын, Қырық жеті жеген соң, тез құтылмақ.

Той больш, өлең айтып, шулап жатыр, Жаңғырып тау менен тас дулап жатыр. Кенебай қашан көзге көрінер? деп,

Қербез де естен танып, жылап жатыр.

Кенебай Алматыға кетем, деген,

Кербезге тойда болып нетем, деген.

Күзгі таң, көз талдырар үркер туа,

Түбіне мая шөптің жетем, деген.

Сол шөпке Кербез келді, ебін тауып,

Тұр еді мұнарланып жаңбыр жауып.

Кеп түрған Кенебай да, екі ат алып,

Қарғып мініп, екі жас кетті шауып.

Шу десе, топтан озған қос қарала,

Бір үйірде бірге өскен дос қарала,

Таң ата «Аңырақайға» жетті зулап,

Қолайлы бекінуге сұр аңғарға.

Әлеумет, демеңіздер, мұны өтірік,

Жігіт сыртта, қыз, келін үйде отырып,

Ай қаранғы білтелі соқыр шамды,

«Құйын» келіп, бір соғып, кетті ұшырып.

Отырған адамдардың көрмей көзі,

Лап беріп шам жаққанша қыз да безді. Кенебай, Кербез қашып кете барсын, Басталық шетсіз тойдан енді сөзді.

Енесі шам жақкан соң жалт қарады, — Кербез қайда, жоқ қой! деп, дат салады.

Қайтадан қыз-бозбала айтыса алмай, Тойлары жау шапқандай сап болады.

Тарқады тойға келген халық шулап,

Жаман сөз жатпайды екен ұзынқұлақ. «Кенебай қарындасын ап қашты!» деп, Естіген ел сілкінді, жүрек сулап.

Аламан ажал жетіп, өлген кезі,

Бала-шаға ер жетіп келген кезі.

Ат шауып, асын беріп, жылдығы өткен,

Әлі тұр суреті мен ақ күмбезі.

Меркеде қыздың қайны кері Ботбай,

Атағы жұртқа мәлім дәу Сыпатай,

Келінін алып қашып кесірлі үл,

Кенебай салып кетті, елді шоққа-ай.

Ол кезде барымта бар, құн дауы бар.

Тағы да тамыр дауы, қыз дауы бар.

Екі ел даулы болса епті жігіт,

Мал тауып қаламыз деп ұрлауы бар.

Құдалар шашын жұлып зарланады.

«Елге не деп барам!» деп арланады.

Шешесі екі емшегін көкке сауып,

Кенебай мен Қербезге қарғанады.

Ботбайдан жүз кісі кеп қамалады.

Дауға-дау қабаттасып жамалады.

Кеткелі іздеушілер бір ай өтті,

Қаңғырып қайтып келді, таба алмады.

Шаруалар барымтадан үркіп жатыр. Таулардың арасына жытып жатыр.

Қой қырқып, бие байлап, он үй тігіп,

Жүз кісіні күні-түні күтіп жатыр.

Баласы Исатайдың Нұрғали келді,

Кез келген адамдарды сабай берді. Сиқымбай деген шешен жан жеңбеген, Бұлбұлдай дау иесі сайрай келді.

Қасқараудың кәрі-жасы жалбырады,

Еңсе түсіп, ес кетіп салбырады.

Сөз тапса Сиқымбайға сол табар деп Шақыртып Ноғайбайды алдырады.

Қарабай, Кебекбайдың қартаң кезі, Торғауыт Керім батыр қайтқан кезі. Бейімбет, Байғазылар дүние салып, Ноғайбай Қасқарауға тоқтам кезі.

Қысқасы, жақсы-жамай түгел келді,

Ақыл мен айла табар түгелденді.

Қарағандар қашқынды таба алмады,

Жері жоқ іздемеген түк өнбеді.

Қарғап жүр ауыл болып екі жасты,

Шартарап Ысты, Дулат, Шапырашты.

Немере қарындасын қатын қылса,
Оңбайды, бүл Кенебай жарымас-ты.

Ботбайлар көп күн болды, жатыр қамап, Шақ келмей, ет пен қымыз берген тамақ. Ноғайбай, Сиқымбайдай екі шешен,

Қашан бітім қылар? деп халық қарап.

Кербез қыз, Кенебаймен қырсық болды, Хабарсыз ұшып кеткен шымшық болды.

Аламанның дәулетін шайқады,- деп
Көрген, елге жиналған сұмдық болды.

Жайылды бүл уақиға оң мен солға,

Ақ орда болады деп қара қорда,

Таутеке, Жандос деген бір ауыздан

Өлтірмек, қыз – жігітті түссе қолға.

Әуелі Сиқымбайға келді кезек,

Сиқымбай сөйлеп кетті тілін безеп:

« Қасқарау, қырық құрау қып кетемін,
Дулатқа бүлік салды екі кәзеп.»

Тауып бер, жерден қазып жесірімді.
Тигіздің бүкіл елге кесіріңді.

Қырық жеті, тоғыз түйе, тоғыз бие,

Ат, айғыр санап алам өсімімді!

Берген ат, берген түйе тоғыз айып,
Ежелден ереже бар қойған салып.
Аламанның жылқысын түгел келтір,
Қалдырмай бір тайын да кетем алып!

Сиқымбай сөйлеп отыр желдей есіп,

Өзі би, өзі жан боп пішіп-кесіп, Сиқымбайдың сыңайын сезген халық Үрейленіп: мынауың қайтеді?!- десіп.

Ноғайбай жұртқа таныс, келісті үні,

Қыз түрмақ, біткен талай ердің құны.

Өткір көз оттай жанып, шарт жүгініп, Сайрады сандуғаштай қызыл тілі:

– Ау, Сиқымбай, сабыр бер, қүрбым, деді. Өзіңе кезек беріп түрдым, деді.

Асқақтап Аспараның боранындай,

Қамшыны оңды-солды ұрдың, деді.

Ашумен бола алмайсың ел иесі,

Оп-оңай білімдіге дау жүйесі.

Қебекбай, Қарабайлар әділ айт! деп,

Түсіп тұр екеумізге бар киесі.

Халықтың жаны таза, жазығы жоқ, Жастарға «қаш» деп айтқан жазымы жоқ. Қасқарауды қалайша басынасың,

Күйеуді үйге тастап, жасырғың кеп.

Күйеуді сен де алып кел, ерні жырық, Күйеусіз қыз берген кім сөзге тұрып? Сиқымбай, өз мініңді ойламастан, Салмақсың жылқымызға қайтып құрық?!

Сиқымбай, ерегіссең айтарым сол,

Қісінің бірі дейді ақылы мол.

Дулаттың терт үлы бар төрт тіреудей, Сайрап жатыр атамыз сап кеткен жол.

Ноғайбай бір сөзінен бір сөзі асып,

Бәсе! деді, көп халық жымыңдасып.

Сөздері Ноғайбайдың жүйе болып, Сиқымбай тұрып қалды сұры қашып.

Кебекбай:

Ел үшін туған болсаң екі шешен,

Ел алғысын алғандар болар көсем.

Бөтені жоқ төрт Дулат бір анадан,

Әділ болсаң жұрт тарар аман-есен.

Сыпатай үйде жатыр, құлақ түріп, Сиқымбайға сенген соң шүкір қылып. Қарабаймен қатарлас қариялар

Ноғайбайға тапсырып біз де тұрдық.

Екеуің ерегіссең – ел шайқалар,

Екпіндеп дауыл соқса көл шайқалар.

Қариялық айтпаған кезім бар ма,

Бітім қылсаң бақ-дәулет басқа қонар.

Ноғайбай Сиқымбайды қабылдады.

Қуанып қалың халық дабырлады.

Қол жайып екі шешен тұра келді, Жолдарың болсын деп жұрт жабырлады.

Бүкіл ел айтып жатыр алғыс сөзін.

Жылаған құдағилар жуды жүзін.

Ноғайбай Сиқымбайға «Сөйле!» деді,

Көрдің ғой, көпшіліктің құрған тезін.

Сиқымбай Ноғайбайға қарап тұрып:

Бітім қыл! деді оған мойын бұрып. Адалдықпен қайтарғын алған малды,

Түп-түгел бұзбай мүртын санап түрып.

Мақұл деп өткен малды есептесті.

Бітімнен қайтпаңдар, деп шыбық кесті. Байлары қайтыс болған екі әйел,

Алдына екі қалыс келіп түсті.

Берген ат, берген түйе тоғыз айып,

Найзамен түсіргендей жауды сайып. Аламанның жылқысын айдап келіп,

Көк ала биені алды құрық салып.

Кенебай, Кербез сұлу қырсық болды.

Желі үзіліп, сабасы торсық болды.

Ноғайбай түрлі өнерге салар еді,

Қазақтың ескі әдеті кесір болды.

Жайылды бүл уақиға оң мен солға

Ақ орда болып қалды қара қорда.

Кенебай, Кербез сұлу түссе қолға,

Құрбан қып шалар еді осы жолға.

Ботбайлар бітім қылып қайтып кетті,

Лағнат халықтар да айтып кетті.

Кенебай, Кербез сұлу табылмады,

Жылжып жыл, ай аяңдап үш жыл өтті.

Жастардың бұл қылығы елге мазақ,

Екеуін елден безген дейді кәззап.

Көп жұрттың надан кезі дінге уланған, Білмейді махаббаттың жайын қазақ.

Екі   жас  сол   қашқаннан   кете   берді. Өсегін елдің бәрі шерте берді.

Білмеді ұшты-күйлі қайда екенін,

Зымырап талай күн-түн өте берді.

Кетпесе Қарымбайдай жерге түсіп,

Кетпесе жын-шайтан боп аспанға ұшып. Туғандар, туысқандр, аға, інілер,

Табылса бауыздамақ қанын ішіп.

…Екеуі Аңырақайдан аттанады,

Адамға жоламасқа, сақтанады.

Іледен ат жүздіріп әрең өтіп,

Малайсары тауына бет алады.

Сар желіп, Сарыөзекті өрлеп өтіп, Ешкіөлмес, Текеліге жатты бекіп.

Күн бұрын азық-түлік қамдап алды,

Екі қоржын төрт басы толған ет қып.

Үш-төрт жыл Алтай тауын мекен етті.

Екі жас бірін-бірі медет етті.

Айрылып ел мен жерден жүрген кезде, Кербезге қас қылғандай құрсақ бітті.

Бүл қүрсақ екеуіне болды қайғы,

Жүргенде мекен қылып тау- тас, сайды.

Әрі ойлап, бері ойлап екі ғашық,

Қош айтысып Алтайдан енді тайды.

Екеуі атқа мінді ел табуға,

Түсінер мұң мен шерді ер табуға.

Қайтадан Текеліге үш күн түнеп,

Қонуға тура келді бір ауылға.

Шаңырақтан шығады от жарқылдап,

Ат дүбірге маң төбет тұр арсылдап. Маңындағы ақ үйдің мама ағашта

Томағалы бір бүркіт тұр шаңқылдап.

Кенебай ат үстінен «кім бар» деді, Қоңырлау дауыс үйден «біз бар» деді. «Құдайы қонақпыз», деп айтқан кезде,

«Түсіңіз, біз қонаққа құмар,» деді.

Ат сайлап, екі бала сәлемдесті,

Сылдырлап шашбаулы қыз есік ашты. Кенебай көпті көрген ырым қылды,

Кез болып адамдарға ықыласты.

«Төрлет!»деп бай-бәйбіше айтты қатар.

Жігітім, жүріпсіздер шегіп сапар.
Тоятын ішпей-жемей ниетіне,

Киіз үй, қара қазан аңқып жұпар.

Кісі екен қара сақал үй иесі,

Айтпай-ақ көрініп тұр әр жүйесі.

Шай ішіп, қызыл күрең терлеп, тепшіп, Бастады жөн сұраумен сөз жүйесі.

Асылып қазы-қарта соғым еті,

Аңсап жүрген табылып елдің шеті. Қоңырсып шоғы маздап қой жапасы,

Осы еді екі «қашқын» есіл-дерті.

-Ау, балам, біреуің – қыз, бірің – жігіт, Жүріпсің, қос қара ала ат парлап мініп. Алыстан ат арытып, тон тоздырып, Толтырып қос қоржынға азық-түлік.

Бүркіттей тоят алып, жүрген түзден, Адамды ауыл көрмей дала кезген.

Отырсыз дәмдес болып, құтты қонақ, Сырыңды жасырмайсың, енді бізден.

Кенебай:

Әз аға, айтпай таптың сырымызды, Таусылмас айта берсек шерімізді. Қайырымды адамға кез қылғай деп, Құдайдан тілеп едік күндіз-түні.

Арғы атам төрт Дулаттың Жанысы еді, Ауылымыз Алатауда, алыс еді.

Қасқарау деген ру алты болыс,

Арасы жақын, сүйем қарыс еді.

Немере қасымдағы қарындасым,

Ғашық боп қүдай бұзып, алып қаштым.

Қазаққа қоспас еді мұндай әдет,

Аңдай боп мекендедік таудың тасын.

Үш жылдай паналадық Алтай тауын, Адамзат болғандай-ақ ата жауым.

Ақылды енді, ағажан, таппасаңыз,

Ағайын бізді өлтірер, туған бауырым.

Кенебай, Кербез біздің аттарымыз,

Қадірлі, дәм-тұзыңды татқанымыз.

Мінекей, «көп сөз – көмір, аз сөз – алтын», Бар сырды осы сізге айтқанымыз.

Тілек осы, ағажан, қабылдаңыз,

Ел менен жерден безінген біз бір аңбыз. Отырмыз енді сізді пана тұтып,

Ағажан, аяп бізді жарылқаңыз!

Сақалын үй иесі алды тарап,

Кербез мен Кенебайға алды қарап:

Қарағым Дулат болсаң, біз Жалайыр,

Ар жағы ата-анадан Абақ, Тарақ.

Он екі ата Жалайыр ел болады,

Атақты Орақ деген ер болады.

Ескелді, Балпық деген билер өткен,

Төлеби, Өтегендер тең болады.

Бүларға тіл тигізген еркек, әйел

Дүниеде бас пен малдан кем болады.

Ноғайбай, Малдыбай мен Қарасайлар,

Әділ би, айтқан сөзі ем болады.

Бәріміз Бақтиярдың баласымыз,

Кенебай, айтқан сезің жөн болады.

Шырағым, Қази деген менің атым,

Баламмен дос болып жүр ниет жақын.

Біреуде нарық та жоқ, тарих та жоқ,

Ерекше ерлік қыпсың, азаматым.

Қазақтан басқа үлтқа үят емес,

Біле ме қара халық махаббаттың

Отқа түсер, су кешер машақатын?

Жайланып, жата бергін, күліп-ойнап,

Мен болдым өкіл әкең екі жарқын.

Мұндай іс азаматқа сын болады

Бақ тайса батыр түбі — жын болады.

Дулаттың көптігіне сан жетпейді,

Қариясы Қасқарау кім болады?

Кенебай өзі ақын тілге жүйрік,

Жатық жауап береді жырлап тұрып.

Ел мен жерден безген қиын екен,

Арашашы бол, деді, жылап тұрып.

Өзіңмен қайда барсаң бір жүрейін,

Құсыңа алтай түлкі ілдірейін.

Мен-дағы ит жүгіртіп, құс салушы ем, Өлеңші өнерімді білдірейін.

Қасқарау аз ел емес, алты болыс,

Күнгей мен теріскейді қылған қоныс. Дулаттың төрт баласы көпшілігі,

Сырымбет, Баба руы- бақ пен ырыс.

Жақсысы әр атаның көп болады,

Бірі бай, бірі батыр, бек болады.

Қарабай, Жайнақ батыр ақсақалы,

Айтқаны әділетті еп болады.

Сырымбеттен Ноғайбай озған ұзап,

Ауызына қарап тұр қырғыз, қазақ.

Ораздан Кебекбай бар әділ төре, Солтанкелді, Бөкендер аймағы аз-ақ.

Қази:

Кенебай, босап отыр жүйе-жүйем,

Қарыстан болады ғой, жақын сүйем. Сыпатай, Кебекбай мен Ноғайбайың, Жалайыр нағашысы, бізге жиен:

Сұрасаң менің атам Қарабалпық,

Атамның нағашысы Алтай-Қарпық.

Кенебай, Кербез балам, қорықпаңдар, Атаңды қара бура кетер тарпып.

Қазының сөзі әділ, өзі шешен,

Қадірлі Жалайырға батыр, көсем.

Кербездің айы жетіп, бір ұл туды,

Бақытты үйге кез боп аман-есен.

Кенебай көңіл тыныш жата берді.

Өлең айтып, көкпарды тарта берді.

Той қылып, өкіл бала, қыз Кербезге,

Дос болып қолын жайып бата берді.

Ежелден «ел құлағы — елу» деген,

Үш-төрт жыл Қенебайлар көрінбеген. «Шіріген жұмыртқа» деп қойған халық, Табылып енді қайта келу деген.

Бұл елде ұлан-асыр той болады,

Сол тойға жиналған ел көп болады.

Жетісу, жеті ояз, қырғыз, қазақ,

Үш жылда бас қосатын серт болады.

Аймағы Жетісудың – жеті дуан,

Найман мен Жалайырлар, Албан, Суан. Түрлі ел тұс-тұсынан келіп жатыр,

Күжілдеп болыс, билер құрып думан.

Қази би осы топқа келген екен,

Кенебай ақыны боп ерген екен.

Қасқараудан бұл топқа кім келсе де. Солармен бір тілдесіп көрмек екен.

Тай сойып Ногайбайды шақырады,

Сары қымыз мыс тегенге сапырады,

Көрсетіп сән-салтанат қонақтарға,

Көрісіп Ноғайбаймен отырады.

Әжібай бірге барған өрескел-ді,

Қатарға кіріп қалған жігіт кезі.

Кенебай мойнына шылбыр байлап,

Қусырып екі қолын көніп келді.

Нұқаңа сәлем беріп, бүгіледі,

Кенебай бір жанынан түңіледі.

– Өлтірсең өз қолыңнан арманым жоқ,

Міне! деп қылша мойнын жүгінеді.

Қази:

Ноғайбай, Абақ –  іні, Тарақ – аға,

Ноқта ағасы депті ғой ата-баба.

Төрт Дулат-Домалақ ана тұқымысың,

Кешірім беріңіздер бүл балаға.

Жиенжан, жол бересің Жалайырға,

Бұл болсын Қасқарауға тоқтам-тұлға.

Екеуі ел-жұртына жазықты боп,

Жүр екен аңдай қашып біздің қырда.

Кез болды маған Кербез, Кенебайың,

Бұларды айдап келген бір қүдайым.

Ескелді, Балпық бидің үрпағы едім,

Күнәсін кешкеніңді мен сұраймын.

Ноғайбай:

Қазеке, сөзіңізді екі қылман,

Мұндай іс кім сұрайды қыз бен ұлдан.

Қазақтың салтында жоқ бір іс болды,

Қарғысын алды бұлар кемпір-шалдан.

Қазеке, сіз айтқан соң кештік, деді.

Шылбырды мойындағы шештік, деді.

Кенені өзім бастап елге апарам,

Жатарсыз тілектес боп естіп, деді.

Қазекең алғыс айтып, бата берді,

«Аумин»   деп   сипады   сақалды   енді.

Жіберіп Кенебайды топ тарқамай,

Кербезді ап келуге қайтарды енді.

Кенебай кетті шауып күн-түн қатып,

Кербезге  болған   істің  бәрін  айтып.

Қоштасып, өкіл шеше, достарымен,

Үш күнде Кербезді алып келді қайтып.

Той тарқап, жоқ табылып елге жүрді,

Қордай мен Ырғайтыдай белге жүрді.

Ноғайбай Қази бимен қатар түзеп,

Бұлармен екі жігіт бірге жүрді.

Ауылға бір жігітті шаптырады,

Қасқарау Ноғайбайға тақ түрады.

Қарабай, Кебекбайға хабар қылып,

Шабарман ойға қырға шапқылады.

Үй тігіп Жамантының сағасына,

Сүйінші айтып ана, ағасына.

Туысқан, туғандарды түгел жиды,

Қалмас үшін ағайын табасына.

« Ау, жұртым!

Анам – Домалақ, атам – Дулат,

Үйірден құтылмайды, асау тулап.

Қази би қадірменді кеш деп, келді,

Осынша қалың елдің басын құрап.

Алыста Жалайырдан келіп отыр,

Ордасын Аламанның көріп отыр.

Кербез бен Кенебайға өкіл ата,

Ертіп кеп, жоқты тауып беріп отыр.

Тентектер бола беред ел ішінде,

Қол сынса көрінбейді жең ішінде.

Кебекең, Қаракең де қой, деп отыр,

Көпшілік келу керек келісімге.

Ноқаңның бәтуалы болды сөзі,

Айтқаны екі болмай түрған кезі.

Ашулы Аламанның жігіттері

«Қойдық» деп бата алды жылап өзі.

Өз қолын өзі батып кесе алмады,

Бауырлас кекіл кесіп кете алмады.

Салпы етек, сабау қамшы өсекшілер,

Ел-жүрттың бірлігінен өте алмады.

Кенебай, Кербез елге араласты,

Күрсініп туыстары төкті жасты.

Анасы аңырап-боздап Кербезіне,

Құшақтап бетін сүйіп, мауқын басты.

Қази би үш күн жатып, елге қайтты,

Халыққа разы болып алғыс айтты.

Асыл тон, ат мінгізіп, түйе сыйлап,

Жолдасына ат беріп, шапан жапты.

Қази би Кебекбаймен қүшақтасып,

Қоштасты, төстеріне төсін басып.

Қүрметтеп Ноғайбайлар нағашым деп

Шығарды түстік жерге жолдастасып.

Қази би бата беріп Ноғайбайға,

Найманбай аруақ қонған Малдыбайға,

Бетке алып Алтай тауын жүріп кетті,

Көрсеткен риза боп қонақ-жайға.

Кенебай, Кербез сүлу елге келіп,

Кір жуып, кіндік кескен жерге келіп,

Екеуі он шақты жыл дәурен сүрді.

Балалы-шағалы боп ойнап, күліп.

…Бір түні Кербез сұлу ұшып түрып,

Мойнынан Қенебайдың құшып түрып,

«Ғашығым ақиретте көрелік», деп,

Амал не, ажал жетті, кетті жүріп.

Баланың атын қойған Текелі деп,

Туған соң Текелі тау мекені деп.

Сол үлы он жасында қайтыс бопты,

Болжапты кім оны ерте өтеді деп.

Қенебайдың зары:

Кеттің   бе,   тастап   мені,   Кербезім-ай!

Сен үшін ел-жүртымнан безгенім-ай!

Қалмады тым болмаса Текелі де,

Амал не, ағып түсті-ау, қос көзім-ай!

Әлемнен алып қашқан нұр қызым-ай!

Серттескен лебізіңнен бір бұзылмай,

Мен үшін ата-анадан безіп едің,

Қол жетпес аспандағы жүлдызым-ай!

Өтермін өлгенімше жырлай-жырлай,

Секілді егіз қозы сыңарым-ай!

Қош болғын, асыл ару Кербез сұлу,

Сен үшін маған қарыз айтып жүру.

Артынан арыстандай күңіреніп,

Жүрермін арам болып ойнап-күлу.

Аңдай боп араладық тау биігін,

Ақылды әйелдегі кер миығым.

Өтермін өлгенімше жырлап сені,

Арылмас ажал алмай шер-күйігім.

Шолпандай жалт-жұлт еткен екі көзің,

Кетпейді көкейімнен айтқан сөзің.

Ұмытылмас сағат сайын сағынышым,

Шаршасам болар қуат өр мінезің.

…Кенебай осылай деп жырлаушы еді,

Кәрі-жас таңдай қағып тыңдаушы еді.

Жас дәурен, қызық дәурен қызығымен,

Алыстан бізге қолын бұлғаушы еді.

Кенебай Әзірбайға көп келетін,

«Кененің  ақын  бопты»   деп  келетін.

Екеуі  бастан  кешкен  әңгіме  айтып,

Мінезі бір-біріне дөп келетін.

Кенебай қазақ-қырғызды аралайтын,

Еш сері оған ермей қала алмайтын.

Өрт еді, болат еді тіліп түсер,

Бай-манап ажарына қарамайтын.

1936